Accessibility links

Қазақ елшілігі АҚШ полициясы атып өлтірген Қазақстан азаматы үшін өтемақы талап етпек


Қазақстан елшілігі АҚШ-та өткен аптада атып өлтірілген Қазақстан азаматы Кирилл Денякин үшін америкалық билік орындарынан материалдық өтемақы төлеуді талап ететін болады. Бұл туралы Азаттық радиосына бүгін Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов хабарлады.

«Қазақстан елшісі Ерлан Ыдырысов АҚШ мемлекеттік департаментінің жоғары лауазымды өкілдеріне қазақстандық тараптың аталған мәселе бойынша наразылығын жеткізіп, оқиғаның толық және ашық түрде тергелуін талап етті. Сондай-ақ, марқұмның жақындарына тиісті өтем төленетіндігіне сенім білдірді», - деді Асқар Әбдірахманов.

Сонымен бірге ол қазақ елшілігінің наразылық білдіретін тиісті нотасы АҚШ мемлекеттік департаментіне жіберіліп, оқиғаның егжей-тегжейлі зерттелуі қажеттігі туралы мәселе қойылғанын хабарлады.

Қаза болған Қазақстан азаматының анасы сәуірдің 27-сі күні АҚШ-қа жеткенін хабарлаған Әбдрахманов елшілік марқұмның денесін Қазақстанға жеткізу мәселесімен айналысып жатқанын айтты.

Сәуірдің 23-і күні АҚШ-тың Портсмут қаласында Қазақстан азаматы Кирилл Денякинді полиция қызметкері атып өлтірген еді. Кейбір деректерге қарағанда, полиция өкілі жас жігітті тонаушы деп ойлап қалып, қателесіп атқан.

Кирилл Денякин соңғы екі жыл бойы Портсмуттағы «Ренессанс» қонақ үйінде аспаз болып жұмыс істеген.
XS
SM
MD
LG