Accessibility links

Ұстазынан көңілі қалған шәкірт


Әдепкіде математикадан сабақ берген мұғалімі Солженицынды мақтан тұтқан шәкірт көңілін кейінгі жылдары реніш мұңы тұмшалаған болатын.

Сонау Мойынқұмның кең байтақ даласында Көктерек деген ауыл бар. Ауыл алғаш Совет үкіметі тұсында Көктерек ауданы құрылғанда оның орталығы болған еді. Көп ұлтты әрі қазақы дәстүрлерді берік сақтаған ауыл еді. Кейін келе аудан екіге бөлініп, Мойынқұм ауданы өз алдына шаңырақ құрған кезде аудан орталығы алыс құм арасына қарай көшіріліп, ал Көктерек болса, жай ауылдардың, нақтылай айтқанда совхоздардың бірі боп қала берген-ді. Екінші аты- Бірлік селосы болатын.

“Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес” демекші Көктерек бәрібір көрікті де көк желекті еді. Оның қаптаған көк теректерінің аясында асыр салып, ержеттік. Тұстастарым үлкендердің сөздерін қағып алып, санасында сақтайтын құйма құлақ боп өсті. Бәлкім басқа ақпараттардың аздығынан болар...

Менің нағашы ағам Сарыбайұлы Қамшыбек Жылқыбай немересі көп сөзде шаруасы жоқ, сыпайы мінезді, томаға-тұйық жан еді. Сондықтан болар анда-санда шешіліп, әңгіме айта қалса қалт жібермей тыңдайтынбыз. Сондай әңгімелерінің тұсында:
-Біздің ауылдың мектебі білімді жақсы береді ғой. Маған тіпті атақты Солженицын да сабақ берген болатын. Математикадан... Осында айдауға жіберілген еді. Сабақты жақсы түсіндіретін,- деп отырушы еді үлкен мақтанышпен. Ұстазының кейінгі өмір белестерін де шамасының келгенінше назарынан тыс қалдырмауға тырысатын.
-ГУЛаг туралы сондай шындықты жазған адамды ақыры шыдатпады..,-деп қоятын еді ол кісі үй-ішілік дастарқан басындағы әңгімеде. Ондай астарлы әңгімелердің байыбына бара алмаған, мектеп жасына ілігіп үлгермеген, қалқан құлақ біздер де, атамыз бен әжеміз де әңгімені одан әрі не деп жалғастыруды білмеуші едік.

Кейін жоғарғы класта оқып жүрген кезімде ғана сол Көктерек ауылындағы Киров мектебінде талай мықты тұлғалардың сабақ беріп, аулымызда өмір сүргеніне қанық болдық. Ағам болса Солженицын ұстазын анда-санда еске алуын тоқтатпады.

Арада жылдар өтіп..., Совет үкіметінің шаңырағы ортасына түсті.
-Солженицын ұстазым елге оралыпты!-деді бір күні риза көңілмен Қамшыбек ағам. Арада тағы біраз уақыт сырғи жөнелген еді. Бір күні нағашы ағам:
-Қазақтан жамандық көрмеген сияқты еді. Бізге мектепке келген кезінде жүдеу өңді, аурушаң көрінген болатын. Кетерінде денсаулығы жақсарып, бет-әлпеті оңалып, қызыл шырайланып қайтқан еді. Өзімнің білуімше ауылдастарымыз “Мұғалім” деп құрақ ұшып, сыйлап тұратын еді. Енді келіп “Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты Ресейге қосу керек” деп жармасып жатыр екен ғой. Солженицынның бұл қай алжасқаны? Соншама жыл дәм-тұзымызды татып, сый-сияпатымызды көрген еді. Бейшара қартаяйын деді ме?...-деп қатты ренішін білдіріп, ұзақ уақыт терең бір ойға беріліп, мұңаюмен отырды. Момын адамның булыға ашуланғаны жаныңа батады екен.

Содан былай ол кісі орыс жазушысы Александр Солженицынды “ұстазым” деп айтуын тоқтатты. Мүлдем доғарды десе болғандай. Құлай сыйлаған шәкірт көңілі бір қалса, морт кететініне сол жолы әбден көзім жетті.
XS
SM
MD
LG