Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.29.2008 жыл


Сейсенбі күнгі басылымдар мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен оның зайыбы Сара Алпысқызының өткен сенбіде Алматы қаласындағы Свято-Вознесенский кафедралды соборында болып, православиелік христиандарды дәстүрлі Пасха діни мерекесімен құттықтағанына тоқталыпты. Бірқатар басылымдар VII Еуразия медиа форумы қонақтарының сараптамалық пікірлерін басуды жалғастырумен қатар, Қазақстан қаржы полициясының атқарған іс-шараларының осы жылғы алғашқы тоқсанының қортындысы туралы, Алматы облысындағы «Жалайыр Шора» құсбегілер мектебінің жиырма жылдығына орай өткізілген мерекелік думан той жайлы жазыпты.

«Время» газеті қазақстандық азаматтардың міндетті әскери қызметі тақырыбына мақаласын «Бесінші графа бойынша әскерге шақыру» деп атап, онда «жергілікті әскери комиссариат басшылары шынымен осындай нұсқаудың Астанадан келгенін, онда «биыл әскер қатарына шақырылатындардың 65 % – қазақтар, 15 % - орыстар, 3 % - татарлар, т.б. деп көрсетіліпті» дей келіп, «алайда мұндай нұсқаудың болғаны жайлы Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі бейхабар екен» деп жазыпты.

«Жас алаш» газеті «Тағы бір күйеу бала қашып кетті... Австрияға емес, Швейцарияға» деген мақаласында, соңғы қездері Төтенше жағдайлар министрі қызметін атқарған, ал кезінде Алматы қаласының әкімі болған Виктор Храпунов «Швейцарияға 18 тонна жүк көтеретін ТУ-154 ұшағымен көшіп кетіпті» деп жазса, «Время» газеті «бұл ақпаратты Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен қаржы полициясы растамады. Себебі, көші-қон полициясына Храпуновтың Швейцарияға көшетіні туралы өтініш түспеген көрінеді» деп жазыпты.

Бірқатар басылымдар сенбі күні Алматыдағы «Сары-Арқа» кинотеатрының артында «Шаңырақ» қоғамдық ұйымының бастамасымен рұқсат етілген үлескерлер митингісі өткені туралы жазыпты.

«Айқын» газеті Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың үлкен қызы Бермет Ақаевамен ауқымды сұхбатын оның өз сөзімен «Мен қазақтың қарапайым келінімін» деп атапты. Осы газет «Үйірімен үш тоғыз» деген мақаласын, Қазақстан қаржы полициясы органдарының осы жылдың алғашқы тоқсанын қортындылау нәтижесіне арнапты. Мақалада «алғашқы тоқсан қортындысы бойынша 134 адамның ісі сотқа берілген. Олардың арасында 4 судья, 11 ішкі істер органдарының қызметкерлері, төрт әділет қызметкері, екі салық қызметкері, сондай-ақ сот әкімшілігі комитетінің бақандай бес қызметкері жүр» деп жазыпты.

Осы тақырыпта «Казахстанская правда» газеті Қазақстан Республикасының экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Сарыбай Қалмырзаевпен ауқымды сұхбатын беріпті.

«Литер» газеті «Қазақстан ауыл шаруашылық министрі Асылбек Күрішбаев: «биыл әлемдегі азық-түлікке деген зор сұранысты тиімді пайдаланып, өзімізде астық, көкөніс, ет-сүт өнімдерін күрт өсіру керек. Сөйтіп, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартамыз» дегені, бүгінгі күннің шындығында тұншығып қалды. Себебі, көктемгі егіндік науқаны қарсаңында бензин 10-15 пайызға қымбаттады. Мұны үкімет «әлемдік экономика тенденциясымен» түсіндірсе, экономист мамандар сыртқа шығарылатын мұнайға салынатын салықтың артуына, мұнай компанияларының жауабы деп түсіндіріп отыр. Бірақ, бұл әлемде орын алуы мүмкін деген азық-түлік дағдарысына алаңдаған фермерлерді жұбата қояр ма екен?» деп жазыпты.

«Время» газеті «әлемнің 134 мемлекетінде сауалнама жүргізген Gallup қызметінің қортындысы бойынша, Жер шары халқының 26 пайызы өз жанұясын тамақтандыра алмай отыр. Осы зерттеулер нәтижесі Қазақстан халқының 28 пайызы ашаршылықты бастан кешіріп жатқанын айқындапты» деп жазады.
XS
SM
MD
LG