Accessibility links

Чернобыльда денсаулығын берген қазақстандық азаматтар әлеуметтік көмекке зәру болып отыр


Осыдан дәл 22 жыл бұрын Чернобыль апатының салдарын заласыздандыруға Қазақстаннан қатысқан 30 мыңнан астам адамның қазіргі таңда тек 5000-ға жуығы тірі қалды. Ядролық апаттың кесірінен денсаулықтан айырылған олардың кейбірі баспанаға қол жеткізе алмай, тұрмыс тауқыметін тартып жатыр.

Алматы тұрғыны Рашит Баткенұлының күні таңғы сағат бесте басталады. Мұндай уақытта қоғамдық көлік жүрмегендіктен ол жұмысқа жаяу барады. Бұл Рашит Баткенұлының 16 жылдан бергі жұмысы.

- Аула сыпырушымын, өзге ауыр жұмысқа жарамаймын, - дейді Рашит.

Рашит осыдан 22 жыл бұрын Кеңестер одағында болған сұрапыл оқиға - Чернобыль апатының салдарын заласыздандыруға қатысқан жарты миллион адамның қатарында болғанын бүгінде оның таныстарының бірі білсе, бірі білмейді. Ол кезде Рашит 34 жастағы құрылысшы болыпты.

- 1987 жылы август айында военкомат шақырды. Комиссияға түсіріп, бізді Чернобыльға алып кетті. Сол Чернобыльда мен алты ай болдым. Отызға толмағандар екі-үш ай болған соң оларды қайтарып жіберетін, ал жасы отыздан асқандарды алып қалды.

Бүгінгінің биігінен қарағанда жанпидалық әрекет болып есептелетін сол кездегі залалсыздандырушылардың атқарған істері қауіпті болатынын ол кезде нақты ешкім болжаған жоқ. Оның зардабы кейіннен біліне бастады дейді ардагер.

- Білген жоқпыз зияндығын. Сонда барған соң ғана білдік. Бірінші кездерде басың ауырып, жүрегің айнып, құсқың келді. Бәрі айтты «үйреніп кетесің, ештеме емес» деп. 1989 жылдан бастап денсаулығым нашарлай бастады, тістің бәрі кетті, құлақ, көз... Бас айналу басталды. Қазір ауыр жұмысқа жарамаймын, - дейді Рашит.

Мамандардың айтуынша, Чернобыль ядролық апаты – Хиросима және Нагасаки жарылысынан он есе күшті болған. Дерек бойынша, оның зардабын залалсыздандыруға бүкіл Кеңес Одағынан 321 әскери бөлімше қатысыпты. Ал оған қатысқан 30 мыңнан астам қазақстандықтың қазіргі таңда тек 5000-ға жуығы тірі қалды дейді Қазақстаннан Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқандардың бірі Бейбітқали Қақабаев:

- Неге десеңіз, радиациялық заласыздандыру кезінде алған радиациялық неше түрлі аурулардың біріншіден бірден-бір себепкері болды. Келе салған жылдары көп жігіттер қайтыс болды. Бәріміздің етімізде Отан соғысында фашизмге бірге көтерілген дәстүр қалған. Сол секілді «ойбай, аттан, Чернобыль!» деп шақырған кезде ойымызда ештеңе жоқ, бардық та залалсыздандыру жұмыстарына қатыстық.

Қазақстандық «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мелс Елеусізовтың айтуынша, Чернобыль ардагерлеріне үкімет тарапынан мүлдем қамқор көрсетілмейді.

- Чернобыль деген үлкен апат. Оны бәріміз де білеміз, не болғанын, қанша біздің азаматтарымыз барып қатысты, олардың көбі қазір арамызда жоқ. Өкінішке қарай, оларға қазір үкіметтен көмек жоқ. Олар өзі үшін барған жоқ қой, болашақты қорғау үшін барды, оны тазалады, қаншасы өмірін берді. Қолдау керек ондай адамдарды. Өздері де аса көп қалған жоқ - бірен-саран ғана.

Дегенмен ресми билік өкілдері бұндай сыни пікірмен келіспейді. Олар бүгінгі таңда ардагерлерге жеткілікті дәрежеде көмек көрсетіліп жатқанын айтады.

- Натуралды көмек деген болады – паек деп атайды, сондай берілетұғын бұрын. Енді қазір нақты ақшалай жәрдемақы беріледі. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сол Чернобыль атом станциясында 1986-87 жылдары қатысқан адамдар әлеуметтік кепілдіктер бойынша соғыс ардагерлерінің санатына жатқызылады. Жәрдемақылардың мөлшері шамамен былай: мысалы, сол соғысқа қатысушылармен тең болып есептелетін азаматтарға 6775 теңге, ал соғыс мүгедектеріне тең болып саналатын азаматтарға 8293 теңге төленеді. Бұл енді нақты осы бағыттағы жәрдемақы, - дейді ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Арсен Дүйсенов.

Сәуірдің 25-күні Алматыда радиациялық апаттарда құрбан болған адамдарды еске алу күніне жиналған жиында Чернобыль ардагерлері төсбелгілер мен мақтау қағаздармен марапатталды. Осы жиынға қатысқан Рашит Баткенұлы әлгі тапсырылған төсбелгі мен марапаттау қағазына қуанбайды да. Алматыдағы тозығы жеткен жатақхананың ауасы тар бөлмесінде тұратын ол үшін дәл қазіргі таңда отбасын асырау мен пәтер мәселесі ең көкейкесті проблема болып тұр.

- 12 жарым шаршы метр жатақхананың бөлмесінде тұрамыз. Үйдің кезегіне тұрғаныма жеті жылдан асты. Депутатқа да жаздым, әкімге де, бәріне жаздым. Ешқандай нәтиже жоқ, - деп күрсінеді Чернобыль апатын заласыздандыруға қатысам деп денсаулығынан айырылған қазақ азаматы.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG