Accessibility links

АҚШ сайлаушылары президенттік сайлауда бірқатар заң жобаларына да дауыс берді


Өткен аптада америкалықтар жаңа президентін сайлады. Сондай-ақ Конгрестің қос палатасында демократтар басым дауысқа ие болды. Осыған қоса АҚШ-тың бірнеше штаттарында жекелеген мәселелер бойынша ұсыныстар сайлаушылар талқысына салынған болатын.

Қарашаның 4-де америкалықтар жаңа президентті сайлаған кезде сайлаушылар талқысына біраз штаттарда заң жобаларына қатысты әртүрлі ұсыныстар салынған еді.

Олардың барлығына тән бір ұқсастық- сайлаушылардың жергілікті заң шығарушы мекемелердің пікірлерін аттап өтіп, сайлау арқылы өз үндерін тікелей білдіре алулары.

Мысалы, Вашингтон штатының сайлаушылары өте ауыр халдегі сырқаттардың өз өтінішімен олардың өмірмен ертерек қоштасуына дәрігердің көмек беруіне рұқсат ететін заңды мақұлдасты. Дәл осындай заңды сәл ғана бұрын Орегон штаты сайлаушылары да қолдап шыққан болатын.

Ал Колорадо мен Оңтүстік Дакота штаттарының сайлаушылары жасанды түсік тастатуға кең тұрғыда тыйым салу жөніндегі заң жобасына қарсы шықты.

Сондай-ақ бір жынысты адамдардың үйленуіне тыйым салатын заңды Калифорния сайлаушылары қолдаған еді. Калифорниялық шерушілер бұл заңға өз қарсылықтарын білдірісті.

Тұтастай алғанда АҚШ бойынша төрт штатта бір жыныстылардың үйленулеріне тыйым салатын заң қабылданып отыр.

Сонымен, сайлаушылардың жергілікті заң шығарушы мекемелерді айналып өтіп, сайлау арқылы нақты мәселе бойынша өз үндерін білдіре алғандары жақсы идея ма?

Бұл сауалға жауап берген Като институты жанындағы Өкілдік үкімет деп аталатын орталықтың басшысы Джон Самплстың пікірінше, мұндай үдерістің жақсы жақтары бар.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Самплс мырза белгілі бір ұсыныстарды сайлаушылар талқысына салу осыдан бір ғасыр бұрын, “Прогрессивті дәуір” деп аталған кезеңде басталған болатын деді.

Сол жылдары сайлаушылар өздері сайлаған депутаттардың, әсіресе жергілікті штаттар деңгейінде, өздеріне тапсырылған міндеттерді, аманаттарды тиісінше атқармай отырғандарына наразы еді дейді Самплс мырза.
“Заң шығарушылар кейде сайлаушылардың басым бөлігінің тілектерін орындаудан қашқақтап кететін. Көпшіліктің аманатына мүлдем жуыспайтын істерді атқарулары арқылы ол заң шығарушылар, көп жағдайда, жекелеген қызығушылықтар мен топтардың сойылын соғып кететін. Сондықтан сайлаушылардың нақты ұсыныс-мәселелер бойынша дауыс беруі деген сөз, өз міндетті істерін атқара алмай отырған заң шығарушы мекемелерді аттап өтіп, сайлаушылардың басым бөлігінің заң қабылдау үдерісіне тікелей араласу мүмкіндігіне ие болуы дегенді білдіреді”, деді Самплс мырза.

Мұндай дауыс беру арқылы қабылданған ұсыныстар күші 1978 жылға дейін жергілікті штаттан тыс аймақтарға әсер етпеуші еді. Сол жылы Калифорния сайлаушылары жекеменшік мүлікке салынатын салық көлеміне қатаң шектеу қою үшін штат Конституциясына өзгеріс енгізген болатын.

Салық көлемін азайту сияқты оң ықпалы болғанымен, бұл енгізілген өзгерістің кері әсері де болмай қоймады. Атап айтқанда қоғамдық мектептерге бұған дейін бөлініп келген қомақты қаржы да айтарлықтай қысқарып кеткен еді.

Осыған қарамастан Калифорнияда қабылданған бұл өзгеріс өзге де штаттарға әсер етіп, тұтас ел бойынша салықты азайту бағытындағы қозғалысқа бастама болған еді.



XS
SM
MD
LG