Accessibility links

Ақтөбелік журналист Баян Сәрсембина аймақтағы журналистиканың проблемалары жайлы пікірін білдіреді


- Аймақтық журналистиканың ең бірінші проблемасы – журналистік мектептің жоқтығы. Егер кәсіби журналист болмасаң сенімен ешкім де санаспайды, себебі сөзің өтімді болуы үшін сенің сауатың мықты болуы керек, қазіргі заманның тынысын біле білуің керек. Міне осылар біздегі жергілікті журналистикада әлі жетіспейді.

Қазір билік пен бизнестің өзі бірігіп кетті ғой. Билікке мемлекеттік басылымдардың журналистерімен жұмыс істеу өте ыңғайлы, себебі оларға тұр десе тұрып, отыр десе отыратын журналистер керек. Ал өзіндік пікірі бар, өзіндік көзқарасы бар журналист оларға қажет емес, өйткені қазір аймақтар орталықтан оқшауланған сайын бұларға тек өздерінің сөзін өткізетін журналистер керек.

Ал журналист – қоғамның үні, қоғам қандай екенін журналистиканың деңгейінен соны байқауға болады. Соңғы екі жылда журналистика тоқырап кетті. Біздегі, Ақтөбедегі жағдайды айтар болсақ, билік тарапынан ашық қысым көрсетіліп жатқан жоқ. Мына қазіргі облыс әкімі Елеусін Сағындықов барлық журналистермен бірдей болуға тырысады сырттай қарағанда, бірақ негізі мемлекеттік басылымдардың журналистеріне көбірек жақын.

Біз қазір өзі қандай қоғам құрып жатырмыз деген мәселе туады бұл арада. Әлде кешегі кеңестік билік кезіндегі партиялық-номенклатуралық жүйеге көшіп келеміз бе, не болмаса нарыққа ма? Нарыққа дейін десең, қазір журналистер, әсіресе жергілікті жерлерде басылып қалды. Жергілікті журналистер тек қана ұсақ-түйекті айтатын боп кетті. Ұсақ-түйек дейтінім, журналист деген кішкене нәрсенің өзінен қоғамдық мәселе көтере білуі керек қой. Ал біздегі журналистер ондай мәселені көре алмай отыр, мына жерде газ жарылды, мына жерде құбыр жарылды деп шолақ айтады, ал оның түпкі мәніне үңіліп қарамайды – неге сол жүйе дұрыс жұмыс істемей жатыр, неге адамдарға соншалықты қиындық келіп жатыр деген сауал қойып, мәселенің төркінін зерттеп, қазбаламай, атүсті айтатын үстірт журналистика етек алып барады.

Сол үстірт журналистика қазіргі біздің жергілікті журналистиканың басында орнығуына объективті себептер - жаңағы айтып кеткендей – бізде мектептің жоқтығы, тәуелсіз ойдың болмауы, ізденушіліктің аздығынан туындайды. Ал субъективті себептеріне келсек, кез-келген демократиялық қоғамды алып қарар болсақ, еркін нарық жағдайында журналистердің өз ішінде бір-бірімен бәсекелестік болады. Ондай бәсекелестік бізде жойылып кетті, тек әйтеуір күнделікті ана-мынаны ғана көретін журналистер пайда болды, ал бұл - өте қауіпті нәрсе. Бұл – басты проблема.

Сондықтан да, бұл арада журналистердің кәсіби шеберлігін дамыту - бірінші кезектегі мәселе. Жалпы Қазақстан жағдайында екінші бір басты проблема – ақпарат құралдары өкілдерінің, журналистердің өз қожайындарына басыбайлы тәуелділігі. Сен қазір қожайынға ұнамай қалдың ба, бітті – ол сені қуып жібереді. Ондай жағдайлар көп болып жатыр. Мықты журналист екенің, сенің еңбек сіңіргенің қазір қажеті де жоқ. Сондықтан да, ақпарат құралының қожайынына ұнауың үшін, ол не айтса да соны істеуіңе тура келіп тұр. Яғни, бұл арада журналист ретінде дербес құқығың жоқ, өз проблемаңды айта алмайсың, өзгелермен біріге алмайсың – сені ешкім қолдамайды. Міне, біздегі журналистердің басындағы осындай жағдай қазірге билікке ыңғайлы боп тұр.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG