Accessibility links

Шыңғыс Айтматовтың сүйегі «Ата бейіт» зиратына жерленді


Маусымның 14-күні Бішкекте Шыңғыс Айтматовпен қоштасу рәсімі өтті. Күннің аптап ыстығына қарамастан, марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға жиналған мыңдаған адамның арасында Қырғызстан президенті Құрманбек Бәкиев бастаған ресми тұлғалар мен мәдениет өкілдері, қоғам қайраткерлері, шетелдіктер де болды деп хабарлайды «Азаттық» радиосының Қырғыз қызметі.

Бішкек қаласындағы Т.Сатылғанов атындағы Қырғыз ұлттық филармониясының алдына қарақұрым халық таңғы сағат 07-ден жиналып, марқұмды соңғы рет көріп қалу үшін кезекке тұрды. Жазушымен жұртшылықтың қоштасу рәсімі сағат 09-дан 12-ге дейін созылды. Мұнан кейін филармония алдында өткен қаралы митингте Қырғызстан президенті Құрманбек Бәкиев, қырғыздың және шетелдің ақын-жазушылары, қоғам өкілдері сөз сөйледі. Жазушының сүйегін Қырғыз қарулы күштерінің әскері ел астанасындағы Алатоо алаңына көтеріп апарды. Сол жерде мемлекеттік ту төмен түсіріліп, әнұран ойналып, бір минуттық үнсіз еске алу рәсімінен кейін жазушының денесі Бішкектен 20 шақырымдай жердегі «Ата бейіт» зират кешеніне апарылып, мұсылман дәстүрімен жерленді. Ол зиратта жазушының әкесі, 1938 жылы халық жауы ретінде тұтқындалып, атылған Төреқұл Айтматов та жерленген.

Шыңғыс Айтматов 80 жасқа қараған шағында, маусымның 10-күні Германиядағы Нюрнберг емханасында дүние салды. Жазушы ол емханаға мамыр айының басында бүйрек дертімен түскен болатын.

Қырғыз Республикасының президенті Құрманбек Бәкиевтің Жарлығымен 2008 жылғы маусымның 14-і елде қаралы күн деп жарияланды.

1928 жылы Қырғыз коммунистік орталық комитетінің хатшысының отбасында дүниеге келген Шыңғыс Айтматов қырғыз және орыс тілдерінде «Жәмилә», «Алғашқы ұстаз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Жанпида» және тағы да басқа шығармалар жазды. Жазушының негізгі шығармаларының бәрі қазақ тіліне аударылған.
XS
SM
MD
LG