Accessibility links

Дін туралы жаңа заң жобасы пікір қайшылығын туғызып отыр


Қазақстанда 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң жаңартылады. Бұл туралы Астанада сәуірдің 17 күні парламентте жаңа заң жобасын дайындаған депутаттар хабарлады. Олар әлемдегі кейбір елдерде секталар мен миссионерлерге тыйым салынғанын алға тартып, тіпті барлау мәліметтерін жинап жүргендер бар, дегенді айтады. Өз кезегінде секта өкілдері жаңа заң жобасындағы мүшелері аз бірлестіктерді тіркеуге салынған тыйымды және шетелден қаржы алуға салынған тыйымды жоюды сұрап отыр.

Саясаткер Амангелді Айталының айтуынша, кейбір елдерде секталар мен миссионерлер қызметіне тыйым салынған.

- Қазақстандағы секталар тарихи дәстүрлі дінге берілген адамдарды өз діндеріне қаратып жатыр, - дейді ол.

Ал осы секталар мен миссионерлердің атынан сөз сөйлеген Евангелиялық Лютеран шіркеулерінің жетекшісі Юрий Новгородов жаңа заң жобасындағы шетелден қаржы алуға салынған тыйымды және мүшелері аз бірлестіктерді тіркеуге салынған тыйымды алып тастау керек деген пікір білдірді.

- Себебі, қаржы шағын ғибадатханаға керек, ал тұрғындары аз Қазақстанды Еуропамен салыстыру дұрыс емес, - дейді ол.

Еуропада діни бірлестіктер тіркелу үшін оларға мүшелері бірнеше мыңнан асу керек деген талап қойылады. Және бірлестіктің құрылу мерзімі ондаған жылдардан асуы шарт. Қазақстанда жағдай өзгеше, дейді парламент мәжілісінің депутаты Тито Сыздықов.

Қостанайдағы секталардан зардап шеккендер ұйымының төрайымы Юлия Денисенко елде барлау мәліметтерін жинап жүрген секталар бар дегенді айтады. «Ұлт тағдыры» қозғалысының мүшесі Болат Дүйсенбінің айтуынша, жаңа заң жобасында балалар секталардан қорғалмаған.

- Ал біздің зерттеуімізше, секталар, әсіресе балаларға кесірін тигізеді, дейді ол.

Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан мұсылман дініндегілердің өзге дінге көшіп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ал, Евангелиялық Лютеран шіркеулерінің жетекшісі Юрий Новгородов өзіне келген адамның қазақ, орыс екеніне қарамайтынын, қай дінде болуды таңдау құқығы - адамның өзінде екендігін айтты.

Жоба авторларының айтуынша, Еуропада діни бірлестіктерді мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға құқы бар. Қазақстандағы жаңа заң жобасы бойынша мемлекет діни бірлестіктерді қаржыландырмайды. Сондай-ақ діни бірлестіктер саяси партияларға қатыспайды. Еуропада діни бірлестіктерге қозғалмайтын мүлік салығы бойынша жеңілдіктер белгіленген. Ал Қазақстанда олар мұндай салықтан мүлде босатылған. Және жер салығы мен діни әдебиет сатудан түсетін табыс салығынан босатылған. Парламент мәжілісінің депутаты Нұртай Сәбилянов діни бірлестіктердің қаржылай жағының қадағаланбауын дұрыс емес деп санайды. Депутат Тито Сыздықов кейбір секталар халықты алдауға тырысады деген пікір айтады.

Ресми мәлімет бойынша 16 жыл ішінде Қазақстанда діни бірлестіктер саны 6 есеге өсіп, жалпы саны 4 мыңнан асқан. Олардың ішінде 2300-і Ислам дініне, 1200-і христиандардың үлесінде. Ал дәстүрлі діндерден тыс шетелдік секталар мен миссионерлердің саны 1300-ден асады.
XS
SM
MD
LG