Accessibility links

АҚШ: Ливиядағы құрбандар саны 30 мың адамға жетуі мүмкін


Ливияда үкімет күштері мен көтерілісшілер арасындағы қарулы қақтығыс салдарынан құрбан болғандар саны 30 мың адамға жетуі мүмкін деп мәлімдеді АҚШ әкімшілігі.

Америкалық дипломат Джин Крецтың айтуынша, қарулы қақтығыстар жалғасып жатқан екі айдан астам уақыт ішінде, Вашингтонның деректеріне сәйкес, қаза болғандар саны - 10 мың мен 30 мың адам аралығында. Сонымен бірге АҚШ дипломаты қаза тапқандардың нақты санын анықтау әлі мүмкін болмай отырғанын айтты.

Сәрсенбі күні Муаммар Каддафиге бағынышты әскерилер Мисурата қаласының батыс ауданын қайта атқылай бастады. Сонымен бірге, көтерілісшілер НАТО әуе күштерінің қолдауымен басып алған Мисуратаның шығыс бөлігін де атқылаған.

Ливиядағы адам құқықтарын бұзу оқиғаларын зерттеу үшін сәрсенбі күні Триполиге БҰҰ комиссиясы барды.
XS
SM
MD
LG