Accessibility links

Ресей неге қолдаусыз қалды?


Шанхай ынтымақтастық ұйымының Душанбедегі саммиті
Шанхай ынтымақтастық ұйымының Душанбедегі саммиті

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің өзара айқын түрде келіспеушілікке тірелуі тамыздың 28-дегі саммиті тұсында нақты көрініс берді.

Қытайдың оппозициялық бағытты ұстануы Орта Азия елдерінің Ресей бағытын қолдамауына жағдай жасады. Яғни оларға, Грузия жікшілдік аймақтарының тәуелсіздіктерін Ресейдің мойындауына қатысты, Мәскеу принципін қолдамауға мүмкіндік берілген болатын.

Осылайша Тәжікстан астанасы Душанбеде болған саммиті кезінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Оңтүстік Осетия мен Абхазия тәуелсіздіктерін мойындаудан бас тартысты.

Ресей келер жылы аталған ұйымға төрағалық етеді. Халықаралық сын астында қалып отырған ресми Мәскеу осы мүмкіндікті пайдаланып, ұйымды өз жағына шығаруға тырысатын сыңайлы.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Қытай да, өзге ортазиялық мемлекеттер де саммит мәлімдемесінде және басқа да көпшілікке арналған құжаттарында Ресейдің бұл бағытын қолдаудан бас тартысты.


"Қытай елі бұл жолы Ресейді неге қолдамады?" деген сауал туындары сөзсіз. Оның бірнеше себептері бар.
Ресми Мәскеу Грузияға қарсы қомақты әскерін пайдалануға көшкен кезде Ресей туралы жаңа пікір қалыптаса бастады.
Демек Ресей елі Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындап, оларды Тбилиси бақылауынан шығаруға тырысу арқылы қазіргі өз шекарасын кеңейтуді ойластыруда деген тұрғыда ой туындаған-ды.

Ресми Бейжің болса Ресейдің Орта Азия елдеріне де осындай зорлықшыл саясатты қолданғанын қаламайды. Себебі Қытай Орта Азияда өз ықпалын күшейтпекке мүдделі.

Келесі себеп Қытайдың өз ішіндегі жағдай еді. Олимпиада қарсаңында Тибет пен Шыңжаңда, яғни Шығыс Түркістанда орын алған қарсылық шаралары, сондай-ақ Тайванның қазіргі үкіметінің БҰҰ-на өз елі атынан дербес мүше болмаққа ұмтылысы ресми Бейжіңнің қазіргі Ресей саясатын қолдамауына әкеліп отыр.

Қытай үкіметі Балқандағы тәуелсіздік алған мемлекеттерді де кезінде қолдамаған болатын.

Тағы бір себеп: Қытай осы әрекеті арқылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерді Шыңжаңдағы ұйғыр жікшілдеріне қолдау көрсетпеуге шақырғысы келген еді. Осыған орай Қытай дипломаттары өз елдерінен шыққан жікшілдердің Бейжіңге қайтарылуы жөнінде Орта Азия елдерімен келісімге қол жеткізген болатын.

Бұған қоса Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер лаңкестікке қарсы күресте өзара бірлескен көпұлтты жаттығулар өткізуде.

Сондай-ақ “жікшілдік, лаңкестік, экстремизм” сияқты үш қатерге қарсы күрес, Қытайдың ықпал етуімен, аталған ұйымның басты мақсаттарының бірі ретінде бекітілген болатын.

Ал Орта Азия мемлекеттерінің бұл жолы Ресейді қолдамауларының жоғарыда айтылғаннан басқа да себебі бар. Яғни олар Ресейдің жағына шыққан жағдайда “батыстық әріптестерімізге қарсы келіп қалармыз” деп қауіптенуде.

Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды:
Қытай мен Ресей екіжақты қызығушылықтар қамтылған салаларда әріптес болуға әзір.

Алайда қызығушылықтар біржақты ғана болған жағдайда олар бір-бірін қолдамайды. Алдағы болашаққа көз салар болсақ, Ресей мен Қытайдың Орта Азиядағы бұл әріптестігі, энергия көздеріне қол жеткізу мәселесінде, тіпті бәсекелестік жарысқа айналуы мүмкін.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің саны алдағы жылдарда өсе түсетін сыңайлы. Демек НАТО-ға бәсекелес біртұтас азиялық қауіпсіздік ұйымының құрылуына алғышарттар жасала бастады.
XS
SM
MD
LG