Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.26.2008 жыл


Сейсенбі күнгі бірқатар басылымдар Оңтүстік Қазақстандағы су тасқыны, Қазақстанда Украйна жылының басталғаны мен Сенат депутаттарының сайлаушыларымен кездесуге елді аралап, президент жолдауын халыққа түсіндіруге кеткені туралы жаза отырып, бір топ өнер және мәдениет қайраткерлеріне президент стипендиясының табыс етілгені туралы айтыпты. Бірқатар басылымдар Үкіметтің кезекті отырысында қаралған инфляция мәселесі мен қымбатшылық туралы да жазыпты.

Сейсенбі күнгі басылымдардың дені Сырдарияның тасуы мен Оңтүстік Қазақстанда орын алған су тасқыны туралы жазуды жалғастыруда. Барлық дерлік басылымдар қазір су тасқыны орын алған Оңтүстік Қазақстан елді мекендерінде спирттік ішімдіктердің сатылуына тиым салынып, тасқын зардаптарына қарсы күресу үшін халық жасақтары құрылып жатқаны туралы жазыпты.

«Время» газеті төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сілтеме жасап, Оңтүстік Қазақстанда қазіргі уақытта «8 мектепті, 2345 үйді су шайғанын, олардың 359 қирағаны, су тасқынынан 12744 адам зардап шегіп отырғанын» айта келіп, төтенше жағдаймен күреске «1600-ден астам адам, 130-дан астам техника тартылғанын» жазыпты.

«Эксперсс К» газеті «Суда, соғыста сияқты» деген мақаласында үкімет тарапынан бұзылған үйлердің орнына жаңадан, әр шаршы метрінің орташа бағасы 450 АҚШ доллары тұратын, ал жалпы аумағы 80, 100 және 120 шаршы метр болатын, үш типтегі үйлер тұрғызып беруді қолған алмақшы боп жатқанын жазыпты.

«Егемен Қазақстан» басылымы «Тағы да Көксарай туралы» деген мақаласында «ол Шардараның тағдырын шешетін су реттегіші болар еді» деген қортынды жасапты. Осы орайда, бірқатар басылымдар Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қазақстанның гидрометеорологиялық қызметін дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, онда «осы саланы дамыту жөнінде жұмыс тобын құруға тапсырма бергені» туарлы жазыпты.

«Время» газеті өткен демалыс күндері Алматы маңайында 14 қар көшкіні болғанын, «әбүйір болғанда, сенбі күннен бастап тау шатқалдарына жол жабық боп, онда ешкімді жібермегелі себепті, адам шығыны жоқ» депті. Бірқатар басылымдар 1-ші наурыздан бастап Қазақстан астық экспортына шектеу қою арқылы алдағы уақытта нанның қымбаттауына жол бермеу шараларын жасап жатқаны туралы жазыпты.

«Айқын» газеті «Еңбекақысын ала алмағандар ереуілге шықты» деген мақаласында Атырау облысында үш айдан бері жалақысын ала алмаған «Проммонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары ереуілдеп, бас кеңсенің алдына жиналғанын жазады. Осы газет Жамбыл облысы Сарысу ауданында екі шағын елді мекен 10 жылдан бері майшаммен отырғаны туралы жазыпты.

«Время» газеті сенбі күні Астанада Ақтөбе облыстық сот төрағасы Мұхтар Есжановты Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері тұтқындап, оны тергеу абақтысына жатқызғаны туралы айта келіп, осы шенеуніктен зардап шеккен күйеуін құтқармақ болып, Шалқар қаласының тұрғыны Раушан Қали кезінде «Мұхтар Есжановқа пара бергенмін» деп, Ақтөбеде баспасөз маслихатын өткізгені туралы жазыпты. Сонымен қатар осы газет «Күйеуімді босату үшін менен 6 мың доллар талап етті» деген мақаласында, Алматылық Айман Бегалиева Қарасай ауданында «жаламен қамауға алынған күйеуін босату үшін» көрген қиындықтары туралы жазыпты.

Бірқатар басылымдар БАҚ туралы заңға байланысты Астанада өткен дөңгелек үстелде айтылғандарды «біздің шенеуніктер ОБСЕ мамандарын алдарқатып жүр» деп қортындылапты. Кейбір басылымдар Қазақстан ішкі істер министрлігі «жемқорлықпен күрес шарасы ретінде пара алып түрмеге түскен тәртіп сақшысы туралы қысқаметражды кино түсіргені» туралы жазыпты.

«Zonakz» сайты Алматы маңындағы Қарасу елді мекеніне заңсыз салынған үйлерді бұзуға барған шенеуіктерге, май құйылған шөлмек және таспен қаруланған сол жердің тұрғындары қарсы тұрып, үйлерін бұздырмай қойғаны туралы жазыпты. Нартай Дүтбаевтың президент кеңесшісі боп тағайындалуына орай «kaztoday.ru» сайтында Рахат Әлиев пен Серік Ахметов деген азамат өз түсініктемелерін жариялапты. Онда қаңтар айында Австрияның жоғарғы соты Алматыда Рахат Әлиев пен оның Венадағы серіктерінің үстінен Қазақстанда сырттай өткен «сот қортындысымен танысып, нәтижесінде Венадағыларды экстрадициялау мүмкін емес деген түбегейлі қортынды жасапты» деп айтылады. Сонымен қатар Рахат Әлиев өз сұхбатында «Алтынбек Сәрсенбайұлының ұрлануы мен өлтірілуіне тікелей үйлестірушілік көрсеткен осы Нартай Дүтбаев» деген тұжырым айтыпты.
XS
SM
MD
LG