Accessibility links

Қазақстан парламенті Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай тасымалы жүйесіне қатысты Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы келісімді бекітті


Қазақстан Транскаспий бағытымен «Баку-Тбилиси-Джейхан» жүйесі арқылы елде өндірілетін мұнайдың тең жартысын Батыс елдеріне тасымалдайтын болады. Бұл туралы Астанада сәуірдің 24 күні парламентте Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев хабарлады. Оның айтуынша, бұл бағытта Қазақстан мен Әзірбайжаннан басқа елдер тікелей инвестор болып қосыла алмайды және танкерлермен мұнай тасымалдай алмайды. Ресей болса бұл бағыттан гөрі өз территориясы арқылы өтетін мұнай құбырлары тиімді деген болатын.

2006 жылы жазда Алматыда Қазақстан мен Әзірбайжан президенттері «Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы Баку-Тбилиси-Жейхан жүйесі арқылы жергілікті мұнайды халықаралық базарға жеткізуге қолдау көрсету жөніндегі шартқа қол қойған болатын. Ал, бүгін Астанада Қазақстан парламентінің сенат депутаттары осы шартты бекітетін заңды мақұлдап, қол қоюға президентке жолдады.

Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, жаңа «Транскаспий тасымалдау жүйесі» бастапқы кезде жылына 23 миллион тонна мұнайды тасымалдауға мүмкіншілік береді, кейін бұл көрсеткіш 35 және соңында 56 миллион тоннаға дейін өспек.

Министр Мыңбаев «Ескене-Құрық» мұнай құбыры салынып, Құрық айлағы кеңейтілетінін айтты.

«Бұл құбырдың 100 пайызы Қазақстанның меншігінде болады. Жобаланып жатқан бұл құбырдың бағыты қазір істеп тұрған «Өзен-Атыраумеен» бір дәлізде болады. Сондықтан мұнай тасымалдауға кететін шығын азаяды», - дейді министр Мыңбаев.

Ескенеде мұнай құбырға жіберуге дайындалады. Ал Құрық елді мекенінде Каспий жағалауында мұнай құятын терминал салу жоспарланған. Бұл жерге мұнайды темір жолмен де жеткізуге болады. Кейін осы айлақтан қазақстандық мұнай танкерлермен Баку-Тбилиси-Жейхан жүйесіне жеткізіледі.

Министр Мыңбаевтың айтуынша, енді мұнай тасуға ұсақ танкерлер емес, 63 мың тоннаға дейін көтере алатын ірі танкерлер пайдаланылатын болады. Жылына 35 миллион тонна мұнайды жүйеге жеткізу үшін осындай ірі 7 танкер салу қажет болмақ.

«Шартта жазылғандай Қазақстан мен Әзірбайжан кемелері Каспий теңізі арқылы осы екі елдің туын көтеріп мұнай тасымалдайтындығы ескерілген», - дейді министр Мыңбаев.

Демек қазақстандық кемелер осы бағыт бойынша қызмет көрсету құқын алады, дейді ол. Және өзге үшінші тараптар, заңды егемендігі жоқ болғандықтан, танкерлермен мұнай тасымалдау үшін Қазақстан және Әзірбайжанмен қызмет табысын бөлісуіне тура келеді. Заңды дайындауға жетекшілік еткен сенатор Леонид Бурлаковтың айтуынша, жобаға екі елдің ұлттық мұнай компаниялары өз қаржысынан немесе қарызға алынған ақшадан теңдей инвестиция салады және табысты бірге табады, ал өзге елдердің инвесторлары жобаға тікелей инвестор бола алмайды.

Олар тек қосымша мердігер ретінде қосыла алады. Сенатор Бурлаков бұл мәселеде ресейліктердің өз мүддесі бар екенін де айтып отыр.

«Олар бюджет түсімдерін ұлғайту мақсатымен Қазақстанның мұнай тасымалдауын Ресей арқылы көбірек жүргізуін қалайды. Бірақ, біз өз еліміздің тиімділігін ойлауымыз керек», - деді сенатор.

Бурлаковтың айтуынша, Әзірбайжан Қазақстанды Баку-Тбилиси-Жейхан жүйесіне қосылуға шақырған кезде Қазақстанда мұнай аз өндірілетін және мұнайды тасымалдайтын өзге бағыттар қарастырылған тұғын. Ал енді қазір Қазақстан жылына 70 миллион тонна мұнай өндіреді. Оның 60 миллион тоннасы экспортқа кетеді.

«10 жылдан кейін бұл көрсеткіш 130 миллион тоннаға жетеді, сонда ол жартысы болады. Бұл өзге елдермен қатынасқа ешбір әсер етпейді», - дейді сенатор Бурлаков.

Депутат ресейліктер арқылы тасымалдайтын мұнай көлемі азаймайтындығын айтып отыр. Әзірге, Каспий мұнайының едәуір бөлігі «Теңіз-Новороссийск» бағытындағы құбырларымен тасымалданып жүр. Қысқаша «КТК» аталатын ұзындығы мың жарым шақырымнан асатын құбыр көлемі жыл сайын 67 миллион тонна мұнайды тасымалдауға ескерілген.

Ол Батыс Қазақстандағы әлемдегі ең ірі кеніштерге жататын «Теңіз» мұнай кеніші мен Новороссийск қаласындағы айлақты жалғастырып жатыр.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG