Accessibility links

Алматыда мұғалімдердің құқығы мен мүддесін қорғайтын жаңа қоғамдық бірлестік құрылды


Қоғамдық бірлестік мұғалімдер жалақысын 2-3 есеге дейін көтеру үшін күресіп, күнделікті өмірде құқықтары бұзылып жүрген мұғалімдерге заң әліпбиінен кеңес бермек. Қоғамдық бірлестік құрған бастамашыл топ мұғалімдер қауымына үндеу жасап, оларды өздеріне қосылуға шақырғанымен өз мүдделерін қорғауда нақты қандай шараларға баратындығын ашып айтқан жоқ.

Жас маман Раушан Қалауова өз мектебіндегі қоғамдық шараларға белсене араласады. Сонымен қатар ол балалардың сабаққа келуін қадағалап көше аралау, сайлау кезінде үгіт-насихат жұмыстарына араласу, көктемгі сенбілікке балаларды ұйымдастыру сынды жұмыстардан да қалмайды. Себебі, бұл Раушанның сабақ беруімен қатар қосымша атқаратын жазылмаған міндеттері.

- Бұл бізге үйреншікті нәрсе сияқты санамызға сіңіп кеткен. Мысалы, қалалық білім департаментінен тексеру келетін болса, сол тексерудің алдында түнгі сағат 3-4-ке дейін қағаздарымызды, кластарымызды ретке келтіріп, жуып-шайып жұмыс істейміз, - дейді Раушан.

Раушан мұндай жағдай жазылмаған дәстүр сияқты жалғасып келе жатса да ешқашан өз құқығын талап етіп, еңбек уақытынан тыс істеген жұмыстары үшін ақша сұрап көрмегенін айтады.

Ақпанның 26-сы күні Алматыда құрылған мұғалімдердің қоғамдық бірлестігі осындай заңсыздықтармен күресіп, Раушан сынды өз құқығын білмей жүрген мұғалімдерге заңнан ақыл-кеңес бермек. Қоғамдық бірлестіктің басты мақсаты - мұғалімдер жалақысын 70 мың теңгеге дейін көтеру болмақ. Бұл туралы қоғамдық бірлестікті құрушы бастамашыл топ өкілдерінің бірі Ғалия Әміртаева хабарлады.

Мұғалімдердің бұлайша бас көтеруіне, біріншіден, жалақының аздығы мен өз еңбектерінің лайықты бағаланбауы, екіншіден, қоғамдағы мұғалім мәртебесінің құлдырап кеткендігі, үшіншіден, кәсіби мамандардың мектептерден кетіп жатуы себеп болыпты. Болашақ ұрпақты жасаушымыз деген мұғалімдер мектептегі ең төменгі жалақы 19 мың теңгені құрайды деп отыр.

«Осындай аз жалақымен отбасын асырап, ұрпақ тәрбиелеуге бола ма?» - деген мұғалімдер өз мұң-мұқтажына үкімет құлақ асар деп үміттенеді.

Өз мүдделеріңізді қорғау мақсатында қандай нақты шараларға бармақ ойларыңыз бар, Қарағандыдағы кеншілер сияқты көшеге шығып, қоғам назарын аудару ойларыңызда жоқ па деген журналистердің сауалына қоғамдық бірлестік құрып отырған мұғалімдердің бастамашыл тобының мүшесі Нұржан Искаков былай деп жауап берді:

- Кеншілер мен мұғалімдерді шатастырмаңыздар. Сіздің балаңыз мектепте болса, ал біз ереуілдетіп жүрсек не болады? Қазақстанда 120 мың мұғалім бар. Ал осының барлығы көшеге шықса не болады? Ол ереуіл қанша күнге созылады? Біріншіден, мұғалімдердің көшеге шығатын уақыты да жоқ, - деді.

Баспасөз мәслихатында биліктің мұғалімдерді сайлау науқандарында «Нұр Отан» партиясының тегін жұмыс күшіне айналдыратыны туралы журналистер қауымы аузынан айтылғанымен мұғалімдер бұл тақырыпты қозғауды жөн көрмеді. Алдағы уақытта да сайлауда да «Нұр Отан» үшін жұмыс істеуге әзір екендіктерін айтты. Мұны олар өздерінің заң силайтындықтарымен түсіндірді.

Бүгін құрылғандығын жариялаған қоғамдық бірлестік барша мұғалімдер қауымын өз қатарларына қосылуға шақырып, әділетсіздікпен бірлесіп күресуге үндеді.
XS
SM
MD
LG