Accessibility links

Қазақстан үкіметі мұнай өнімдерін экспортқа жіберуде реттеу шараларын енгізбекші


Астанада мамырдың 5 күні үкімет отырысында Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов литрі 150 теңгеден асқан дизель отынының өсу қарқынын тоқтатуды энергетика министрлігіне тапсырды. Энергетика министрі Сауат Мыңбаевтың мәліметінше, биылғы жылдың бірінші тоқсанында экспорт көрсеткіштері бір жарым есеге өсіп кетті және мұнай компаниялары біршама мұнай өнімдерін екінші рет экспортқа түсіреді.

4 мамырда экспортты азайтуға бағытталған «Мұнай өнімдерінің кеден баж алымы» туралы үкімет қаулысы күшіне енді. Қазақстанның экономистер қауымдастығының құрылтайшылар одағының төрағасы Арыстан Есентүгелов әлемдік банк стандарттарымен мұнай саласына зерттеу жүргізді.

«Қазақстанда мұнай өндіретін компаниялар өндірілетін мұнай көлемін бір жарым екі есеге азайтып көрсетеді, соның кесірінен ел қазынасына едәуір көлемедегі салық түспей қалады», - дейді маман.

Ресми мәлімет бойынша Қазақстанда 4 мамырда күшіне енген қаулыға сәйкес, шикі мұнай мен мұнай өнімдерінің экспортына салынатын кеден баж алымы әр тоннаға 109,9 доллар көлемінде болады. Бұл көрсеткіш 2008 жылдың бірінші тоқсанында қалыптасқан мұнай тоннасының әлемдік құны 714 доллар болады деген жорамалмен есептелген.

Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтың мәліметінше, компаниялар мұнай өнімдерін өзге құрылымдармен өзара келісімге келіп, арадағы делдалдар арқылы сатуға тырысады. Сондықтан Қазақстан, мұнай өндіретін ел болғанына қарамастан, жоғары октанды бензин маркаларын және авиакеросинды әлемдік бағамен сатып алады.

Ал, баж алымынан кейін мұнай компаниялары экспортын азайтып, мұнайды елдің ішінде сатуы ықтимал деген жорамал жасалды. Себебі, министр Мыңбаев баж алымы енгізілген соң, ішкі базардағы бағалар сол төлем көлемінен төмен болады, деген болатын.

«Тым болмағанда, қарапайым жұртшылық қолданатын мазут, дизель отыны және төмен октанды А80 маркалі бензинің бағасын жоғарлатпауға болады», - деді министр Мыңбаев.

Бірақ әзірге, яғни егістік жұмыстары қызып тұрған кезде, санақ мәліметінше ішкі баға шарықтап барады. Оңтүстік Қазақстан облысында дизел отынының бір литрі 150 теңгеден асып кеткен, тіпті оның тапшылығы байқалып отыр.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов мұнай өнімдері бағасының өсу тенденциясы жаман және әлемдік бағаның өсуінен ішкі бағада өсетіндігін халыққа түсіндіре алмаймыз, деді. Сондықтан энергетика министрлігіне бір аптаның ішінде осы тенденцияны өзгертетін шаралар дайындалсын деген тапсырма берді.

«Менің пікірімше, бұл баға өсіру үшін жасап жатқан ойыншылардың жұмысы», деді премьер Мәсімов.

Қазақстанның Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтың пікірінше, мұнай өнімдерін экспортқа жіберуде реттеу шараларын енгізу қажет.

«Әлбетте, көп көлемде мұнай өнімдерін екінші рет экспортқа жіберу амалдары болатыны сөзсіз», - дейді министр Мыңбаев.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2008 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстаннан 279 мың тонна керосин шетелге шығарылды, бұл өткен жылғы осындай мерзімнен бір жарым есеге артық. Қазақстаннан экспортқа кеткен бензин көрсеткіштері де бір жарым есеге өсті. Ресми мәлімет бойынша, 42 мың тонна бензин экспортқа кеткен. Бірақ, оның ішінде ТМД елдеріне тасымалданғаны 36 мың тонна болса, 24 мың тонна Қырғызстанға кетіпті. Сонда қарапайым есепке жүгінсек, 18 мың тонна бензин екінші рет экспортқа түскен.

Ресми мәлімет бойынша қазір Қазақстан экспортының 65-70 пайызын шикі мұнай құрайды.
XS
SM
MD
LG