Accessibility links

Ғасырдан да ұзақ жасаған - Сахан Досовамен қоштасуға биліктен ешкім келмеді


Молда 130 жаста өмірден өткен Сахан Досованың жаназасын шығарды. Майқұдық, 13 мамыр, 2009 жыл.
Молда 130 жаста өмірден өткен Сахан Досованың жаназасын шығарды. Майқұдық, 13 мамыр, 2009 жыл.

Наурыз айында 130 жасқа толған Сахан әжейді соңғы сапарға шығарып салуға ұрпақтары ғана жиналды. Марқұммен қоштасу Майқұдықтағы Балқажы мешітінде өтті. Планетаның қарт тұрғыны жаңа пәтерге кірген күні жамбасын жарақаттап, содан кейін-ақ оңала алмады.

Мамырдың 9 – ы Қарағанды жеңіс күнін тойлап жатқанда 130 жыл ғұмыр кешіп, бір күн бұрын өмірден өткен Сахан әжейдің жаңа пәтерінің есігі ашық, бірен-саран ғана адам кіріп-шығып жатты. Қаралы үйге бас сұғушылардың дені марқұмның туыстары мен бала шағалары еді.

Сәрсенбі күні марқұммен қоштасу Майқұдықтағы Балақажы мешітінде өткізілді. Жаназаға жиналғандардың көпшілігі ғұмырының соңғы айларында даңқы әлемді шарлап кеткен Сахан Досованы соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне қала басшылығы мен жергілікті басқа да ресми орындардан ешкімнің қатыспағанына қарындары ашып, қынжылыс білдіріп тұрды. Мұрат есімді Қарағанды тұрғыны ғасырдан да ұзақ ғұмыр кешкен жанды ақтық сапарына шығарып салуға қатысу үшін өзінің ержетіп қалған балаларына дейін ертіп келгенін әңгімеледі

-Бұл деген 130 жылда бір-ақ рет болып тұрған өте сирек кездесетін жайт. Осындай оқиғаның Қазақстанда, оның ішінде Қарағандыда орын алғанын мақтан тұтып, мәртебе жасауымыз керек еді. Өйтпек түгілі біз әжеге бір пәтерді жылап жүріп әрең бердік, оған кірген күні сап-сау Сахан апа жамбасын мертіктіріп алды. Сөйтіп ол кісінің о дүниеге ертерек аттанып кетуіне қолдан көмектескендей болдық, өкінішті әрине. Осыншама ұзақ жасаған жан бекер адам емес деп балаларым да марқұмға бір уыс топырақ салсын деп әкеліп тұрмын,- деді Мұрат.
Әжені ақтық сапарға шығарып, соңғы құрмет көрсету.



Жерлеу рәсіміне келсек, Нүкен Әлкешова бұл мәселеде де көңілі тоқ емес.Оның айтуынша, жерлеуден бір күн бұрын оған мешітте өтетін жөн жоралғылардың шығынын өзіміз көтереміз деген Октябрь ауданы әкімшілігіндегілер өз сөздерінде тұрмаған.

-Кеше әкімдікте болғанымда барлығын өзіміз қатырамыз. Мешіттегі ас мәзірі мен молданың еңбекақысы және жер қазу мәселелеріне уайым жемеңіз деп шығарып салды. Енді бүгін апамды шығарып болғаннан кейін маған асхананың ақшасын төле деп жібермей тұр. Бас аяғы 20 мың теңге қарызбын бұларға. Әкімдік төледі ғой десем, біз әкімдікке қарамаймыз, олар сөйлей бермесін деді,-дейді Нүкен Әлкешова.

Осы сөздерден кейін іле шала Октябрь ауданы әкімшілігіне хабарласқанымызда аудан әкімінің орынбасары Зинаида Тихонова мәселенің барлығы шешілгенін айтты.

-Олар неге осылай өтірік айтады. Біз жаназа шығару, ас беру, жерлеу және көлік мәселесін шештік қой. Көлік бердік, жер қазылды. Ақшасының барлығы төленді. Мен қазір ғана осы мәселе бойынша имаммен сөйлестім,- дейді Октябрь ауданы әкімінің орынбасары Зинаида Тихонова.

Қарағандылық шенеуніктер Сахан Досоваға пәтер бөлгенімен оның құжаттары әлі күнге дайын болған жоқ. Ол түгілі қазадан кейін Сахан Досованың немересін тұрғын үй қоры мекемесінің бастығы Бекзат Ахметов қабылдамаған да көрінеді. Бөлінген бірақ құжаттары дайындалып бітпеген пәтер турасында қалалық тұрғын үй қоры мемлкеттік мекемесінің маманы Сырым Камалиев былай дейді.

-Пәтер олардың атына аударылмайды. Бұл мемлекет меншігі болғандықтан пәтерде олар қанша тұрса да өздері білсін, бірақ жекеменшікке өтпейтіндіктен, олар оны болашақта сата алмайтын болады, бірақ тағы қайталаймын ол пәтерде олар қанша тұрам десе де өз еріктері,-дейді Қарағанды қаласы тұрғын үй қоры мемлекеттік мекемесінің бас маманы Сырым Камалиев.

Сахан Досованың мәйіті Майқұдық маңындағы Свердлов елдімекеніндегі мұсылман зиратына қойылды. Планетаның қарт тұрғыны Сахан Досова марқұммен қоштасу рәсімінде жергілікті билік өкілдері де, депутаттардың ешқайсысы төбе көрсетпеді. Мешітке тек әжейден тараған ұрпақтар мен жақын туыс-таныстары жиналып, ұзақ жасаған кейуананы соңғы сапарға аттандырды. Марқұмның қырқы да осы Балақажы мешітінде берілетін болды.
XS
SM
MD
LG