Accessibility links

Өзбекстанда Қазақстанның 27 азаматы сот алдында жауап беруде


Нүкісте ақтөбелік жүргізушілерге қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша мамырдың 28-інде екінші сот отырысы өтеді деп жоспарланып отыр. Қазіргі жауапқа тартылғандардың 25-ке жуық туған-туыстары осы қалада жүр.

Солардың біреуінің қарындасы Жанар Сағынбаева бейсенбі күні Азаттық тілшісіне, 25 –інші мамырда өткен алғашқы сот отырысына Қазақстан ресми өкілдерінің қатыспағанын хабарлады. Оның айтуынша, бүгінгі өтетін сот процесіне Қазақстанның өзбек еліндегі консулы Бабыр Дәуренбеков қана келген.

Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында ҚР сыртқы істер министрлігіне хабарласқан Азаттық радиосына, аталған министрліктің баспасөз хатшысы, бұған қатысты ешқандай ақпарат бере алмайтынын айтты.

Бұдан бұрын ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нұртай Әбіқаев қазақ азаматтары өзбек жеріне заңсыз кіріп, ұрлық жасағанын мойындады, деп мәлімдеген болатын. Алайда жауапқа тартылып жатқан қазақстандық азаматтардың туған-туысқандары Азаттық радиосына олардың өз кіналарын мойындамағанын хабарлап отыр.

Ақпан айының аяғында Өзбекстан аумағына өтіп кеткен КамАЗ көлігінің жүргізушілерін, сол елдің шекарашылары ұстаған болатын. Олар боранда адасып, Өзбекстан аумағына байқаусызда өтіп кеткендерін айтады.

Алайда Өзбекстан тарапы қазақстандық 27 азаматқа шекарадан заңсыз өтті, басқа мемлекетке тиесілі мүлікті тонап, шығын келтірді және кедендік бақылау заңнамаларын бұзды деген ауыр айыптар тағып отыр.
XS
SM
MD
LG