Accessibility links

Жазушы, журналист Уақап Қыдырханұлы соғыс тұтқындары жайында


Күні кеше ғана екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы жеңіс мейрамын бұрынғы поскеңестік жүйедегі барлық мемлекеттер, соның ішінде Қазақстан жұртшылығы да қызу тойладық. Осы тойдан кейін кімнің де болсын ойына сонау соғыс жылдарында жанқиярлықпен соғыса жүріп, өз еріктерімен емес, жау қолына амалсыз түсіп, кейін «легионерлер» атанып кеткен қазақтың талай ұлдарының тағдыры қалай болды деген сұрақ амалсыз туады.

Олардың көбі сол шетелдерде талай қиындықты бастарынан кешіп жүріп құрбан болды, ал тірі қалғандары болса туған Отаны - Қазақстанды шын сағына жүріп, өз өлең-жырлары және өзгедей шығармалар жазғанын біреу білсе, көпшілік қауым біле бермейді.

Солардың бірі қызылордалық Мәжит Айтбайұлы деген азамат. Ол соғыстың алғаш басталған кезінде, 1941-ші жылы тұтқынға түсіп, содан «Түркістан легионында» легионерлердің газетін шығарып тұрған. М.Айтбайұлы соғысқа дейін де өзінің ақындық өнерімен 200-ге жуық өлең шығарыпты, ал соғыс жылдарында елін, Отанын сағынып жазған өлеңдерінің өзі бір төбе.

Осы өлеңдердің бәрін елу жылдан бері іздесіріп, жинастырып жүрмін. Оның өлеңдерін оқып отырсаң, қызыл империяны мақтаған не даттаған бір өлеңі жоқ - кілең елін, жерін сағынған сағынышты өлеңдер. Ал осы «Түркістан легионында» сол соғыс жылдарында 30 мыңдай қазақ болғаны туралы тарихи мәліметтер бар. Бірақ олардың бір де біреуі өз еркімен жауға берілген емес, олар кілең еріксіз жағдайда соғыс тұтқыны болған адамдар. Ал кеңес империясы сол кезде соғыс тұтқындары жөніндегі Гаага конвенциясына кірмеген, ол келісім-шартты мақұлдамаған ел болғандықтан сол кезде жау қолына еріксіз жағдайда түскен өзінің соғыс тұтқындарына адамгершілік тұрғысынан емес, олардың бәрін «сатқындар» деп есептегені салдарынан олардың көбі еліне қайтпай, амалсыз шетелдерде қалуға мәжбүр болды.

Ал сол шетелде қалған азаматтардың көбінің тағдыры оңай болған жоқ, әрине. Сондықтан осы азаматтардың өмір жолдары туралы, олардың артында қалдырған мұралары болса соны жинастырып, оны халық көпшілік назарына ұсыну жұмысын бастау керек. Ал шетелде қалып қойған осы легионерлерді түгелдей ақтайтын уақыт жетті деп білемін. Олар елін, жерін қорғау мақсатында соғысқа аттанды, бірақ тағдырдың жазуымен соғыс тұтқыны болып, ақыры Еуропада қалып қойды. Бірақта олар ешуақытта өздерінің қазақ екендіктерін ұмытпады, сағыныштарын артында қалдырған өлең-жырлары арқылы бізге жеткізді.

Сол мұраларды «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында зерттеп, жинастыратын кез жеткен секілді.
XS
SM
MD
LG