Accessibility links

“Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының президенті пара алды деген күдікпен қамауға алынды


Қазақстанның қаржы полициясы “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының президенті Жақсыбек Құлекеевті қамауға алды. Қазірге ірі көлемде пара алды деп күдіктелген Жақсыбек Құлекеевке тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алайда, қазақстандық сарапшылар бұл жағдайға әртүрлі болжам айтып отыр. Олар осыған дейін түрлі лауазымды қызмет атқарған Құлекеев темір жолға тәртіп орнатпақ болғанда текетірестің құрбанына айналуы да мүмкін дейді.

Қаржы полициясының баспасөз қызметі “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының президенті Жақсыбек Құлекеев сейсенбі, яғни сәуірдің 1-і күні, ұсталған деп хабарлады.

«Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жақсыбек Құлекеевке қандай бап бойынша айып тағылғандығын қазір айта алмаймыз. Тергеу амалдары аяқталған соң толық ақпаратты міндетті түрде хабарлаймыз», - деді «Азаттық» радиосына ұлттық компанияның баспасөз қызметінің жетекшісі Әбдірәлі Бөлебай.

Ал кейбір қазақстандық ақпарат құралдары Жақсыбек Құлекеевтің 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алу кезінде ұсталған деп жазса, енді бірі пара көлемі 1 млн. долларды құрайды екен деп хабарлады.

Бейсенбі күні Қазақстанның Бас прокуратурасы оның 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деп күдіктеліп отыр деп ресми хабарлады. Жақсыбек Құлекеев “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының президенті болып өткен жылдың мамыр айында тағайындалған болатын.

Ал Құлекеевтің ұсталуына орай пікір білдірген оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов:

«Қалай болғанда да коррупция жазалануы керек. Бірақ бұл жерде қоғам үшін бір-екі сауалдың басы ашық қалмауы тиіс. Біріншіден, біз Жақсыбек Құлекеевтің өзін тыңдауымыз керек. Қоғам алдында ақталуына мүмкіндік туғызу керек. Екіншіден, коррупциямен күрес, өкінішке орай, мекемеаралық тартыстың көрінісі ретінде белгілі болып жатады. Ал менің естіп-білуімше, Жақсыбек Құлекеев осы темір жол саласына келгелі бері біршама тәртіп орнатып, істі жөнге салғысы келген секілді. Бәлкім, сол үлкен ақшаның ағынына тосқауыл бола алмады ма, әлде әртүрлі мүдделі топтардың текетіресіне ұшырап қалды ма, ол жағы белгісіз. Ал жалғыз «Қазақстан темір жолы» компаниясына ғана емес, жалпы барлық ұлттық компанияларға қаржы ағынының қайда кетіп жатқандығына қоғамдық бақылау керек», дейді.

2002 жылы “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының сол кездегі басшысы Абылай Мырзахметов пен компанияның бірнеше басшылары аса үлкен көлемде ақша жымқырды деп сотталып, түрме жазасына кесілгенімен кейін жазалары жеңілдеп, бостандыққа шыққан болатын. Ал былтырғы жылы Қазақстанның бас прокуратурасы осы ұлттық компанияның 2002-2006 жылдарғы атқарылған жұмысына жүргізген тексерістің қортындысы бойынша «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Жақсыбек Құлекеевке дейінгі басшыларының үстінен 21 қылмыстық іс қозғалғанын жариялаған еді. Алайда бұл қылмыстық істің аяғы қалай аяқталғаны айтылған жоқ.

“Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы басшысының төңірегінде туындаған дауды кейбір саясаткерлер белгілі бір мүдделі топтар арасында жаңа текетірестің, даудың пайда болуының көрінісі деп бағалайды. Солардың бірі саясаткер Серікбай Әлібаев:

«Темір жол - мемлекеттің ішіндегі мемлекет. Онда ақша мол. Қазақстанда ұрламайтын шенеунік жоқ қой. Әсіресе осындай ұлттық компанияларда ондайлардың саны аз. Ал мен Құлекеев ұрлайды дегенге сенбеймін. Мысалы, өзінің жұмыс кабинетінде ұсталды дейді. Менің ойымша, қызмет барысында мұндай дәрежеге жеткен адам пара алса да, басқа жерлерде алар еді. Білдірмей алуға оның қабілеті де, айласы да жетер еді. Бұл қастандықты белгілі бір топтар қолдан ұйымдастырған болуы керек. Мен Жақсыбекті Құлекеевті жақсы білем. Оны сатылады деген түсінік маған келмейді. Ал Құлекеевті орнынан кетіруді көксейтін мүдделі топтарды атау да қиын. Олардың кімдер екені темір жолға жаңа басшы тағайындалғанда белгілі болуы мүмкін. Құлекеевті осындай жағдайға әкелген топтардың адамы басшы болып келуі де әбден мүмкін», деген болжам айтады.

«Қазақстан темір жолы» мекемесін басқарғанға дейін Жақсыбек Құлекеев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бірінші вице-президенті болды. Ал оған дейін Құлекеев Қазақстанның Білім және ғылым министрі қызметін атқарды.
XS
SM
MD
LG