Accessibility links

ҰҚК түнгі рейді мен босқындардың соққыға жығылуы


Өзбек босқындары тұрып жатқан үй. Алматы, 7 қыркүйек 2009 жыл.
Өзбек босқындары тұрып жатқан үй. Алматы, 7 қыркүйек 2009 жыл.

Алматыда тұрып жатқан өзбек босқындары өздерін ҰҚК-іне апарған адамдардан таяқ жегендерін айтады. ҰҚК болса босқындарға күш көрсетілмеген деп отыр. Ал БҰҰ босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының Қазақстандағы өкілдігі СІМ-не наразылық нотасын дайындап жатыр.

«БЕТІМІЗГЕ ҚАП КИГІЗІП ТЕПКІЛЕП, ТЕРГЕУГЕ АЛДЫ»

Алматыда тұрып жатқан өзбек босқындарының айтуынша, 6 қыркүйекте түнде бетіне қара маска киіп, автомат асынған бір топ адам олардың тұрып жатқан үйлеріне келіп күш көрсетіп, қолдарына кісен тағып, бастарына қап кигізіп алып кеткен. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы департаментінің кеңсесінде оларды үш сағат бойы тергеген, соңында кешірім сұрап шығарып салған.

Жеке басының қауіпсіздігі үшін аты-жөнін атамауды өтінген босқындардың бірі Азаттық тілшісіне жексенбі күнгі оқиғаның қалай болғанын былайша баяндап берді:

- Тәулік бұрын тұңғышымды перзентханадан шығарған едік. Әйелім кір жуып жатқан болатын. Түнгі 12-лер шамасында көрші үйден шу шықты. Есікті ашқаным сол еді, денелі келген жігіттер мені жерге ұрып жығып, тепкінің астына алды. Артынша үйге автомат асынғандары кіріп келді. Олардың біреуі әйелімді жұлқылап, бұл жерде тағы кім бар екендігі туралы зекіп сұрай бастады.

Босқындардың айтуынша, беймаза уақытта қару асынып шақыртусыз келген қонақтардың жалпы саны 30-ға жуықтайды. Олар осы үйдегі үш босқынның қолына кісен салып, бастарына қап кигізген. Босқындар қарулы кісілер тарапынан аяушылық болмағандығын айтады: біреуінің басын қабырғаға ұрғылаған, біреуінің тұмсығы бұзылған, тағы біреуіне аяқ киімін ауыстыруға мүмкіндік бермеген.

Босқындардың айтуынша, келгендер бұл үйден қару іздеген. Одан қалды сарайдың есігін бұзып кіріп, ауланың барлығын тінтіп шыққан.
Өзбек босқындарының айтуынша, ҰҚК қызметкерлері олар тұрып жатқан үйдегі осы сарайдың есігін бұзып, ішінен қару іздеген.
Содан кейін барып еденде жатқан босқындарды көлікке тиеген.

Бастарына қап кигізілген босқындар өздерін қайда апарғандарын әуелгіде білмегендерін айтады. Босқындардың біреуі ғана алтыншы қабатқа көтерілгенін сезіп қалыпты. Сол жерде тергеу басталды дейді олар.

- Бізді кезегімен сұрай бастады. Тергеуді жүргізген кісі өзін таныстырмады, бізді неге ұстағандарын түсіндіріп жатпады. Ол бізден қайдағы бір қарулар, біздің ойымызға кіріп көрмеген жоспарлар туралы сұрай бастады, - деді босқындардың бірі. Өз айтуынша, ол бұзылған мұрнынан қан аққандықтан тергеу барысында шүберек жауып сөйлеуге мәжбүр болыпты.

Босқынның айтуынша, өздерін алып келген әлгі жердегі тергеу үш сағатқа дейін созылған. Содан кейін барып әлгі тергеуші босқындардан кешірім сұрай бастаған. Сол кезде барып босқындардың бастарындағы қап шешілген, олар бұл ғимаратта басқа да өзбек босқындары бар екендіктерін байқаған.

Тек сыртқа шыққанда ғана олар үш сағат бойы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаментінің ғимаратында отырғандарын білген. Есін жиғанда барып мұрны бұзылған босқын өзіне медициналық көмек қажет екендігін айтуға шамасы жетіпті.

Өзбек босқынының қанға боялған жейдесі. Алматы, 7 қыркүйек 2009 жыл.
- Олар мені бесінші емханаға алып барды. Дәрігер менің мұрным сынғандығын анықтап, операция жасау керектігін айтты. Олар операция шығынын көтергісі келген еді. Бірақ мен келіспедім. Өйткені, мен олардан мүмкіндігінше тезірек құтылуға тырыстым, - деді босқын.

БҰҰ БОСҚЫНДАР ЖӨНІНДЕГІ ӨКІЛДІГІ НАРАЗЫЛЫҚ НОТАСЫН ЖІБЕРМЕК

Жексенбі күнгі бұл оқиғаны БҰҰ босқындар жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Сезар Дюбон да растады. Оның айтуынша, ұйымға жексенбі күнгі жағдай туралы бес өзбек босқыны хабарлаған және олардың барлығы да аталған ұйымда «босқын» мәртебесін алуға тіркеуде тұрғандар.

- Босқындар жөніндегі Алматыдағы өкілдік осындай оқиғаның орын алғандығына аса қынжылыс білдіреді. Бұл өзбек босқындарына қатысты бірінші оқиға емес. Менің ойымша, сөз болып отырған оқиғаны босқын құқығының ең бір қатыгез түрде бұзылуы деуге болады. Осыған орай Өкілдік Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын дайындап жатыр, - деді Сезар Дюбон қыркүйектің 8-і күні Азаттық радиосына берген сұхбатында.

ҰҚК ӨЗБЕК БОСҚЫНДАРЫНЫҢ СӨЗІН ЖОҚҚА ШЫҒАРДЫ

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің өкілі Мұхтар Анарбеков бұл жайында қыркүйектің 8-і күні Азаттық радиосына төмендегідей түсініктеме берді:

- Олардың төлқұжаттары тексеріліп өз жөндеріне жіберілді. Ал ҰҚК-нің қаруланған жедел өкілдері оларды тұтқындады, ұрып-соқты деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

БҰҰ босқындар жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасының Қазақстандағы өкілдігінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда ұйымда 100-ге жуық босқын тіркеуде тұр. Олардың дені Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай азаматтары.
XS
SM
MD
LG