Accessibility links

Қазақстан президенті өзі басқаратын «Нұр Отан» партиясын жемқор шенеуніктерден аластауға шақырды


Астанада қаңтардың 17 күні «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия көсемі - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шенеуніктер арасындағы және құқық органдарындағы парақор-жемқорларды ашық әшкерелеуге шақырды. Елдегі кәсіпкерлер қауымдастығының басшылығы болса тіпті жемқорлық жасады деп сотталған шенеуніктерге шара қолданылмайды деп отыр.

Билеуші партияның бұл жолғы отырысының күн тәртібінде бір-ақ тақырып - халықтың жағдайын жақсарту. Президент Назарбаев осы мақсатқа жету үшін партияластарына бірнеше тапсырма берді. Негізгі тапсырмалардың ішінде жемқорлықпен күрес.

«Әртүрлі деңгейдегі кейбір мемлекеттік қызметкерлер қызмет бабымен өз бизнесін бірге жасап жақсы орналасып алған. Олардың ішінде «Нұр Отан» партиясының мүшелері де бар. Біз білмейді деп ойламаңдар», - деді президент Назарбаев.

Бірақ, президент жемқорлыққа қатысы бар жоғары лауазымды шенеуніктердің есімін атамады. Бір партиялық парламент депутаты Нұртай Сабилянов жемқорлықпен күресу үшін ашықтық керек дейді. Ал, «Атамекен» кәсіпкерлер одағының төрағасы Азат Перуашев бұл жұмыс әлі басталмағанын айтады.

Кәсіпкерлер шағымданып барған Қазақстан президенті әкімшілігі төрағасының орынбасары Оңалсын Жұмабеков болса жемқорлық оқиғасына тек пара алатындар ғана емес, пара беретіндер де кінәлі деп отыр.

Президент Назарбаевтың келесі тапсырмасы - «Нұр Отан» партиясының қатарына жастарды тарту. Кейбір бақылаушылар, президенттің бұл тапсырмасын қазіргі үкіметке деген сенімсіздіктен туындаған деп отыр.

«Маған министрліктер мен ведомстволарда жұмыс істеп жүрген, мүмкін «Болашақ» стипендиясымен бітірген түлектер арасынан, 200-300 жас адамды дайындап, ең жоғарғы басқару қызметтеріне тағайындау керек деген ой келіп жүр», - деді президент.

Бұл идеяны Парламент депутаты Нұртай Сабилянов құптап отыр. Ал, орта буын жасынан асқан президент әкімшілігі төрағасының орынбасары Оңалсын Жұмабеков болса басшыларды толығымен жастармен айырбастау дұрыс емес деген пікірін жеткізді.

Президент Назарбаевтың өзі басқаратын партияға берген келесі тапсырмасы - экстремизммен күрес мәселесі. Сарапшылардың айтуынша, экстремистер халықтың әл-ауқаты нашарлаған кезде пайда болады. Президент Назарбаев айтып өткендей, Қазақстанда мемлекет - діннен бөлек.

«Бірақ, бұл елдің түрлі діни қозғалыстардың қоқысына айналуы деген сөз емес. Бүгінде елде 10 мыңдаған түрлі миссионерлік ұйымдар жұмыс істеп жатыр. Біз олардың мақсаттарын білмейміз. Және елге қажеті жоқ бостандыққа жол бермеуіміз керек», - деді президент.

Осылайша халықтың жағдайын жақсартуға арналған жиында бірнеше тапсырма берілді. Вице-премьер Өмірзақ Шүкеевтің айтуынша, жаңа 2008 жылы елдегі орташа еңбекақы 55 мың теңгеге дейін көтеріледі. Жәрдемақылар көлемі екі есеге өседі. Ең төменгі зейнетақы 4 мың теңгеге артады. Және перзент туған аналарға берілетін бір мәртелік жәрдемақы көлемі қазіргі 13 мың теңгеден 35 мың теңгеге дейін өседі.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG