Accessibility links

Қазанда - халықтың қалтасы тағы қағылады


Қазанда Атырауда нан бағасы тағы да көтерілуі мүмкін. Атыраудағы түрлі нан өнімдерін шығаратын іргелі кәсіпорынның бірі «Заман -Нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мұны құптап отыр.

- Әрине, бәрі қазан айында белгілі болады, - дейді «Заман-Нан» ЖШС бас есепшісі Самал Егізбаева. - Себебі енді аз уақытта халық көп тұтынатын «кірпіш» нандар пісірілетін 1-ші сұрыпты ұн бағасы 4 теңгеге көтерілмек. Егер біз қазір мұндай ұнды 56 теңгеден алып отырсақ, қазан айынан бастап 60 теңгеден алатын боламыз. Бұл мәселе «Зерновой Союз Казахстана» тұлғалар бірлестігі және «Көкшетау-Мельинвест» ЖШС мен облыс әкімшілігі арасында жасалған меморандумда нақтыланған.
«Заман-Нан» ЖШС тек Атырау қаласын ғана емес, Құлсары, Мақат, Доссор, Махамбет аудандарын да нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Қаладағы аурухана, мектеп, бала-бақша және басқа да мекемелер, супер-маркеттер мен ірілі-ұсақты азық –түлік дүкендері де оның негізгі тұтынушылары. Кәсіпорын күніне 11 мың тонна түрлі нан өнімдерін шығарады. Оның 7 мың тоннасы «әлеуметтік» бөлкелер болса, қалған 4 мың тоннасы жоғары сортты ұннан әзірленген.
«Заман-Нан» ЖШС менеджері Асқар Ерекеновтың айтуынша нан бағасының көтерілуі заңды:

- Өйткені, оның бағасы шикізат құнының, яғни ұнның бағасы жоғарлауымен, электр энергиясы, газ құнының өсуімен қатар, нан пісіруге қажетті құрамның бағасының артуымен де түсіндіріледі.
Мәселен, 2007 жылдың қыркүйегінде жоғары сортты ұнды- 69 теңгеден алсақ, биылғы қыркүйекте-75 теңгеден алып отырмыз. Ал бірінші сұрыпты ұнды -56 теңгеден алып келсек, енді ол - 60 теңге болмақ. Сондай-ақ құм шекер былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда 103 теңгеден 105 теңгеге, маргарин майы 210 теңгеден-230 теңгеге, өсімдік майы 300 теңгеден - 330 теңгеге өсіп отыр. Нан ашытқысы тіпті бөлек әңгіме. Алматыдағы ашытқы даярлайтын зауыт жабылғаннан бері біз оны Ресейден аламыз. Сондықтан ашытқының былтырғы бағасы- 460 теңге болса, енді 760 теңге, жаншылған ашытқының да құны 160 теңгеден 170 теңгеге көтерілді.
Ал 60 теңгеден алынған ұнға пісірілген нанды қалай 45 теңгеден сатуға болады? Онсыз да соңғы жылдары Серіктестік шығынмен жұмыс істеп келеді. Бұл шығындардың орынын жоғары сортты ұннан өндірілген нан өнімдері құнын көтерумен жабуға тырысамыз.
Қазір Атырауда нан бағасы оның түрлеріне қарай 39 теңгеден 70 теңгеге дейін, ал жәй бөлке нандарды 45 теңгеден алуға болады. Азық-түлік дүкендеріндегі 1-ші сұрыпты ұнның 1 келісінің бағасы-135 теңге болса, жоғары сұрыпты ұнның келісі -134-145 теңге.
Жалпы нан бағасының өсуіне оны сатушылардың да ықпалы мол көрінеді. Атыраулық нан пісірушілер айтқандай олардың әрқайсысы нанның шығарушы қойған бағасы үстіне 5-7 теңге қосып, өз пайдаларын айырады.
Ал Президент азық-түлік қымбаттамайды деп еді...

17 маусымда ғана Ақордада үкімет басшылары және оның мүшелерімен болған экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Н.Назарбаев азық түлік өнімдеріне бағаның өсуі жайлы дабыраның тарап бара жатқанына тоқтала отырып, өршіп келе жатқан инфляция да, ең қажетті тауарлар бағасының өсуі де құр дақпырт екенін басып айтқан еді. Сол жолы Ауыл шаруашылық министрі Ақылбек Күрішбаев та азық-түлік дағдарысының алдында Қазақстанның мұртын балта шаппайтынын айтқан. «Қолда бар мемлекеттік қор келесі егістікке дейін жетіп артылады, биыл Қазақстан қамбасына 17-18 миллионн тонна астық жинармыз» деген болжам да жасаған. «Негізгі азық-түліктер жөнінен өзімізді шикізатпен толық қамтамасыз ете аламыз және сыртқы рынокқа тәуелді емеспіз» деген.
Сөйтсе де, нан және басқа да ең негізгі азық –түлік өнімдері бағасының өсуі тоқтаған жоқ. Статистикалық мәлімет бойынша республика көлемінде 2008 жылдың тамызында 2007 жылғы тамызға қарағанда жалпы азық-түлік тауарлары бағасы 27,9 пайызға өскен. Басқа азық–түлік өнімдерін былай қойғанда ең көп қолданылатын: ұнның бағасы -76,6 пайызға, нан- 40,6 пайызға, сары май мен май бағасы -68,9 пайызға, сүт өнімдері мен жұмыртқа-30,9 пайызға, күріш- 81.9 пайызға, жарма- 21,2 пайызға өскен!
Ал Атырауда нан мен жарма өнімдері, макарон өнімдері, қант пен жеміс-көкөніс бағалары айрықша көтерілген. Облыстық статистика департаменті тұтыну рыногындағы тауарлар мен қызмет көрсету бағасы 2008 жылдың тамызында өткен жылғымен салыстырғанда 16,7 пайызға жоғарлағанын, нан және жарма өнімдері бағасы былтырғы жылғы желтоқсан айымен салыстырғанда биылғы жылдың маусымында -14,5 пайызға, ұн – 13,8%-ға өскенін жариялады. Ал негізгі тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларынан алынып есептелетін, тамыз айындағы жан басына шаққандағы күнкөрістің ең төменгі деңгейін құрайтын 14552 теңгенің тек нан өнімдерін сатып алуға 15,3 пайызы жұмсалады екен.
Алайда Атыраудағы нан бағасының өсуін тоқтатуға жергілікті әкімшілік ықпалы қандай екенін білудің бізге реті келмеді. Облыстық ауыл шаруашылығы департаменті бастығы сөйлесуге уақыты жоқтығын айтып, меморандум жайлы ақпарат берумен шектелді.
XS
SM
MD
LG