Accessibility links

Назарбаев:"Жол картасы" бағдарламасына 150 млд теңге бөлінеді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев келесі жылы "Жол картасына" 150 млрд теңге бөлінеді деді. Бұл туралы ол республикалық телеарналар бойынша өтіп жатқан тікелей желіде ел азаматтарының сұрақтарына жауап беру кезінде тоқталды деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Біз бұл бағдарламаны тоқтатпаймыз. Келесі жылғы бюджеттен 100 млрд теңге осы бағдарламаны жалғастыруға бағытталады. Жергілікті органдар бұған қоса 50 млрд теңге бөледі", деді Елбасы.

"Бірақ енді бағдар өзгеріп, "Жол картасы" аясындағы қаражаттар тұрақты жұмыс орындары үшін жұмсалуы тиіс. Яғни, ауылдарда, аудан орталықтарында шағын, кішігірім өндірістер ашылуы тиіс. Бұл мәңгіге қалады. Әрине, коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік нысандар бойынша бастаған іс жалғасады. Бірақ, негізгі басымдық өндірістерді ашуға жұмсалады. Сондықтан, баршамыздың көңілімізден шыққан "Жол картасы" жалғасын табады", деді Н. Назарбаев.

"Менің Үкіметке жүктеген тапсырмам бойынша жүзеге асып жатқан "Жол картасына" Ұлттық қордан бөлінген 1,5 млрд доллар жұмсалды. Бұл ірі өнеркәсіп кәсіпорындарындағы өндірістің қысқаруына қарсы жауап болды. Сіздер білесіздер, дағдарыс салдарынан біз экспорттың 50 пайызын жоғалттық. Бұл - Соколов-Сарыбай комбинаты, біздің хром кәсіпорындарымыз, Өскемен, Павлодар, Теміртау кәсіпорындарының өнімі болып отыр. Осының өзі жұмыс орындарының қысқаруына қауіп болды. Бірақ, біз инвесторлармен еңбеккерлерді жұмыстан босатпау туралы келісім-шарттар жасастық", деді Елбасы.

Н. Назарбаевтың айтуынша, "Жол картасы" аясында 140 млрд теңге мемлекеттік бюджеттен жұмсалғанын, бұған қоса жергілікті бюджеттен қаражат қосылып, ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. Соның нәтижесінде 320 мың жаңа жұмыс орындары ашылған. Бұл - Қазақстан үшін ауқымды шара".

"Осы бағдарлама арқасында 93 мың қазақстандық тегін, мемлекет есебінен екінші мамандық алды. Бұл бағдарламаның нәтижесінде 2 900 шақырым жолдар жөнделді. 2300 аурухана мен мектептер жөндеуден өтті",- деді президент.
XS
SM
MD
LG