Accessibility links

Бас прокуратура Жоғарғы соттың бұрынғы екі судьясы қамауда отырғанын хабарлады


Қазақстан Жоғарғы сотының бұрынғы екі судьясы – Алмас Тәшенов пен Сәулетбек Жәкішев коррупциялық қылмысқа қатысы бар күдіктілер ретінде тұтқындалып қамауда отырғаны туралы бүгін Астанада өткен брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев хабарлады.

«Тәшенов пен Жәкішевке қатысты қылмыстық істерді тергеумен қаржы полициясы органдары айналысып жатыр. Аталған адамдарды қамауға алу туралы сот шешімі бар», - деген Өмірәлиев бұл іс Бас прокуратураның қадағалауында екендігін айтты.

Қаржы полициясының ұсынысы бойынша парламент сенаты сәуір айының ортасында Алмас Тәшенов пен Сәулетбек Жәкішевті Жоғарғы соттың судьясы қызметінен босатуға келісім берген болатын. Олармен бірге сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен Жоғарғы соттың тағы төрт судьясы жұмыстарынан алынған.

Сәуірдің 15-і күні өткен парламент сенатының отырысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы соттың алты судьясы коррупцияға қатысты жұмыстан босатылған соң Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбековтің өз еркімен қызметтен кетуге өтініш бергенін депутаттарға хабарлаған еді. Әлімбековтің орнына осы кезге шейін Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болған Бектас Бекназаров тағайындалды.
XS
SM
MD
LG