Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.02.2008 жыл


Сәрсенбі күнгі басылымдар Бейжің Олимпиадасының алауы, «Рахатгейт» тақырыбына, әлемнің көптеген елдері Мұхаммед пайғамбардың мәулітін атап өтуіне орай мақалалар басса, кейбір басылымдар трансгенді өнімдердің қауіпі туралы сөз етіпті.

Сәрсенбі күнгі барлық дерлік басылым назарында – Алматыға келген Бейжің Олимпиадасының алауы. «Айқын» газеті Алматыда «Алауды қарсы алу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов, Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Тимур Досымбетов, Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сиюнь қатысты» деп жаза отырып, «Ақ сөйле» айдарымен волейболдан әлем кубогының иегері, Еуропа және КСРО чемпионы, Еуропа чемпиондары кубогының екі мәрте иегері Жанбек Сауранбаевпен болған сұхбатын оның өз сөзімен: «Қазақ болғаным үшін ғана бапкерлер мені кезінде Олимпиада ойындарына апармады» деген ауқымды мақала басыпты. Сонымен қатар осы газеттің «Түбімізге трансгенді өнімдер жетпесін...» деген мақаласында, әлем ғалымдары арасында әлі де даулы боп отырған осы мәселеге байланысты әңгіме қозғап, «... азық-түлік өнімдерінің 60 пайызын шеттен алып отырған Қазақ елі үшін азық-түлік қауіпсіздігіне алаңдау, солардың алдын алу басты міндет болуы тиіс еді. Ұрпағымыз трансгенді өнімдердің зардабынан жарты ғасырдан соң құбыжыққа айналып жүрсе, оның обал-сауабын кімнен іздейміз...» деп сұрапты. Ал Алмалбек Тшанмен сұхбатын газет «Қандай қызмет болса да білек сыбанып кірісуге дайынмын» деп атапты. Онда саясаткер «Көксарай» суреттегішін салуға қарсы пікір білдіре отырып, ол жобаны қолдап жүргендерге байланысты: «бізде көп ақша жүрген жерде не болатынын білесіз ғой...» депті.

«Аргументы и факты Казахстан» апталығы Көксарай суреттегішіне Қызылорда облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед те қарсы екені туралы жазыпты.

«Айқын» газеті бүгін: «Сауатсыз ауыл әкімдерінің көбеюі тамыр-таныстықтың кесірі ме, әлде олардың арнайы конкурс, тест тапсырудан сырт қалуының салдары ма?» деп көкейдегі сауалын тастапты. Оған жауап берген заң ғылымдарының докторы, академик Сәкен Өзбекұлы: «Таңғалатыны жоқ, біздің елде кез келген ауыл әкімі тамыр-таныстыққа жол береді. Таныс арқылы әкімнің орынтағын иемденіп алған, ол шіркін, айналасына да таныстарын жия бастайды. Бұл – сыбайласып жеуге үлкен мүмкіндік туғызатын жайт. Аудан, ауыл әкімдерінің заңды білмеуі өз алдына, олар «қоғамның індеті» деп табылып отырған жемқорлықты қоздырушы күш болып отыр. ...Өкінішке қарай, ұяттан бұрын мансап жоғары тұрған қазіргі заманда тірі пендеге сенуден қалдық қой» десе, сенатор Тасбай Симамбаев: «Бірден ауыл әкімдерін төпелеп, сынға алуға болмайды. Ауылдық жердің әкімі ұтымды іс атқаруы үшін алдымен оған жұмыс істейтін орта қалыптастырған жөн. Ауыл әкімінің қолында қазір не бар? Ештеңе жоқ. Қажет десеңіз, ауылдық әкімшіліктің жекелеген бюджеті де жоқ. Өзіңіз ойлаңызшы, Тәртіптік кеңесі жоқ, мәслихаты жоқ, жергілікті бюджетті де есептей білмейтін әкім сауатсыз болмағанда қайтеді? Ондай жерде кез келген адам қолына бірдеңе ілінсе, жеп қалуға тырысады. ...Тегеуріні мықты заң қабылдамай, теріс бағытта жүрген әкімдерді түзеймін деу тым асылық болар...» деп жауап беріпті. Ал бұл сауалға «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев: «Өз басым ауыл әкімдерін тестілеу арқылы тағайындау жүйесімен келіспеймін. Тамыр-таныстықтың түбі осында жатыр. Қалтасында теңгесі бар кез келген адам қазір бір ауылға әкім болғысы келсе, пара беріп-ақ байқаудан сүрінбей өтіп, әкімдікке қол жеткізеді. Меніңше, біз әкімдерді сайлау үрдісін дамытуымыз керек» деген ой айтыпты. Сонымен бірге газет «Шетелдіктердің дін арқылы ықпал ету саясатынан қалай қорғанамыз?» деп сарапшылардан пікір сұрапты.

«Аргументы и факты Казахстан» апталығында Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері Александр Головинский «Қазақ телевизиясының 50 жылдық мерейтойы неге тек қазақша өтті?» деген сауалына, белгілі ақын Мұхтар Шаханов: «Тілге құрмет - ұлтқа деген құрмет» деп жауап берсе, белгілі мәдениет танушы Мұрат Әуезов «мемлекетімізде ұлтаралық сұхбат этикасы жоғалып бара жатқандай» деп төрелік айтыпты.

«Время» газеті «Нұрбанк» дауына байланысты сотталған Алматы қалалық ішкі істер басқарма бастығының орынбасары Нұрлан Самалиховтың ісін аппеляциялық шағым бойынша қайта қараған қалалық сот, Медеу аудандық сотының шешімін (естеріңізге салсақ, ол 1,5 жылға сотталған) өзгертусіз қалдырды» деп жазыпты. Сонымен қатар осы газет «Алтынбек Сәрсенбайұлының ісіне байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу қызметкерлері Жетіғарада «өмір бойлық» жазасын өткеріп жатқан Рустам Ибрагимовпен кездесіп қайтты» дей келіп, оның жақтаушысы Нұрлан Устемировпен «Ибрагимов өлтірген жоқ» деген сұхбатын беріпті. Онда Устемиров: «Нұрбанк» ісіне байланысты Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты Рахат Әлиев апарған Сүйінбай даңғылындағы 19 үй Алтынбектің ісінде де болған. Бірақ біздің сол кезде Рахат Әлиевті куәгер ретінде сотқа шақырту керектігі туралы шағымымыз ескерусіз қалған» деп, Рахат Әлиев Алтынбектің қазасына қатысы бар болу ықтималдығын айтыпты.
XS
SM
MD
LG