Accessibility links

Рахат Әлиевке қарсы қозғалған тағы бір тергеу ісі сотқа тапсырылмақ


Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, Австриядағы бұрынғы елші Рахат Әлиев пен оның екі сыбайласы - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы генерал Әлнұр Мұсаев және кәсіпкер Сергей Маневичке қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеуді аяқтап Бас прокуратураға жолдады. Аталған үш адамға Қазақстан қылмыстық кодексінің 235 бабы бойынша «Ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған жетекшілік етті» деген айып тағылып отыр.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті осы жылдың күз айында Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевке, генерал Әлнұр Мұсаевқа және кәсіпкер Сергей Маневичке қарсы қозғалған қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Олардың ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған жетекшілік етуімен қатар өзге де аса ауыр қылмыс жасағандары дәлелденді деген тергеу қортындысы бойынша ол үшеуіне Қазақстан қылмыстық кодексінің 235 бабы бойынша айып тағылды. Айыпталған азаматтар Қазақстан аумағынан тыс жерде болғандықтан оларға қылмыстық іс материалдарымен танысу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астанадағы департаментіне келу жөнінде ескертпелер жіберілген. Сонымен қатар айыпталушыларға қылмыстық іс материалдарымен өз қорғаушылары арқылы танысуға болатындығы ескертілген. Алайда шет елде бой тасалап жүрген айыпталушылар бұл ескертпелерді елемегендіктен, олар сырттай айыпталып отыр. Бұл мәселеге орай сейсенбі күні «Азаттық» радиосына түсініктеме берген Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров:

«Біз істі бас прокуратураға тапсырамыз. Олар қарап, сотқа жолдайтын болады», - деді.

Айыпталған үшеудің бірі - кәсіпкер Сергей Маневичке үстіміздегі жылы қылмыстық іс қозғалғаны жайлы ақпараттар тараған болатын. Мұны адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис те растады. Алайда Евгений Жовтис: «Қылмыстық қозғалғаны ақпарат құралдарында аз-маз жазылғанымен істің не үшін қозғалғаны жұмбақ күйінде қалып, еш жерде айтылмады», дейді.

Ал дәл қазіргі уақытта Алматының Алмалы аудандық сотында «Нұрбанктің» топ-менеджерлерінің ұрлануына қатысты қаралып жатқан қылмыстық істе зардап шегуші Армангүл Қапашеваның қоғамдық қорғаушысы Маржан Аспандиярова:

«Егер Қазақстанда адам құқығы сақталатын болса тергеу органдары бұрынғы елші Рахат Әлиевтің барлық қылмыстарына жан-жақты тергеу жүргізіп ашуы тиіс. Ал екі айдан бері қаралып жатқан сот жайында айтсам, сот процесі аяқталуға жақын қалды. Сот қылмыстық істің материалдарын жария етуге көшті. Сот аяқталайын десе де, негізгі куәгерлер – Нұрәлі Әлиев, Мұқтар Әлиев, Дариға Назарбаева, Владимир Курбатов, Виктор Ермак, ІІД мен қаржы полициясының кейбір қызметкерлері, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Виктор Долженков сұралмай қалды. Оларды сотқа шақыру туралы айтқанымызбен сот оған мән бермеді. Осыдан кейін біздің көңілімізге заң орындарының бұл істі толық қарағысы келе ме, жоқ па деген күдік келеді. Сондықтан басқа қылмыстық істерге байланысты қылмыстық іс қозғағаннан кейін аяғына дейін тексерілсе, жан-жақты қаралса, туыстық жақындығына, лауазымына қарамай жауапқа тартылса, онда басқа жағдай болар еді. Бұл бір жағынан көзбояушылық сияқты көрінеді. Екінші жағынан – сот процесі өте күрделі. Қазір 26 адам жауапқа тартылып отыр. Сол 26 адамның өмірі бұзылды деген сөз. Сол жағынан қарағанда бұл сотты жасанды сот деп айтуға да келмейді», - дейді.

Ал өзге саясаткерлерде қоғамы назарын аударып отырған Рахат Әлиев ісі әділ қаралса деген пікір айтады. Солардың бірі саясаткер Әміржан Қосанов:

«Рахат Әлиев пен оның маңайындағылар туралы әртүрлі алып-қашпа әңгімелерге негіздемелер мен деректер жеткілікті болса қылмыстық іс қозғалу керек. Мәселен, Қазақстан барлық мүмкіндігі бола отырып, сол сотқа Рахат Әлиевті, Әлнұр Мұсаевты және басқа да адамдарды неге алып келіп қатыстырмайды? Неге олар халық алдында өзінің дәлелдерін келтірмейді? Сондықтан істің ақ-қарасы ашылу керек.», - дейді.
XS
SM
MD
LG