Accessibility links

Қазақстанда шикі мұнай мен мұнай өнімдерінің экспортына кедендік баж алымы енгізілуі мүмкін


Астанада қаңтардың 29 күні өткен үкімет отырысында энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев осындай ұсыныс жасады. Ондай бастамаға премьер-министр К.Мәсімов қолдау танытты. Бірақ, министрдің айтуынша, мұнай компаниялары өнім бөлісі жөніндегі келісімге сәйкес салық өзгермеуі керек дегенді алға тартып, бұл ұсынысқа қарсылық білдірген.

Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев егерде шикі мұнай мен мұнай өнімдерінің экспортына кедендік баж алымы енгізілсе, онда ішкі базардағы бағалар сол төлем көлемінен төмен болады деп отыр. Министрдің айтуынша, Қазақстанда мұнай өнімдері базары ашық емес, компаниялар мұнай өнімдерін өзге құрылымдармен өзара келісімге келіп сатуға тырысады, арада делдалдар жұмыс істейді. Сондықтан Қазақстан, мұнай өндіретін ел болғанына қарамастан, жоғары октанды бензин маркаларын және авиакеросинды әлемдік бағамен алады. Министр Мыңбаевтың айтуынша, дизельді отынның мөлшерден артық мемлекетті материалдық резерві де құрылмаған.

«Алайда қарапайым жұртшылық қолданатын мазут, дизель отыны және төмен октанды А-80 маркалі бензинің бағасын арзан жасауға болады, ол үшін экспорттық кеден баж алымын енгізуді ұсындық», - дейді министр Мыңбаев.

Министр Мыңбаев төлемді тек келісімдерде салық тұрақтылығының кепілдігі ескерілмеген компанияларға салуды ұсынады. Министрдің мәліметінше, көптеген контрактілерде отандық мұнай өңдеу зауыттарына мұнай беру мәселесі жазылмаған.

«Сондықтан мұнай компаниялары түсініктеме сұрап отыр. Және еркін экономикалық аймақ құру жөніндегі келісім жасалған елдерден де мұндай төлем алуға болмайды. Оның сыртында Солтүстік Каспий консорциум қатысушыларымен де келіссөздер жуырда ғана аяқталды», - деді министр Мыңбаев.

Ал қаржы министрі Болат Жәмішевтің есебінше бұл жаңа баж алымын енгізу корпоративті салықтың азаюына әкеп соғады.

Энергетика министрлігінің есебіне сәйкес, баж алымының пайызы Ресейдегідей есептеледі. Яғни, мұнай баррелінің базалық құны мен әлемдік бағасының айырмашылығы есептеледі. Мысалы, егерде мұнай баррелінің бағасы бүгінгідей 88 доллар болса, онда бір тонна мұнайдан 173 доллар шамасында экспортық кеден баж алымы алынады.

Есесіне министр жалға алу салығын және пайдалы қазбаларды табуға салынатын салықтан бас тартуды ұсынып отыр. Бұл жағдайда бәрібір бюджетке 2 миллиард 200 миллион доллардан астам қаржы түседі, дейді ол. Алайда мұнайдың әлемдік бағасы төмендесе экспорттық кеден баж алымы да кемиді. Ал өссе бірге өседі.

«Самрұқ» холдингінің жетекшісі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, бұл шаралар халықаралық қор биржасына шыққан жалғыз қазақстандық «Қазмұнайгаз Барлау және өндіру» компаниясына кесірін тигізуі мүмкін.

«Себебі, төлем енгізілген соң бұл компанияның табысы азаяды, іле-шала құнды қағаздарының бағасы төмендейді. Сөйтіп ол тек мемлекет меншігіндегі құнды қағаздардан 2-3 миллиард доллар жоғалтады. Ал бұл көрсеткіш энергетика министрлігі ұсынған төлемнен түсетін пайдадан артық», - дейді Бозымбаев.

Инвестициялардың азаятындығын министр Мыңбаев та жоққа шығармайды. Жорамал бойынша бұл төлем 2009 жылдың бірінші қаңтарынан бастап енгізілуі мүмкін. Бірақ, министр Мыңбаев мойындағандай мұндай көлемдегі төлем енгізілсе, мұнай компаниялары инвестициялық бағдарламаларын 2-3 есеге дейін төмендетіп жіберуі әбден мүмкін. Және бұл шаралар Қазақстанның Әлемдік сауда ұйымына қосылғалы отырғандағы келіссөздерін қиындатып жіберуі ықтимал.

«Бірақ, мұны қазір заңдастырып алмасақ кейін мүлде жасай алмаймыз», - дейді министр.

Дегенмен премьер-министр Кәрім Мәсімов бұл шаралар қоғамда талқыға түсуі мүмкін, бірақ, біреулердің қарсылығына қарамастан мен бұл шараларды қолдаймын және қажетті қаулыға қол қоямын деген көзқарасын жеткізді. Ендігі келіссөздер мұнай компанияларымен жылдың соңында өткізіледі деп хабарланды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG