Accessibility links

Балалар мекемесінде діни уағыз оқытулы керек пе?


Қазақстан Астанасында «Светоч» атты балалар үйінде әр ұлттан шыққан кәмелетке толмаған 38 жетім балаға таңертеңнен кешке дейін діни сауат оқытылады деген ақпаратпен «Азаттық» радиосына осы үйдің көршілері хабарласқан соң, тілшіміз осы мекемеде болып қайтқан еді.

Астанадағы Совхозная көшесіндегі №2 үйде «Светоч» атты балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 38 жетім баланың қамқоршысы Лилия Соловьева бұл мекеме Әділет министрлігінде заңды тұлға ретінде 1999 жылы тіркелгенін айтады. Демеушісі - «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы екен. Лилия Соловьеваның айтуынша, бұл балалар үйін осыған дейін прокуратура тексеріпті.

- Себебі, біреулер қате ақпарат берген, - дейді ол.

Дегенмен Соловьева ханым балалардың ас ішетін, ойын және жатын бөлмелерінде діни икона тұрғандығын мойындады.

- Мен балалардың ресми рәсімделген қамқоршысымын. Мен құдайдан басқа сенімді білмеймін. Маған ұлт негізгі емес. Баланың басқа діннен екендігі маңызды емес. Мен басқаны білмеймін. Мен анасы болып тұрып, басқа дінді таңда деп қалай айтамын? Өскен соң, өзі қалайтын болса өзге дінге ауысады. Біреулер бізді таңертеңнен кешке дейін құдайға жалбарынады деп теріс ақпарат таратты, Сонда басқа жұмысымызды біз қашан істейді екенбіз?, - дейді Лилия Соловьева.

Осы үйдің тәрбиеленіп жатқан Райхан Меркешқызының туу туралы куәлігінде әзірбайжан ұлтының өкілі деп жазылған. Ол өзін ешкім де күштеп құдайға жалбарындырмайтынын айтады. Райханның сөзінше, ол мұсылман болса да шіркеуге барады екен.

Балалар үйінінің жанында көрші тұратын Мәулет Ахмағамбетов көбі кәмелетке толмаған балалардың өздері не істеп жатқандарын толық сезінбейді деген пікірде

Астанадағы бұрынғы орталық мешіттің наиб-имамы Хасан Ташайұлы балалардың дін таңдауы заңмен реттелу керек деп санайды.

Әділет министрлігіндегі дін істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Қайрат Төлесов бұл үй туралы журналистерден бірінші рет естіп тұрғанын білдірді. «Светоч» балалар үйінің жетекшісі Лилия Соловьева болса Алматыда осы сияқты 18 бала тәрбиелейтін үй барын алға тартады.

- Жетекшісі Ислам дініне табынады, сол үйде намаз оқитын Таня есімді қыз бар. Бірақ, ол үйді ешкім қуғындамайды, - дейді ол.

Астанадағы бұрынғы орталық мешіттің наиб-имамы Хасан Ташайұлы ең бастысы ешкімді дінге мәжбүрлеуге болмайтынын айтады.

Бұған дейін елдің барлық аймақтарында прокурорлық тексерулер жүргізілгені хабарланған болатын. Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы «Сион» балалар үйінде таңертеңнен кешке дейін мақсатты түрде Інжіл оқытылатыны анықталды. Қарағанды облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінде, сондағы «Грейс» христиандық миссионерлік шіркеуінде бір діни ағымның келесілерінен артық екендігін насихаттап, конфессия аралық алауыздық отын өршітетін материалдар табылған.

Сондай-ақ, тексеріс барысында Астана қаласындағы «Соловей» балалар үйінде таңғы сағат жетіден кешке дейін христиан дінін уағыздау басты міндетке қойылып, заң бұзу фактілері анықталған соң ол үй мүлде жабылды деп хабарланады прокуратура мәліметінде.
XS
SM
MD
LG