Accessibility links

Қазақстандықтарға тиесілі «Кузбассэлемент» зауытының басшылығы күдікті саналуда


Кемеров облысының губернаторы Аман Төлеев Ресей Ішкі істер министрі Рашид Нұрғалиевтен меншік иесі қазақстандықтар болып табылатын «Кузбассэлемент» зауытындағы жағдайды анықтауды өтінді. Жарты миллиардқа жуық қарызы жиналып қалған бұл зауыт 2008 жылдың қараша айынан бері банкроттық деңгейде тұр.

«Кузбассэлемент» кәсіпорны — Ресейдегі ірі химиялық тоқ көзін өндірушілердің бірі. Кәсіпорын теміржол транспорты, көмір өнеркәсібі, электр транспорты мен байланыс саласында қолданылатын аккумуляторлар шығарады.

Зауіттың жұмысшылары жыл бойы жалақыларын алмаған, осы жылғы шілдеде жалақы қарыздарынан құтылу үшін облыс басшылығы бұл кәсіпорынға 40 миллион рубль бөлген. 500-ге жуық жұмысшы Аман Төлеевке зауыттың «қанатының астына» алу туралы өтініш жасаған.

«Зауыттың меншік иесі қазақстандықтарды облыс басшылығы да таба алмай отыр, олардың мекен-жайлары да белгісіз», — дейді осы облыстан сайланған депутат Наталья Ермакова.

ІІМ өкілдерінің айтуынша, зауыттың бұрынғы басшысы Виталий Сизиков күдікті ретінде бірқатар қылмыстық тексеруден өтуде. Бұл қылмыстық істер зауыт жұмысын тексергеннен кейін, басшылықтың заңға қайшы әрекеті анықталған соң қозғалған. Сизиковтан ешқайда шықпау туралы қолхат алынған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG