Accessibility links

Жасар Дініш: Мұстафа Шоқайға ескерткіш қоюға қаражат таба алмай жүрмін


Жасар Дініш, Мұстафа Шоқай атындағы француз-қазақ достық қоғамының президенті. Алматы, 16 маусым 2009 ж.
Жасар Дініш, Мұстафа Шоқай атындағы француз-қазақ достық қоғамының президенті. Алматы, 16 маусым 2009 ж.

Кеңес өкіметі ұзақ уақыт дұшпан ретінде көрсеткен Мұстафа Шоқайға тек Қазақстан тәуелсіздікке ие болған соң ғана ұлттық тарихта қайта баға бере бастады. Алайда елі ұлт зиялысын әлі де болса өз деңгейінде ұлықтап отырған жоқ дейді Мұстафа Шоқай атындағы француз-қазақ қоғамының президенті Жасар Дініш.

«МАҚСАТЫМЫЗ – ФРАНЦУЗ ҚАЛАСЫНДА МҰСТАФА ШОҚАЙҒА МҮСІН ОРНАТУ»

1971 жылдан Париж қаласында тұратын Жасар Дініш 2007 жылдан бері «Мұстафа Шоқай атындағы француз-қазақ достық қоғамын» құрып, жұмыс істеп келеді.

«Қоғамның басты мақсаты – Мұстафа Шоқайдың өмірінің соңғы жылдары өткен Сюр Марн қаласында оның мүсінін орнату», – дейді Жасар Дініш.

Мұстафа Шоқай советтік Қазақстаннан қуғындалып, қашып шыққаннан кейін Францияның Ножан Сюр Марн қаласында өмірінің соңғы 20 жылын өткізгені белгілі.

2001 жылы «Мұстафа Шоқай» атты кітап жазып бастырған ғалым Әбдуақап Қара Парижге келіп, Мұстафа Шоқайдың өмірбаянының беймәлім беттерін зерттеуге кіріседі. Осы сапарында оған Жасар Дініш көмектесіпті.

«Ножан Сюр Марн қаласындағы Мұстафа Шоқай тұрған үйлерді іздеп таптық. Ол бір емес, бірнеше үйде өмір сүріпті. Сол үйлердің барлығында болдық. Әбдуақап Қара Түркияға оралғаннан кейін аталған кітабын жазып бастырды», – дейді Жасар Дініш.
Мұстафа Шоқайдың ескерткішін құятын адамды таптым. Ол кісі қоладан құйып, орнатуға келісіп отыр. Бірақ, оған қаржы-қаражат жағы жоқ.


Мұстафа Шоқайдың өмірінің жартысы өткен қаладағы мұражайда Мұстафа Шоқайға арналған шағын бұрыш және ескерткіш тақта ашылған екен.

«Біз Ножан Сюр Марн қаласының мэрі Жак Мартинге арнайы кіріп, Мұстафа Шоқайдың мүсінін орнату жайлы идеямызды айттық. Ол кісі қолдайтындығын білдірді. Енді бұл істі жүзеге асыру үшін ақша қол байлау болып отыр. Мұстафа Шоқайдың ескерткішін құятын адамды таптым. Ол кісі қоладан құйып, орнатуға келісіп отыр. Бірақ, оған қаржы-қаражат жағы жоқ. Бұған керегі небәрі – 30 мыңдай АҚШ доллары», – дейді Жасар Дініш.

АЛМАТЫНЫҢ МЕКТЕБІНЕ МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ЕСІМІН БЕРУГЕ АСТАНА АСЫҒАР ЕМЕС

Мұстафа Шоқай совет өкіметі кезінде қудаланған өзге ұлт зиялылары секілді Қазақстанда ақталғалы да 20 жылдай уақыт болып қалды. Елінің ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің тәуелсіздігі үшін күресіп, «Ұлы Түркістан» идеясын ұстанған Мұстафа Шоқайды азат ойшыл ретінде кейінгі ұрпақтың зердесіне жеткізу мақсатында жақында «Қазақфильм» киностудиясы «Мұстафа Шоқай» көркем фильмін түсірген.

«Бұл – ұлт үшін өзегін жұлып беруге дайын ғұламаның атын мәңгіге ұлықтаудың басы ғана. Алайда Қазақстанда Мұстафа Шоқай аты
Қазақстанда Мұстафа Шоқай аты берілген көшелер әрі қысқа әрі қараңғы бұрышта, ал білім, мәдениет ошақтарына Мұстафа Шоқайдың есімін бастамалары аяқсыз қалып жатыр екен.
берілген көшелер әрі қысқа әрі қараңғы бұрышта, ал білім, мәдениет ошақтарына Мұстафа Шоқайдың есімін бастамалары аяқсыз қалып жатыр екен», – дейді Жасар Дініш.

Ол Алматыда Мұстафа Шоқай атындағы мектеп бар дегенді естіп, арнайы іздеп барғанын айтады:

«Қазақ мектебі екен, бәрі тамаша. Бірақ, мектеп ғимаратының маңдайшасында «Мұстафа Шоқай атындағы мектеп» деген жазу жоқ. Бұның себебін директордан сұрап едім, ол кісі: «Мұстафа Шоқай атындағы мектеп болады деген. Бірақ, әзірге шешім шыққан жоқ», – дегенді айтты.

Бұны Азаттық тілшісі хабарласқан Алматыдағы №173 орта мектептің директоры Әбдімәжит Өтеш мырза да растады:

«Әзірге Астана жақтан жақсы хабар күтіп отырмыз, бірақ, әлі шешім шыға қойған жоқ, жақын арада шешіліп қалар», – деп жауап берді мектеп директоры.

«ПАРИЖДЕ ЖҮЗ МЫҢДАП АҚША ШАШҚАН ҚАЗАҚТАР КИІЗ ҮЙГЕ АҚША ҚИМАЙДЫ»


Жасар Дініштің айтуынша, қазіргі таңда Францияда 250 қазақ отбасы тұрып жатыр екен. Француз-қазақ достық қоғамы құрылғаннан кейін, тұңғыш рет Парижде 2007 жылы Наурыз мейрамы тойланған.

«Оны қалай өткізудің жөнін білмейтін едік. Қазақстаннан Парижге барып оқып жүрген екі қызымыз бар еді. Соларға «Қазақстандағы ата-әжелеріңнен Наурыз көженің қалай жасалатындығын сұрап-біліңдер» деп қолқа салдым. Олар да ұлтжанды азаматтар екен, наурыз көженің қалай жасалатындығын телефон арқылы сұрап біліп, бізге үлкен қолғабыс тигізді. Содан кейін қоғамда арнайы көрме өткіздік.

Ендігі мақсатымыз, 2010 жылғы қазақтың Наурыз тойын естен кетпестей етіп өткізу. Ол үшін бізге киіз үй керек. Кейбір қазақтың қалталы азаматтарының Париждегі ең қымбат қонақ үйлерде жүз мыңдап доллар шашып жүргенін көрдім. Ал, қазақтың мұқтажы үшін ақша қиған ешкімді көргем жоқ. Мен Франциядағы қазақтарға киіз керектігі жайында әр сапарымда айтудай-ақ айтып жүрмін. Алайда, оған құлақ асқан қалталыларды көрмедім», – дейді Жасар Дініш.
XS
SM
MD
LG