Accessibility links

Көкшетау қаласының тұрғыны Қадыржан Темірғалиев 1987 жылғы желтоқсан айында кеңес әскерінің қатарында Ауғаныстанға алғаш кіргенде өзі көріп, куә болған соғыс жайында


- Мен осыдан 20 жыл бұрын совет әскерінің қатарында Ауғаныстанға бардым. Ол уақытта бізге Ауғаныстанға баратынымызды айтқан жоқ. Әуелі Панфилов қаласында дайындады, содан кейін Бішкекке апарып, сол жерде үстімізге азаматтық киім кигізіп, қолымызға бір-бір шамадан ұстатты. Содан желтоқсанның жаңбырлы, суық бір түні сағат 3-кезінде Тәшкендегі аэродромнан Ил-76 ұшағына отырғызды да, Ауғаныстан астанасы Кабулдан бір-ақ шықтық. Онда бір жеті жатқан соң бізді анда-мында бөле бастады. Жанымда Қызылорданың екі жігітімен үшеумізді Гератқа жіберді. Оның шетінде, кезінде немістер салған «Герат» деген мейманхана болған еді, мүмкін әлі бар шығар. Біздің міндетіміз сондағы кеңес армиясының 100-ге жуық офицерін күзету, ал біздің сыртымызда Ауғаныстан армиясы күзетті. Жанымызда 40-шы армияның бір бөлімшесі болды.

Гератта бас-аяғы бір жыл болдым. Ал сол Ауған жерінде не үшін соғыс болып жатқанын ол кезде мен білмедім. Әйтеуір, сол кездегі біздің үкіметтің шешімі бойынша сонда жүргенімізді ғана білетінбіз. Ал оның саяси мазмұнын, басқа жақтарын бізге ешкім түсіндіріп жатпады. Тек офицерлер бізге: «қаңғыған оқтың астына кіре бермеңдер» деген ескерту айтатын. Біз қызмет еткен корпус командирінің тыл жөніндегі орынбасарының полковник шеніндегі бір кеңесшісінің маған айтқаны әлі есімде: «Сендер осыдан өз ата-аналарыңа аман-есен оралсаңдар, сол сендердің интернационалдық борыштарыңның өтелгені» деп.

Жергілікті халықтың бәрі бізге қарсы. «Душман ас?», яғни «душман бар ма?» деп сұрасақ олар біздің өзімізге саусағын шошайтып «сендер - душмансыңдар» деп жауап беретін. Негізі о баста ауған халқы кеңес әскері сол елге алғаш кіргенде «шурави», яғни «жолдас» деп қарсы алған. Бірақ, кейіннен небір қантөгіс оқиғалар болған ғой, мәселен, жер-көктен атқылап тұтас бір қышлақты тып-типыл еткен оқиғалар болғасын олар бізге жауығып кетті, біз оларға «душман» болдық.

Соғысты үлкен саясат бастайды да, зардабын қатардағы халық тартады ғой. Ал совет өкіметінің Ауғаныстандағы саясаты - оккупация болғаны кейін ашық айтыла бастады ғой. Осылайша үкімет басындағылардың саясаттағы қателіктері қаншама адамды құрбан етті – қаншама совет әскері, Ауғаныстанның бейбіт халқы тектен текке қырылды десеңізші! Әлгі, қазақ айтпақшы, «екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» кері болды онда. Бір елге өзге бір ел баса-көктеп кіріп, бір-бірін қырып-жоюға болмайды екен. Үкімет басында отырғандар осының барлығын ойлап, ақылмен істеуі керек.
XS
SM
MD
LG