Accessibility links

Әлемдегі қаржы базарлары неге дүрлігіп жатыр?


Әлемдік қор биржаларындағы ахуалға қарасақ дүниежүзілік экономика қандай да бір сілкіністің алдында тұрғандай. Сарапшылар АҚШ экономикасына қатысты рецессия дегенді көп айта бастады. Осы рецессия келесі әлемдік экономикалық дағдарысты тудыруы мүмкін деген де болжамдар бар.

«Рецессия» деген сөз латыншадан «артқа шегініс» дегенді білдіреді. Ал экономикада оның омақаса құламаса да, «бірқалыпты түрде экономикалық өсімнің төмендеуі, ішкі жалпы өнімнің ұзақ уақыт бойы азаюы» дегенді білдіреді екен. Сонымен қатар рецессия деген «өндірістің құлдырап, кәсіпорындардың банкротқа ұшырап, жұмыссыздықтың күрт өсуі сияқты, тағы да басқа экономикалық құбылыстарды да тудырады» деп айтылыпты анықтамалықтарда.

Алматыдағы Тұрар Рысқұлов атындағы экономикалық университеттің профессоры Әнуар Шелекбай мырза бұл сөздің мағынасын былайша түсіндіреді:

«Рецессия - өсу жоқ деген сөз, тұрып қалу, дамуы жоқ деген сөз. Мынау АҚШ-та ипотекалық несиелердің қайтпауына байланысты тоқтап қалды ғой. Сондықтан АҚШ пен Еуропа мемлекеттерінің біразы рецессияға түсіп қалды. Өсу жоқ деген сөз. Сондай жағдай бұрындары да боп тұрған. Тоқтап қалу, сосын қайтадан көтеріледі. Оны дағдарыс деп айтуға болмайды. Бірақ экономиканың тоқтап, тұрып қалуы».

Сөйтіп, капиталистік дәуірді енді бастаған Қазақстан жұртшылығының «банкрот», «дефолт» деген сөздерге құлағы енді үйреніп келе жатқанда «рецессия» деген нәрсе шықты. Қазақстан қаржыгерлері болсын, билік басындағылар болсын бұл сөзді әлі Қазақстан экономикасына қатысты ашық айтқан да жоқ. Бірақ осы сөзді АҚШ федералды қор жүйесінің басшысы Бен Бернанке конгрес мүшелерінің алдында айтуы мұң екен, әлем қор биржаларында дүрбелең басталды да кетті. Көптеген компаниялардың акциялары арзандап, тіпті АҚШ-тың өзінің экономикалық жағдайын сипаттайтын Доу Жонс (Dow Jones) көрсеткіші талай жылдан бері бірнеше пайызға төмендеді. Рас, АҚШ федералды қор жүйесінің басшысы бұл сөзді конгрес алдындағы есепті баяндамасында айтпаса да, конгресмен сұрақтарына жауап беру барысында ғана, екі рет, «қор жүйесі биыл рецессия орын алады деп есептемейді» дей келіп, «дегенмен федералды қор жүйесі мүмкін боларлық рецессияға қарсы шаралар қарастырып жатыр» деп қана айтты.

Бен Бернанке мырза өз сөзінде «2008 жылы АҚШ экономикасында рецессия емес, бәсеңсу орын алар, десе де, алдағы ұзақ уақытта құлдырау да болуы мүмкін» деп атап кетті. Жалпы АҚШ-та 2007 жылы рецессия нышандары құрылыс саласындағы дағдарыстан байқала бастаған. Нәтижесінде құрылыс нысандарымен бекітілген құнды қағаздарға салым салушылар көптеген шығынға батып, ал бұл құбылыс «ипотекалық дағдарыс» деген атқа ие болған еді.

Қазір АҚШ бюджетінің дефициті 160 миллиард доллар шамасында екен. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қазақстанның жылдық ішкі жалпы өнімі былтыр 100 миллиард доллар шамасында болды. Ал АҚШ-тағы белді дейтін Citigroup банкінің биылғы бірінші тоқсандағы шығыны 10 миллиард долларға шамалас бопты. Жүз тоқсан алты жылдық тарихында бұл банк алғаш рет он сегіз миллиард доллар тұратын активтерді «жоюға», яғни кешіруге мәжбүр бопты. 2007 жылдың күзінде 40 доллар тұратын Citigroup банкінің құнды қағаздары биыл 28 долларға дейін арзандапты. Осы жағдайдардың бәрін қорыта келіп көптеген экономистер АҚШ экономикасындағы тоқырау нышандары әлемдік қаржы дағдарысына әкеп соғуы мүмкін деген алаңдаушылығы барлығын айтады.

«Әлемдік дағдарыс басталды. Ол АҚШ-тан басталды, бірақ ол барлық әлемде осындай дағдарыс басталды дегенді білдірмейді. Қазір біздің Қазақстанда дағдарыстың алғы шарттары ғана, нышандары бар. Оған мысал - бағалардың қымбаттауы, ақшаның құнсыздануы, халықтың тұрмысының нашарлауы, мынау инфляцияның өсуі – осылардың барлығы дағдарыстың алғы шарттары. Ал дүниежүзілік дағдарыс бірден келе қоймайды. Осылай ақырын-ақырын әсер етіп, кейін бүкіл әлемге тарайды», - дейді академик, экономист ғалым Сағындык Сатыбалдин.

Рецессияның жаңғырығы қаңтардың ортасында Ресейге де келіп жетті. Ресейдегі негізгі қор сауда алаңындағы РТС және ММВБ индекстері бір күннің ішінде бес пайыздайға құлапты.

АҚШ пен Еуропаның қор базарларындағы жаппай арзандау Азияның қор базарын да шарпып жатыр. Мысалы, Гонконг қор базарының Hang Seng көрсеткіші бірден бес пайздан артық көрсеткішке құлдырапты. Bloomberg агенттігі индекстердің мұндай құлдырауы 2001 жылғы қыркүйек оқиғасынан кейін болмаған дейді.
XS
SM
MD
LG