Accessibility links

Қазақстандық құқық қорғаушылар, елдегі терроризм және экстремизмге қарсы күрес науқаны барысында адам құқығының жаппай бұзылып жатқандығына алаңдаушылық танытты


Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро мен Алматыдағы Хельсинкий комитетінің сәрсенбі күні бірлесіп таратқан мәлімдемесінде, Қазақстан ата заңы бойынша адам құқығы мен бостандығы ең басты конституциялық принцип болатындығына қарамай соңғы кезде елде жүріп жатқан терроризм мен экстремизмге қарсы күрес науқаны барысында ұлттық қауіпсіздік мәселесі желеу етіліп, елдегі адам құқығының сақталуы мәселесінде көптеген заң бұзушылықтардың болып келе жатқандығы айтылыпты.

Биылғы жылдың ақпан айының 25-і күні Шымкент қаласындағы Әл-Фараби аудандық соты 15 азаматты 14-19 жыл мерзімі аралығында бас бостандығынан айыру жазаларына кесті.

- 23-35 жас аралығындағы бұл азаматтар өздерін салафитшілерміз деп атап, ислам дінінің тазалығын уағыздап, соған сенгендіктен осындай жазаға ұшырады, - дейді қоғамдық қорғаушы Омар Байтүгелов.

Ал сот шешімі бойынша бұл азаматтар лаңкестікті насихаттады, осы бағыттағы діни оқу құралдары, компакт дискілерін халық арасына таратты6 сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне лаңкестік шабуыл ұйымдастырмақшы болды деген айып тағылған-ды.

15 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген Кентау қаласының тұрғыны Мақсат Тұрмағамбетовтың туған қарындасы Айжан Нушова өз ағасының ешқандай жазықсыз сотталғанын айтады.

- Ол қайдағы бір террорист емес, ол екі жас сәби өсіріп отырған, ауылдағы туыс-туғандарына силы ардақты әке еді, енді міне жазықсыз сотталып отыр, енді не істерімізді білмейміз. Менің ағама жоқ жерден айып, кінә тағылып отыр, ол ешкімге де діни оқу-құралдары мен кітаптарды таратып, берген жоқ, ал сотқа куәгер ретінде шақырылған азаматтарды менің ағам өмірінде көрмеген бола тұра, олар ағама негізсіз өтірік жала жапты. Ал сот соған қарап, шын-өтірікті ажыратып тексермей-ақ шешім шығарды. Міне бұл адам құқығын бұзудың ең сорақысы болды, - дейді А.Нушова.

Алматылық Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина соңғы кезде Қазақстандағы адам құқығының сақталуы мәселесінде алаңдаушылық туғызып отырған бірқатар мәселелер барын айтады:

- Оның бірі осы салафитшілерге қатысты Шымкенттегі сот шешімі болса, екінішісі өткен жылдың желтоқсан айының 27-сі күні Қарағанды қаласындағы Қазыбек би аудандық сот шешімі бойынша Қазақстанда заңмен іс-әрекетіне тиым салынған «Хизбут Тахрир» діни ұйымымен қатысы бар делінген 29 азаматтың үстінен жүрген сот процесі болмақ. Сот шешімі бойынша бұл азаматтар 5-7 жыл мерзіммен сотталды. Ал қазақстандық кейбір ақпарат құралдары бұл екі оқиға жөнінде хабар таратқанда сотталған азаматтарды елдің қауіпсіздігіне қауіп төндірушілер деген тұрғыдан хабарлады. Ал шын мәнінде солай ма дегенді көп зерттеп, тексеру қажет еді, сондықтан бұл екі жағдайда адам құқығының бұзылу фактілері бар, - дейді адам құқығын қорғаушы Н.Фокина.

Ал Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның жетекшісі Евгений Жовтистің айтуынша, бұл екі оқиға істің ұқсас жақтары көп болмақ.

- Біріншіден, екі істің де діни ұйымдарға қатысы бар болғандықтан ұлттық қауіпсіздік комитеті өзі тексеріп, шығарып келген, екіншіден, бір түсініксіз жағдай, ол сот процесінің жабық жағдайда өтуі, яғни сотталған азаматтардың ата-аналары, туған-туыстары сот процесіне қатыстырылмаған, ал үшіншіден БАҚ және қоғамдық ұйымдар тек ресми көздің берген ресми ақпаратымен ғана шектелді. Біз осы істі тергеу барысында және сот процесі кезінде азаматтардың құқықтары аяққа тапталған талай дерек, мәліметтерді кезіктірдік, бұл Қазақстанның Орталық Азия елдерінде Өзбекстанның соңынан кетіп бара жатқандығын білдірмекші, өйткені діни сенімдеріне байланысты Өзбекстан түрмелерінде неше мыңдаған адам отырса, Қазақстан түрмелерінде бұл сан неше жүздеген, тіпті 700 маңайында деп айтылады, - дейді адам құқығын қорғаушы Е.Жовтис.
XS
SM
MD
LG