Accessibility links

Мас күйінде көлік жүргізіп ұсталған вице-министрге қатысты сот ісі басталды


Астанада мас күйінде көлік жүргізіп ұсталған Әділет министрінің орынбасары Марат Бекетаевқа қатысты сот ісі басталды. Вице-министр сот отырысына журналистердің қатысуына қарсы болып, сот төрешісінен істі жабық жағдайда өткізуді сұраған еді, бірақ шенеуніктің бұл өтініші қолдау таппады, — деп хабарлайды жаңалықтар агенттіктері.

Соттың алғашқы отырысында жағдайға куәгер болған азаматтардың түсініктемелері тыңдалды. Наркология орталығының басшылары Марат Бекетаев ішімдікті анықтайтын тексеруден өтуден бас тартқанын айтады. Алайда, вице-министрді сол түні тоқтатқан жол полицейлері оның мас күйде болғанын жеткізді. Полицейлер шенеунікті көлігімен 2 бірдей қызыл жанып тұрған бағдаршамға аялдамағаны үшін тоқтатқан. Заңгерлер Бекетаевтың медициналық тексеруден бас тартуы өз алдына іс болып қаралатынын айтуда.

Келесі сот отырысы 8 шілдеде жалғасады.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ҚР Әділет вице-министрі Марат Бекетаев маусымның 19-ы күні түнгі сағат екілерде мас күйінде рульге отырды деп ұсталған болатын.

32 жастағы Марат Бекетаев ҚР Әділет вице-министрі болып 2007 жылдың 7 маусымы күні тағайындалған. Оған дейін ҚР премьер-министрінің кеңесшісі болып қызмет атқарған. Қызметтік міндетін қалтқысыз орындағаны үшін «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
XS
SM
MD
LG