Accessibility links

Мұхтар Жәкішевтің тұтқындаларға дейінгі сұхбаты


Мұхтар Жәкішев, "Қазатомпром" компаниясының бұрынғы президенті.
Мұхтар Жәкішев, "Қазатомпром" компаниясының бұрынғы президенті.

"Қазатомпром" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев, қызметінен алынардан екі күн бұрын, мамырдың 19-ы күні Азаттық радиосына сұхбат берген еді. Қолдаушылары оның қамауда екендігін айтса, прокуратура оның тұтқындалмағанын мәлімдеді. Жәкішевтің өзі әлі үнсіз.

«ҚЫТАЙ АНА ЖАҚТЫ ДА, МЫНА ЖАҚТЫ ДА БАСЫП КЕТТІ ДЕГЕН СӨЗДІҢ НЕГІЗІ ЖОҚ»

– Мұхтар мырза, Қытайдағы атом электр стансаларын салу жөніндегі бірлескен кәсіпорындарды құру туралы Қытайдың Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясымен (CGNPC) арада қол қойылған меморандумға сәйкес, Қытайдағы атом электр стансасын (АЭС) салуда "Қазатомпром" нақты қандай жұмыспен айналысады: уран отынымен қамтамасыз ету ме, құрылыс материалдарымен қамту ма, техника-экономикалық негіздемені жасау ма, әлде басқа жұмыстар ма?

– Егер құны бойынша қарайтын болсақ, АЭС салу (бүгінде қуаты 1 мың мегаватт болатын АЭС жақсы көрсеткіш болып табылады) шамамен 3 миллиард долларға түседі. Бұл 3 миллиард доллардың жартысы – құрылысқа кететін шығын.

"Қазатомпром" компаниясы Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясымен бірлесе отырып осы сегментпен, яғни АЭС құнының 50 пайызымен айналысады.

Станса құрылысы кезінде уран сатудың қажеті жоқ екендігі түсінікті. Бұл жерде әңгіме біз қытайлармен бірге АЭС құрылысын салатындығымыз туралы болып отыр. Яғни, бұл АЭС құрылысының технологиясына қатысу.

"Қазатомпром" ол жерде немен және не үшін айналысады? Менің ойымша сіз оқиғаларды бақылап отырған боларсыз. Биылғы жылдың бедерінде біздің ол жақта немен айналысатынымызды сіз толықтай түсінерсіз деп ойлаймын.

Формальді түрде айтқанда, АЭС құрылысын салумен айналысамыз. Қытай тарапынан қатысушы серіктес ретінде таңдаудың не үшін "Қазатомпром"компаниясына түскенін де осы жылдың барысында түсінесіз деп ойлаймын.

– Қытайдың Қазақстан экономикасына араласуы күрт артып бара жатқандығынан сіз қауіптенбейсіз бе, Мұхтар мырза? Бұрын қытайлықтар негізінен Қазақстанның мұнай-газ секторына қатысса, енді олар Қазақстан экономикасының стратегиялық жағынан кем емес саласы – атом энергетикасына да араласа бастады.

– Ендеше өзара қауіп туралы айту керек. Қытайдың өзіндегі атом энергетикасына Қазақстанның ықпалы артып бара жатқаны туралы Қытайдың қауіптенбеуінің үлкен маңызы бар.

Түсінесіз бе, Қытайдың Қазақстанға ықпалы туралы айтар болсақ, бұл дегеніңіз Қазақстан аумағындағы уран өндірудің 49 пайызы, бірақ бұл жерде уран отыны Қазақстаннан Қытайға жіберіліп отыр ғой. Ал, бұл болса Қытайдың өзінің нәзік базарына шетелдіктерді жіберуінің бірінші оқиғасы.

Бұған дейін Қытайдың бір-ақ мақсаты болды. Қажетті барлық отынды Қытайдың өзі өндіреді. Ал Қазақстанмен болып отырған мына жағдай - бірінші реткі бірден - бір оқиға. Қытай өзінің ең қасиетті жеріне, отын сату базарына шетелдік, яғни қазақстандық "Қазатомпром" компаниясын жібергелі отыр.

Бәрібір қытайлықтар біздің орнымызға уран өндірмейді. Өйткені, олар бұл жағынан әлсіздеу. Бәрібір біз АЭС құрылысы немесе олар бізден мықтырақ болып табылатын басқа да жағдайларда қытайлықтарды ауыстыра алмаймыз.

Олар бізге сол жақта үйретсе, біз оларға осында үйретеміз. Ал біздің барлығымыз атомшылардың технологиялық теңдестірілген қоғамдастығын құрамыз. Бұл қоғамдастық адамзат алдында тұрған энергия көздеріне деген тапшылықты жою мақсатында, оны атом энергиясының көздерімен қамтамасыз ету жолында кездескен қиындықтарды бірлесіп жеңбек.

Сондықтан, ана жақты да, мына жақты да Қытай басып кетті деген қауіптің негізі жоқ. Бізде ондай қауіп жоқ. Өйткені, бәрібір Қазақстанда уранды бізден артық ешкім өндіре алмайды.

Кейбір нәрселерді біз әлемде бәрінен де жақсы жасаймыз. Кейбір нәрселерді біздің серіктестеріміздің жақсы жасайтынын да білеміз. Міне осы нәрселерге бізді серіктестеріміз үйретеді. Біз оларға өз білгенімізді үйретеміз. Бұл бірін бірі толықтырып отыратын өзара интеграция.

Міне, біз Қытаймен, Үндістанмен, Жапониямен және тағы басқалармен ынтымақтасу туралы айтқанда әңгіме не туралы болатынын білдіңіз бе? Бұл жерде әңгіме бәсекелестік туралы емес, бүгінде қолда бар ең жақсы дүниелерді біріктіру туралы болып отыр. Жақын болашақта адамзат тарапынан болар тапсырысқа саланың күш-қуатын жұмылдыру үшін.

«БҰЛ БАРЫП ТҰРҒАН САНДЫРАҚ ӘҢГІМЕ»

– Канадалық Фрэнк Джустра (мүмкін Гистра болар) АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтонның арағайындығының арқасында, оның Қазақстанға жасаған соңғы сапарында уран кен орнын сатып алған көрінеді. Батыс баспасөзінде жарық көрген бұл ақпаратты сіз растай немесе жоққа шығара аласыз ба?

– Бұл – экспорттаушы елге қайтып оралатын пайдаланылған отын сияқты миф. Шындығында, Фрэнк Джустра – қаржылық инвестор ретінде біз таңдап алған компанияның қожасы. Менің айтатыным, бұл жартылай қаржылық инвестордың жұмысына менің қояр ешқандай кінәм жоқ.

Осы инвесторлардың арқасында кеніш құрылыстары басталмай тұрып инвестициялануы керек барлық инфрақұрылымдық жобаларды инвестициялауға мүмкіндік алдық. Қазақстанға жасаған соңғы сапарында Билл Клинтон тарапынан ешқандай лоббистік әңгіме болған жоқ. Бұл бос сөз. Ешқашан бұлай болған емес.

Батыс баспасөзінде, тіпті Клинтон келіп, келесі күні жер қойнауын пайдалану туралы келісімшартқа қол қойылды деп жазылды. Сіз біздің министрліктердегі процедураларды білесіз ғой. Бізде бір күннің ішінде келісімшартқа қол қойылмайды. Бұл жай ғана сандырақ!

Егер олармен шартқа қол қойылса, біздің бюрократиямыздың арқасында ол кемінде сегіз ай бұрын талқылана бастар еді. Бұл кәдімгі журналистік лақап.

Бұдан екі жыл бұрын маған шетелдік журналистер келген. Сол кездері олар менен "Қазатомпром" туралы сұхбат алған. Содан соң маған сілтеме жасай отырып, дәл сол Фрэнк Джустра туралы әлдебір бос әңгімелерді жазыпты. Шынымды айтсам, маған ұнамады. Өйткені, олар жазған мәселелер туралы мен ешнәрсе айтқан жоқ болатынмын.

Бұл –сөздердің арасынан жұлынып алынған сандырақ әңгімелер. Олар менен Клинтонмен кездесу сізге әсер етті ме деп сұрады. Әрине! Аты аңызға айналған, өте тартымды адаммен кездесу неге әсерлі болмауы керек?

Бірақ, бұл осыдан бір жарым жыл бұрын Клинтонмен кездесуден әсерленген мен уран кен орнын беріп жібердім деген сөз емес. Түсінесіз бе, бұл барып тұрған сандырақ әңгіме!

«ҚАЗАТОМПРОМНЫҢ" ІШІНДЕ ОТБАСЫНЫҢ НЕМЕСЕ ЖЕКЕЛЕГЕН ТҰЛҒАЛАРДЫҢ МҮДДЕСІ ЖОҚ!»

– Тағы бір сұрақ, Рахат Әлиевтің мәлімдеуінше, "Қазатомпром" компаниясында президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасының мүддесі бар көрінеді. Бұл ақпарат шындыққа қаншалықты сай келеді?

– "Қазатомпром" 100 пайыз мемлекеттік компания. Бір пайыз да, жарты пайыз да, тіпті нөл бүтін оннан бір пайыз да ешкімге тиесілі емес. Атом энергетикасында экономиканың өзге салаларындағыдай жағдай орын алуы мүмкін емес.

Бұл салаға жіті назар аударылып отыр. Бұл нарықта жұмыс істейтіндер өте аз да, мамандар өте көп... Сондықтан әлдекімдер айтқан бұл мәлімдемелер жайында...

– Менің бұл сұрақты қойған себебім, бәрібір барлығын өз орнына қойып, анықтап алу керек. Бүгінде Рахат Әлиев өзін осының аз-ақ алдында өзі тікелей араласқан, жақын болған Қазақстан билігіндегі барлық құпиялардың білгірімін деп есептейді. Батыста да ол Ақорданың құпиясын білетін адам ретінде қабылданады.

– Мен бұл жерде бір-ақ нәрсені қоса аламын. Маған Рахат Әлиевтің сөзіне түсініктеме беру моральдық жағынан дұрыс емес. Өйткені, өзіңіз білетіндей, менің бұл адаммен тікелей қатынасым бар. Яғни, ол екеуіміз алғаш бала бақшада танысқанбыз. Мен оны өмір бойы білемін...

– Солай ма? Бұл қызық екен.

– Иә, Рахат Әлиевке, ішкі қатынастарға т.б. байланысты пікір білдіру үшін мен бөтен адам емеспін. Мен пікір білдірмей-ақ қойсам ба деп едім.

Ал, "Қазатомпромның" ішінде Отбасының мүддесі жоқ па (бұл сұрақты батыс журналисі қойды ма, басқа қойды ма, оған байланыссыз) деген сауалға мен "Қазатомөнеркәсіптің" ішінде Отбасының да, басқа да жекелеген тұлғалардың да мүддесі жоқ деп жауап беремін! Мен сізге осыны нақты мәлімдей аламын.

– Мұхтар мырза, әңгімеңіз үшін рахмет.
XS
SM
MD
LG