Accessibility links

Қазақстанда заңсыз есірткі саудасы өршіп тұр


Қазақстанда заңсыз есірткі саудасына қарсы күресті қатайту бағытындағы шаралар ретінде осы саладағы заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес, көп мөлшерде есірткі саудасымен ұсталғандар өмір бойы бас бостандығынан айырылатын болды. Сонымен қатар алдағы уақытта барлық мектептер мен жоғарғы оқу орындарында оқушыларды жаппай есірткіге тестілеу шаралары да қарастырылып жатыр.

Ішкі істер министрлігі Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитетінің нашақорлықтың алдын алу басқармасының бөлім бастығы полковник Серік Аманжоловтың айтуынша Қазақстанда есірткі мен нашақорлыққа қарсы күрес саласындағы заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес бұл саладағы жаза қатайтылатын болыпты.

«Заңға енгізілген толықтыруларға сәйкес, көп мөлшерде заңсыз есірткі саудасын жасағаны үшін, бұрынғы 15 жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім, 20 жыл, не өмір бойы бас бостандығынан айыруға және жеке мүліктерін тәркілеуге өзгертілді. Оған қоса жасөспірімдерді осындай есірткі саудасына, не нашақорлыққа тартқаны үшін, сосын тәркіленген есірткіні екінші айналымға түсіріп, қайтып сатқандар үшін жаза қатайтылды».

Бұл заңға Қазақстан президенті маусым айының аяғында қол қойыпты. Ал жалпы заңсыз есірткі саудасы тек Қазақстан емес, бүкіл ТМД аумағы үшін өзекті мәселеге айналып отырғаны белгілі. Сондықтан да былтыр Алматыда ТМД-ның жеті елі заңсыз айналымдағы есірткілік заттармен күрес жөніндегі орталық-азиялық аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығын құрды. Ал Алматыдағы нашақорлық ахуалы туралы қалалық наркологиялық диспансердің бас дәрігер орынбасары Индира Кеңесбекова былай дейді:

«Алматыда нашақорлықпен наркодиспансердегі тіркеуде тұратындардың саны биыл 8352 адам болып тұр. Ал былтыр 8181 адам болатын. Яғни биыл олардың саны 2,1 пайызға өсті. Солардың ішінде әйелдердің саны 1135 адам, ал жас өспірімдер саны 138 бала. Былтыр 125 бала тіркеуде тұрған. Демек, биыл былтырғымен салыстырғанда көрсеткіштер жоғары деп айтуға болады».

Ал нашақорлыққа шалдыққандарды емдеу тиімділігі қаншалықты? – дегенге, Индира Кеңесбекова «азын-аулақ емделіп шығып жатқандар болғанымен, емделудің айтқандай тиімді еместігін» айтты.

«Бұл сұраққа жауап беру өте қиын, себебі бұл ауру созылмалы ауру. Кез келген уақытта қайтадан қайталануы мүмкін. Оның үстіне аурудың емделемін деген ниеті болуы керек. Бізге олар сондай ниетпен келуі керек. Ал бізге оларды көбіне ата-аналары әбден шаршаған соң ішкі істер орган адамдары арқылы әкеледі, кейде учаскелік полициялар әкеледі. Не балалары наркоман екенін білгенен кейін ата-аналары оларды жасырын түрде ақылы жеке мекемелерде емдеуге тырысады, сөйтіп бізге ешқандай ем қонбаған соң, ең бір соңғы стадияларында алып келеді. Нашақорлар өзін ешқандай аурумын деп санамайтын қалде әкеледі. Ондай ауруларды емдеу әрине қиын».

Сонымен қатар Кеңесбекова ханым, биылғы оқу жылынан бастап Қазақстанның барлық мектептері мен жоғарғы оқу орындарында наркологиялық посттар ашылып, оқушыларды нашақорлыққа жаппай тестілеу басталмақ дегеніменен, оның сөзін есірткі айналымын бақылау комитеті нашақорлықтың алдын алу басқармасының бөлім бастығы полковник Серік Аманжолов растамады.

«Ондай заң жобасы бізде жаңадан ғана жасалып жатыр. Ондай заң болғаннан кейін Конституцияға қайшы келмеуі керек қой, ал біз былтыр министрліктермен келісім бойынша тест ретінде, бірнеше оқу орындарында осындай тексеру жүргізгенбіз. Ал оқушыларды жаппай осындай тексеріске салу оның конституциялық құқығын бұзу болып табылады. Сондықтан бұл мәселе әлі қаралып жатыр, биылғы оқу жылынан бастап тексеріс басталады деген, әзірге жай сөз».

Сондай-ақ полковник Серік Аманжолов нашақорлықпен күресте Қазақстан енді негізгі күшті алдын алу шараларына салып отырғанын айтады.

«Қазіргі біздің негізгі мақсатымыз - нашақорлықтың алдын алу болып тұр. Егер алдыңғы уақыттары біз есірткі бизнесімен күресіп, алдын алу шараларын екінші орынға қойсақ, қазір керісінше – алдын алу. Неге біз жаңағы нашақорлықты анықтау тестіні кіргізейін деп отырмыз? Ол осы алдын алу шараларынан туындап отыр».

Ресми деректер бойынша, 2000 жылы Қазақстанда 34 мың нашақор арнайы тіркеуде болған, ал БҰҰ-ның наркобизнеске және қылмысқа қарсы күрес басқармасының мәліметі бойынша, сол жылдары Қазақстанда 250 мың есірткіге тәуелді адам өмір сүрген. Қазір бұл көрсеткішті Бас прокуратураның Құқықтық статистика және әлеуметтік есепке алу комитеті 54 мыңға жеткізіп отыр. Соның ішіндегі 4 мыңы әйелдер, бес мыңға жуығы жасөспірімдер екен. Наркологтардың айтуынша, есірткіге тәуелді нашақорлардың нақты санын шығару үшін, ресми көрсеткіштерді кемінде 5-6 есеге көбейткен жөн, сонда Қазақстандағы нашақорлардың нақты санына жақындауға болады дейді олар.

Қытай мен Иран және әлемнің басқа да бірнеше мемлекеттерінде заңсыз есірткі саудасымен қолданушыларды өлім жазасына кеседі. Ал Еуропаның Голландия мен Швейцария сынды мемлекеттерінде есірткінің жеңіл түрлеріне рұқсат берілген.
XS
SM
MD
LG