Accessibility links

Қостанай аймақтық «Қазақ тілі» қоғамының жетекшісі Сағындық Орынтаев облыстағы мемлекеттік тілге қатысты


- 1990 жылдары біз «Қазақ тілі» қоғамын құрып, жұмысты бастадық. Сол кездерде Қостанай қаласында 7,8 пайыз қазақ бар еді, яғни 100 адамның 8-і қазақ болатын. Бірақ, солардың жартысы «шалақазақ» еді. Қалада қазақ мектебінен тек жалғыз ғана Ы.Алтынсарин атындағы облыстық мектеп-интернатта негізінен алыс аудандардағы қойшылардың балалары, жетім балалар білім алатын. Ол кезде совет үкіметінің бар кезі, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінде Күмісжан есімді қарындасымыз республикада қазақ тілін дамытуға арналған бағдарлама әзірлегенде 2000 жылы елде іс қағаздарын жүргізу түгелдей қазақ тіліне көшеді деп енгізген-ді. Бірақ, олай емес екен. Бүгінгі жағдай, әрине ол кезбен салыстырғанда, жер мен көктей.

Біздің Қостанай облысында «Асыл мұра» деген тіл туралы бағдарламасы бар. Ол бойынша біздің Қостанай облысындағы мемлекеттік орындар іс қағазын түгелдей қазақ тілінде жүргізуі керек деп жазылды. Бірақ, менің айтарым, әлі көңілдегідей емес. Міне, бізде қазір қазақ тілінде мектептер, бала бақшалар бар, соларға балаларын берген зиялы деген азаматтарымыз кейін сол мектептерде оқу сапасы нашар деп, балаларын қайтадан орыс тіліндегі мектептерге ауыстырып алды. Сосын, олардың миына әлгі совет заманындағы идеология әбден сіңіп қалған, үйінде тек қана орыс тілінде сөйлейді. Ал енді оған керісінше, біздегі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университеттің қазақ филология факультетінде, басқадай жерлерде қазақ тілінде өтетін әртүрлі шараларға қатысып жүрген басқа ұлттың өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы байқалады.

Менің түсінігімде, іс қағаздарын қазақшалағанда, қалалық, ауылдық әкімиятта отырған адамдар қаулы-қарарлардың барлығын екі тілде жазулары керек. Бірақ, шындығында олай емес – жауапты қызметкерлер құжаттарды орыс тілінде жазады да, ауылды жерден ауданға, ауданнан облысқа берген есеп-мәліметтерінде «бізде іс қағаздары қазақ тілінде жүргізіліп жатыр» деп айтады. Ол, әрине, көзбояушылық.

Бізде қазір қызметкерлері қолақпандай ақша алып отырған мемлекеттік орган – тіл басқармасы бар. Оның бірінші басшысы қазақ тілін білетін өзіміздің азамат, бірақ соның өзі тіл мәселесіне қатысты әртүрлі жиындарда орыс тілінде сөйлеген кезде мен шыдамай: «оу, айналайын, біз қалай жұртты мемлекеттік тілге үйретпекпіз, егер сенің өзің ол тілге осылай қарап отырсаң» деп айтып тастап, содан оларға жеккөрінішті боп, жақпай жүрген жайымыз да бар.

Қаланың басшылары мен орынбасарлары баяндама жасағанда алғашқы бір-екі жолын ғана қазақ тілінде бастайды да, қалғанын сыдыртып орысша желіп кетеді. 100 пайыз қазақ болып кеттік деп айта алмаймын.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG