Accessibility links

Саясаткер Амалбек Тшан құлдық психолия жайында


- Біздің халықтың менталитентін көтеру үшін осы мәселелер айтылу керек деп ойлаймын. Тереңірек түсіндірілуі керек. Мүмкін бұл біздің халықтың 200 жылдан астам Ресейдің қол астында болғандығынан пайда болған ба, әлде біздің халықтың негізі солай ма, әйтеуір бізде құлдық психология өте жоғары. Біреуге тәуелді болып, соның шылбырында жүру, жалтақтық, тек өзінің қамы үшін ақты ақ, қараны қара деп айта алмай не болса да «мақұл» деп көнбістік жасау бұрыннан пайда болған мінез бе деп ойлаймын.

Егер сәл тарихқа шегініс жасайтын болсақ, 1937 жылы бұрынғы КСРО-дағы Орталық Азия елдері ішінен қазақ халқы ғана шетелге қашып кетті. Ал неге бізге басқа халықтар қашып келген жоқ? Ал біз қырғызға, өзбекке, қытайға барып паналадық. Осыдан-ақ қорытынды шығаруға болады, жалпы біздің халықтың - өзім де соның бірімін деп есептеймін - қанымызға жалтақтық сіңіп кеткен сияқты. Міне, сол әлі жалғасып келе жатыр.

Басқасын айтпағанда, саясатты қойғанда қазақ елі дүние жүзіндегі ең бай елдердің қатарындамыз. Жер көлемінен 9-ыншы орында, жерасты қазба байлағынан тағы алдыңғы қатардамыз. Ал елде бар-жоғы 15 млн ғана халық бар. Өткен 16 жыл ішінде билік айналасындағылар қанша миллиардтаған байлық жинады? Осының өзі бір-ақ сауал ғой. Ал осы сауалға жауап іздеп, бұл қалай дейтін халық жоқ. Тек оппозицияда жүрген азаматтар ғана айтады, көтереді. Ал халық болса үнсіз. Мен қазақпын, неге ойланбаймын? Өз елімде тұрып неге кедеймін, сол байлықта неге менің үлесім жоқ деп айтпаймын? Ал миллиардтаған байлық жинап жатқан биліктегілерге атасынан мұра қалған дүние жоқ қой. Егер ондай болса көрсетсін, дәлелдесін. Неге теңдік жоқ? Басқасын былай қойғанда, халық: «әй, мен осы неге бейшара болып жүрмін, неге менің үйім жоқ, бала-шағам аш-жалаңаш, қыздар болса неге көшеде жүр еркек іздеп, ал баяғыда базарға баруға намыстанатын қазақтың еркегі базарда жүр. Міне, осының бәрі қайдан туып жатыр?» деп өзіне өзі сауал қоймайды. Сонда қандай елміз? Міне, осыдан барып адамда шынында да біздің қазақ құлдыққа жақын, жалтақ деген пікір қалыптасады. Билікке жақын болу үшін, жылы сөз есту үшін неге де болса дайын деген ой туады. Бүгінгі жағдайға алып келіп отырғаны да осы мінезіміз бен түбіріміз деп ойлаймын.

Сондықтан осы мәселелер ашық айтылуы керек. Қоғамда не болып жатқанын жұрттың бәрі естуі керек. Бірақ, өкінішке қарай, бізде мұндай мәселелерді көтеретін, оны халыққа жеткізетін баспасөздің де жағдайы мәз емес. Олар да сол құлдық психологияны бастан кешіріп отыр.
XS
SM
MD
LG