Accessibility links

Рахат Әлиев: Жәкішев - Назарбаевтың айла-шарғысының куәсі


Мұхтар Жәкішев, "Қазатомпром" компаниясының бұрынғы президенті.
Мұхтар Жәкішев, "Қазатомпром" компаниясының бұрынғы президенті.

Мұхтар Жәкішевтің тұтқындалуына байланысты әңгіме халықаралық баспасөздегі Қазақстан туралы жарияланымдарда ең атышулы тақырыпқа айналып отыр. Өзінің жеке блогында Рахат Әлиев оны өзінің досы және кезекті саяси тұтқын деп атапты.

ЖӘКІШЕВТІҢ ТҰТҚЫНДАЛУЫНА ӘЛЕМ ЖҰРТШЫЛЫҒЫ НАЗАР АУДАРДЫ

Көптеген апталық басылымдар аптаның ортасы не соңына таман жарық көретіндіктен, Қазақстанға қатысты жаңа шулы тақырып әлемдік баспасөзде бұдан да кең көлемде сөз болады деуге негіз бар сыңайлы. Әзірге кейбір халықаралық басылымдарда жарияланған хабарларға тоқтала кетейік.

«Рейтер» жаңалықтар агенттігі Қазақстан қауіпсіздік қызметінің жемқорлық жасады деген күдік негізінде бұрынғы ұлттық атом компаниясының басшысын тұтқындағанын хабарлайды. Үсті-үстіне тереңдеп бара жатқан қаржы саласындағы дағдарыс, елді билеп отырған элита ішіндегі текетіресті күрделендіріп, үкімет пен өнеркәсіп компанияларындағы қылмыстық тергеу мен тұтқындаулардың тұтас бір тізбегіне түрткі болды, деп жазады агенттік.

«Қазатомпром» компаниясын әлемдегі ең ірі уран өндіру кәсіпорны дәрежесіне дейін көтерген Мұхтар Жәкішев – есімі көпке танымал әрі әйгілі кәсіпкер тұлғаның бірінен саналады.

Орталық Азиядағы экономикасының қуаты мен мұнай өндіруден ең алдыңғы орындағы ел саналып келген Қазақстанға өткен жылдарда шетелден миллиардтаған доллар инвестициялар құйылған еді. Алайда, әлемдік экономикадағы дағдарыстық ахуал мемлекетке көп кесірін тигізді әрі Қазақстан экономикасының қосцифрлі көрсеткішмен қарыштап дамыған дәуірінің аяқталуына себеп болды.

Арасында мемлекеттік теміржол компаниясы мен мемлекеттік «ҚазМұнайГаз» мұнай өндіру компаниясының президенттері бар бірқатар биік лауазымды тұлғалар, үкімет «жемқорлыққа қарсы бағытталған» деп ат қойып, айдар таққан науқан барысында тұтқынға алынды.

Биылғы жылы мемлекет қарамағына өткен елдегі ең ірі БТА банктің төрағасы Мұхтар Әблязов, Қазақстандағы билік басындағы топпен келіспей қалғаннан соң, елден шетелге қашып кеткен болатын, деп атап көрсетеді «Рейтер» агенттігі.

Сарапшылар, аталған оқиғалардың ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың маңындағы топ ішіндегі бақталастықтың нышаны боп табылатындығын тілге тиек етеді. Назарбаев елге 1989 жылдан бері жетекшілік етіп келе жатыр, оның орнына кім президент болары әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр.

«Бизнес нью юроуп» сайты, сәуір айында парламенттің бұрынғы мүшесі Татьяна Квятковскаяның Мұхтар Жәкішевті Ақдала, Оңтүстік Инкай мен Қорасан уран кеніштерін Мұхтар Әблязовтың бақылауындағы «Бетпақ Дала» компаниясына бар болғаны 64000 теңгеге (шамамен 426 долларға) сатты, яғни су тегін беріп жіберді, деп айыптағанын атап өтеді.

Жәкішев бұл айыптауды «жалған» деп, мойындамаған еді, алайда, Қазақстанның бас прокуратурасы аталған іс бойынша тексеру бастап, кейіннен Мұхтар Жәкішевтің жұмыстан кетуін талап еткен болатын.

Мұхтар Жәкішев бұрынғы Советтер Одағы ыдырағаннан бері «Қазатомпромға» басшылық етіп келеді, әрі білгір мамандар пікірінше, нақ осы Мұхтар Жәкішевтің арқасында «Қазатомпром» өз саласында әлемдегі ең алдыңғы қатарлы компания деңгейіне көтеріле алған. Қазақстан бұрынырақ өз алдына 2010-шы жылы әлемдегі ең ірі уран кенін өндіруші ел мәртебесін иелену мақсатында, уран өндіруде Австралия мен Канаданы басып озу мақсатын қойған еді, деп атап көрсетеді «Бизнес нью юроуп».

Бұл тұтқындау М.Жәкішевтің қалайша тез және аяқастынан элита ішінен шеттетілгенінің әрлі көрінісі болып табылады, дейді «Манорамаонлайн» сайты. Ықпалды мемлекеттік атом компаниясына басшылық етуі билік элитасы ішінде оның дәрежесінің кезінде екпіндей көтерілуіне негіз болған еді.

МҰХТАР ЖӘКІШЕВТІ ...РАХАТ ӘЛИЕВ ҚОЛДАУДА

Интернеттегі жарияланымдардың арасында өзіне ерекше назар аударар бір тосын нәрсе – ол Жәкішевті ...Рахат Әлиевтің қорғауға ұмтылуы боп отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев өзінің жеке сайтында: «Мұхтар Жәкішев – саяси тұтқын» деген айдармен мақала жариялапты.

Өз мақаласында Рахат Әлиев былай деп жазады: «...менің досым Мұхтар Жәкішев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысына қамалды, оған қарсы дәл қазір аяқасты, әбігерленген түрде тағы бір ұйымдасқан қылмыстық топ құру туралы істі ойдан құрастырып жатыр...

Президент бүгінде миығынан жымия алады: себебі ол Сұбханбердиннен бастап Жакияновқа, Қажыгелдиннен бастап Әблязовке, технократ Серік Бүркітбаевтан бастап дипломат Мырзахан Салықбаевқа дейін, жастар элитасын, барлық министрлерді, губернаторларды, журналистерді және миллиардерлерді алдап кете алды. Генерал Сергей Кузьменко мен қаржы полицейі Марат Табанов – елдегі саяси тұтқындар саны бірнеше ондаған адамға жетті.

Ол бәрімізді бұрыннан белгілі, көне қақпанға түсірді – ол «бөліп ал да, билей бер» әдісі. Бұрыннан келе жатқан дүрдараздық әрі жаңадан пайда болған мансапқорлық отына май құя отырып, бәрімізді әккі түрде өзара қырқыстырып қойды. Біреулерді көтермелесе, енді біреулерді төмендетті».

Рахат Әлиев бұдан әрмен билікке жетуден үмітті жас элитаның оған жете алмауының себебі, шенеуніктердің «көне гвардиясының» жас буын өкілдері арасында алауыздықты өршіте алғандығында жатыр, дейді: «...Біз өзара кек қуысып, ерегісе бердік те, көне гвардия осыны пайдаланып бізге соққы үстіне соққы беріп отырды. ...Міне, ащы да болса шындық, бүгінгі Қазақстанның жас реформаторларының қысқа тарихы осындай. Біз бұл биліктің нағыз пиғылын түсіне бастаған уақыт жеткенде, бәрінен кеш – бір не екі адымға артқа қалып отырдық та, сол бұрынғыдай өзара тіл табыса алмадық».

Бұдан әрмен Әлиев өз ойын келесідей сөздермен жалғастырады: «...Алайда, бәріміз сол бір даңғыл жолды басып өттік – үлкен саясаткер деп сеніп Назарбаевқа бас июден, биік патриотизмнен туған арман аялауымен президент басшылығымен ортақ Отанның игілігіне пайда келтірсем дегеннен бастап – төмен ақиқатқа көз жеткізер жерге жеттік: Отанға қызмет ету біреудің «бәрін өзім білем» дейтін дара билігіне қызмет етуге айналып кете барыпты...

Мұны түсіну әркімге әртүрлі мезетте жеткенімен, ақыр соңында ол әрбіріміздің санамызда айқындалып отыр. Іс жүзінде ғана емес, заң жүзінде де, президент өзін өмір бойы тақта отыратын әмірші деп жариялаған 2007 жылдан кейін режимнің үсті-үстіне тағыланып бара жатқанын байқамау мүмкін емес нәрсе болды... Реформалар ұмыт қалды, банктер тартып алынды немесе тоналды, жас реформаторлардың кейбірі түрмеде отырса, енді біреулері қашып-пысып кетті, ал тағы біреулері молада жатыр».

Рахат Әлиев, «Қазатомпромның» бұрынғы басшысы туралы айта келіп: «...енді кезек Мұхтар Жәкішевке жетіп отыр... Ол «Қазатомпромды» көтере отырып, ел игілігіне жұмыс істеп жүргеніне шынайы түрде сенген азамат болатын. Оның басшылығы кезінде Қазақстан әлемдегі ең ірі уран экспорттаушы үш ел қатарына енді. ...Ол (ел қазынасына) миллиардтап табыс әкелген еді».

Рахат Әлиевтің пікірі бойынша, «Қазатомпромның» бұрынғы басшысына тағылып жатқан барлық талан-тараж жөніндегі айыптаулар негізсіз:

«Енді міне бүгін, оған талан – тараж жасау әрі мемлекет пен оның бюджетіне зиян келтіргені туралы айып тағып отыр. Бұл кінәлаудың барлығы бос сөз, әрине: «Қазатомпромның» қаржылық ахуалын жыл сайын әлемдегі ең ірі төрт аудитор компаниясы тексеріп отырған. Әр доллар есепте тұрды – әйтпегенде, кәсіпорын өз рейтінгтерін ала алмас еді, осы арқылы шетелдік қарыздарға да қолы жетпес еді әрі біріккен кәсіпорындарды да құра алмас еді...».

Рахат Әлиев, «Қазатомпромның» бұрынғы басшысының ісін тергеп жатқан Астанадағы мемлекеттік тергеушілердің шешіміне кереғар өзіндік ұйғарымға келеді:

«...Мұхтар Жәкішев – ол кінәсіз, ол Нұрсұлтан Назарбаев режимінің тағы бір саяси тұтқыны. Президент М.Жәкішевтің 2002 жылы өз досы Мұхтар Әблязов үшін қалай әбігер болғанын ұмытпаған. Оның менің де досым болғанын есінде ұстап отыр. Алайда, басты мәселе Назарбаевтың айла-шарғысына Мұхтардың куә болғандығында жатыр...»

«...Мен Мұхтар Жәкішевтің тұлғасына ештеңе болмас деп үміттенем. Мұхтарды әлемдегі кәсіпкерлер элитасының бәрі біледі, олардың мына тұтқындауға назар аударуы Назарбаевтың аранына бастырық болуы тиіс. Мұхтардың артында әйелі мен кәмелетке әлі толмаған бес баласы қалып отыр», - деген сөзбен өз мақаласын аяқтапты Рахат Әлиев.
XS
SM
MD
LG