Accessibility links

Қазақстанның салық органы халыққа қызмет көрсететін жаңа орталығын іске қосты


Астанада қаржы министрлігінің ішінде қаңтардың 9 күні, елде тұңғыш рет, АҚШ үлгісімен азаматтарға салық жөнінде тегін анықтама, кеңес беретін телефон орталығы ашылды. Осы салада Қазақстан дамыған 50 елге қосылды дейді жоба авторлары. Бірақ, әзірге миллионнан асатын Қазақстанның барлық жеке кәсіпкерлерінің сұрақтарына тек 5 оператор жауап береді, оның өзінде ақпарат көбінесе тек ресми тілде беріледі. Және операторлар салықты заңды түрде қалай ықшамдауға болады деген сұраққа жауап бермейміз деп отыр.

Астананың 7172 телефон кодынан кейін 580909 нөмірін теріп арнайы қызмет орталығына телефон шалған кез келген адамға салық жөнінде тегін кеңес беріледі.

Астаналық кәсіпкер Әсел Исабекованың айтуынша, енді кейбір шолақ жақтары жөнделсе осы орталық арқылы салық жөнінде кеңес алу оңайға түседі:

- Астананың Алматы ауданындағы салық комитетіне барам. Кабинеттеріне кіргенде ылғи кезек тұрады, дұрыс жауап бермейді, қысқа береді, дұрыс түсіне алмаймын. Сол жағынан мына жаңа орталықтың ашылғаны жақсы. Бірақ, көп сұраққа жауап бермейді. Сосын басқа қалалардан кәсіпкерлер соғу үшін телефонға ақшасы шығады. Сосын 09 анықтама телефонын ала алмаймыз, сол сияқты мұнда да проблемалар болады деп ойлаймын.

Былтыр салық комитетіне салық жөнінде сұрақтар жазылған 120 мың хат түскен. Салық төлеушілердің көбі қажетті ақпаратты білмейді. Сондықтан осы уақытқа дейін кәсіпкерлер ақпаратты әр жерден жинап, түрлі, тіпті бір-біріне қайшы келетін мәлімет алып келген, дейді салық комитетінің өкілдері. Осы олқылықты жою үшін осы арнайы қызмет орталығы ашылды деп отыр Қаржы минстрлігінің салық комитеті төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов:

- Проблемалар бар. Жеке тұлғалар кеңес алу үшін кезекте тұратын. Енді үйде отырып телефон шалып сұрақтарына жауап ала алады.

Әзірге жаңа телефон орталығы тек астаналықтар үшін тегін ақпарат береді. Өзге қалалардан соққандар қалааралық байланыс үшін «Қазақтелеком» компаниясына қаржы төлеуі керек. Қаржы вице-министрі Дәулет Ерғожиннің айтуынша, бұл мәселе көп ұзамай шешілуге тиіс:

- Облыстан звондаса салық төлеушілер өздері төлейді. Бірақ, біз қазір экономика министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз 2010 жылдан бастап қаржы бөлінсін деп.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда бизнес субъектілерін есептемегенде тек жеке тұлғалардың саны 700 мыңнан асады. Оның ішінде 150 адам Астанада. Ал қызмет орталығында әзірге тек 5 оператор жұмыс істеп отыр. Республикалық Салық комитеті төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақовтың айтуынша бұл уақытша ғана:

- 2010 жылға дейін 5 адам істейді, сосын 20 адамға жеткіземіз.

Тағы бір проблема - бұл орталықта жұмыс істейтін операторлардың тек біреуі ғана мемлекеттік тілде ақпарат беруге келісті. Қаржы вице-министрі Дәулет Ерғожиннің айтуынша, әрі тіл білетін, әрі салық заңдарын білетін маман тапшы екен:

- Қазақша сөйлейтін салық комитетінен адам табу қиын. Сауат аз, оны көтеру керек.

Алғашқы кезде жеке кәсіпкерлерге жоғарыда аталған сұрақтардың сыртында зейнетақы және әлеуметтік төлемдер туралы ақпарат алуға болады. Оның сыртында салық декларациялары бойынша сұрақ қоюға болады. Бірақ, Қаржы министрлігі салық комитетінің төрағасы Нұрлан Рахметовтың ресми тілде берген жауабына қарағанда, операторлар салықты заңды түрде қалай ықшамдауға болады деген сұраққа жауап бермейді. Мұндай кеңес беру біздің функция емес, дейді ол.

Қызмет көрсету орталығы түскі үзіліссіз, таңғы тоғыздан кешкі жетіге дейін жұмыс істейді, ал аптаның сенбі мен жексенбісі демалыс күндері деп белгіленген.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG