Accessibility links

Алматылық Назырахмет Қали шетелдік компаниялармен арадағы келісім-шарт талаптарына қатысты


- Қазіргі заманда Қазақстан экономикасының негізгі табыс көзі мұнай-газ сияқты табиғи қазба байлықтардан түсіп жатыр. Кезінде, Кеңес Одағы құлап, Қазақстан тәуелсіз ел болған алғашқы жылдары, шетелдік талай компаниялармен неше түрлі шарттар жасасқанда, экономикамыз тұралап жатқандықтан, біз негізінен шетелдіктердің қойған шарттарын қабылдап, көнуге мәжбүр болған едік. Өйткені, ол уақытта өзімізде қазіргі заманғы мұнай өндіретін технологиялар мен құрал-жабдықтар да, оны меңгерген мамандар да жоқ еді.

Сондықтан ол кезде жасалған келісімдер біздегі мұнай-газды сол шетелдіктер неғұрлым өздеріне тиімді көлемде алатындай, бізге кейбір кезде тіпті 20 пайыз ғана қалдырып, қалғанының барлығына өздері иелік ететіндей шартпен бекітілген болатын. Сонан кейін, Қазақстаннан шығарылатын өнімнің барлығына дерлігі шетелге әлгі оффшорлық аймақтар арқылы жіберілді, шикізатты бізден су тегінге алып, әлемдік базарда оны бәленбай есе қымбат бағаға сатып, пайданы өкіртіп тауып отырды.

Енді қазіргі заманда өзіміздің экономикамыз өсіп, жан-жағымызды барлап, қайсы не екенін өзіміз де енді-енді біле бастаған кезде осы шарттарды қайта қарастыру керек деп санаймын. Бұрыннан істеп келе жатқан кейбір шет мемлекеттер, мысалы, араб елдерін алар болсақ, олар керісінше, 80 пайыз өнімді өздеріне қалдырып, 20 пайызды шетелдіктердің үлесіне беріп қойған. Менің ойымша, бізде де сондай шара, 80 пайыз болмаса да, кемінде 50 пайыз өнімді өзімізде қалдыратындай жасау қажет.

Әрине, ондай жұмыстар халықаралық құқық негізінде жасалғаны дұрыс, себебі, бұдан кейін елімізге келетін инвесторларды үркітіп алмау - аса маңызды. Бірақ, жаңадан келіп жатқан компанияларға өзіміздің қатал талаптарымызды қоя білу керек. Сол шетелдік компанияларда жұмыс істеп жатқан қазақстандық азаматтардың еңбек құқығының қорғалуын, олардың еңбекақы мәселесінде, әлеуметтік қорғалуы жағынан кемсітілмеуін қатаң назарда ұстаған жөн. Мысалы, қазір елімізде жұмыс істеп жатқан кейбір қытай компанияларында өздері алып келген адамдарға 2-3 мың доллар, ал тура сондай жұмыс атқаратын жергілікті азаматтарға одан 6-7 есеге жуық төмен еңбекақы төлеп келгені айтылып жатыр.

Сондықтан, осылардың барлығын ойластырып, шетелдік компаниялармен арадағы шарттардың барлығы, мүмкіндігінше, Қазақстан мен ел азаматтарының мүддесіне тиімді болуын қамтамасыз ететіндей қайта қарастыру керек.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG