Жексенбі күні Қырғызстанда апатқа кезіккен ұшақта Қазақстанның үш азаматы болған деп хабарланып отыр. Олардың аты-жөндері: Мұхтар Мүшекенов, Евгения Цой және Гаухар Эсаева, деп көрсетілген Қырғызстан Шекара қызметі баспасөз қызметінің «АКИ пресс» агенттігіне берген тізімде.
Агенттіктің хабарлауынша, ұшақта Ирандық 54 адам, Қырғызстанның – 29, Қазақстанның - 3, Канаданың -2, Қытайдың – 1 азаматы және Түркиядан бір адам болған екен.
Тамыздың 24-күні, жергілікті уақытпен сағат 20.30 шамасында, Қырғызстандағы халықаралық Манас әуежайы маңында №6895 рейсімен Бішкектен Иранға бет алған «Boeing 737» ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақта болған 90 адамның 68-і қаза тауып, түрлі жарақат алған 18 кісі ауруханада жатыр, ал 4 адам алғашқы дәрігерлік жәрдем алған соң үйлеріне шықты, деп хабарлады Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі.