Accessibility links

Қазақстан елге келетін қырғыз еңбек мигранттарына жеңілдік жасауға уәде етті


«Шекара бекітіліп Ыстықкөлдегі Қазақстанға жататын 4 демалыс орындары мәселесі шешілді, енді Қазақстан Алматыдан басталып Ыстықкөлге апаратын автожолды салады». Астанада сәуірдің 17 күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевпен өткен келіссөздерден кейін осындай мәлімдеме жасады. Есесіне, Қазақстан Қырғызстаннан келетін еңбеккер мигранттар үшін 90 күнге визасыз кіруге рұқсат беруге уәде берді. Бұған дейін хабарланғандай, Қырғызстан парламенті екі ел арасындағы даулы жер телімдері мәселесіне байланысты шекара туралы келісімді бекіткен болатын.

Бұның алдында Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев 2006 жылы Астанаға келгенде Ыстықкөл облысындағы демалыс орындарының меншік құқығын реттеу құжаты талқыланған-ды. Президент Назарбаев айтып өткендей, Қазақстанның Ыстықкөлдегі меншік мәселесі шешілген. Енді 4 нысан Қазақстанға көшеді және онда құрылыс жасап жаңартуға болады, деді Назарбаев. Ал, Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев бұл нысандарды 3-4 жұлдызды қонақ үйлерге айналдырған соң қырғызстандықтар үшін қосымша салық және жұмыс орындары болады, деді.

- Бұл нысандарға қазақстандықтар қожайын болғанымен олар бұл нысандарды өздерімен бірге алып кетпейді, - деді Қырғыз президенті.

2008 жылы 10 сәуірде Бішкекте Қырғызстан оппозициясы наразылық шеруін ұйымдастырып Қазақстанға Шу және Талас облыстарындағы даулы жер телімдері мен 4 пансионатты бермеуді талап еткен болатын. Ыстықкөлдегі 4 пансионат Кеңес одағы кезінде Қазақстан бюджетінің қаржысына салынып, осы уақытқа дейін Қазақстан тарапы басқарып келген тұғын.

Бірақ, Бішкек полициясы ол шеруге шыққандардың біразын тұтқындады. Ал, жақында Қырғызстан парламенті екі ел арасындағы даулы жер телімдері мәселесіне байланысты шекара туралы келісімді бекітті. Бұл құжатқа 2001 жылы 15 желтоқсанда Қазақстан мен Қырғызстан президенттері қол қойған болатын. Қырғызстан парламентінің мәліметінше, делимитация кезінде Қырғызстан Қазақстаннан 5800 гектар жер алса, Қазақстан Қырғызстаннан 4302 гектар алған. Және Ыстықкөлдегі Қазақстанға қарасты 4 демалыс орындары бойынша 2006 жылы 4 шілдеде жасалған екі ел арасындағы курорт шаруашылығын Қазақстанмен мүлік құқын реттеу жөніндегі келісім бекітілді.

Келісімде жазылғандай енді 2 жыл ішінде Қазақстан 4 жұлдызды қонақ үй салып, Қырғызстанға салық төлейтін болады. Және онда қызмет жасайтын адамдардың 80 пайызы қырғыз азаматтары болуы шарт. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев енді «Алматы-Ұзынағаш-Кемин-Шырпықты» автожолын салуға Қазақстан инвестиция салатындығын мәлімдеді.

Өз кезегінде Қазақстан Қырғызстаннан келетін еңбеккер мигранттардың құқын қорғауға уәде берді. 2007 жылы Қазақстанның көші-қон полициясы республикада Қырғызстаннан келген 200 мигрантты ұстап, оларға елден кетіруге тырысқанда, Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстан елшілігінен түсініктеме беруді сұрап нота жіберген болатын. Ал, Қазақстан тарабы елдегі миграция заңдарын бұзғандар депортацияға жатуға тиіс деген қағиданы ұстанды.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2007 жылы елге 800 мың қырғыз мигранттары келген. Ал 2008 жылға оларға 6 мың адамға квота берілді. Президент Назарбаевтың айтуынша, енді Қырғызстан үкіметі өз еңбеккер мигранттары үшін 90 тәулікке визасыз кіруге рұқсат беруді сұраған. «Біз бұл өтінішті шешеміз», деді ол.
XS
SM
MD
LG