Accessibility links

«Террорист» деп сотталған Азамат Кәрімбаев үш айдан соң түрмеде қаза тапты


Азамат Кәрімбаевтың зайыбы Айман Кәрімбаева. Ақтөбе, 24 қараша 2009 жыл.
Азамат Кәрімбаевтың зайыбы Айман Кәрімбаева. Ақтөбе, 24 қараша 2009 жыл.

Терроршылдық айыбы бойынша сот үкімімен 17 жылға кесіліп жазасын өтеп жатқан ақтөбелік ауыл тұрғыны Азамат Кәрімбаев Арқалық түрмесінде қаза болды. Марқұмның әйелінің айтуынша, Азаматты азаптап-қинаған.


Биылғы жылғы қыркүйектің 23 күні Ақтөбе облысында алты адам кеніш аймағында террорлық шабуыл ұйымдастырмақ болған-мыс деген айыппен әртүрлі мерзімге сотталған еді.

Мұғалжар аудандық соты «терроршылдар» ісін үш күннің ішінде қарап үкім шығарды, ал облыстық соттың апелляциялық алқасының мәжілісі сотталушылардың қатысуынсыз өтті, оған БАҚ өкілдерін де қатыстырмады.

Сот қылмыстық жауапқа тартылған алты адамды түгелдей айыпты деп танып, 10 жылдан 17 жылға дейінгі мерзімге бас еркіндіктерінен айыруға үкім шығарды. Шұбарши ауылының тұрғыны Азамат Кәрімбаевты сот «террорлық топтың жетекшісі» деп таныды.

Азамат Кәрімбаев ресми тіркелген мешіттерден бөлек ұстанатын азғантай ғана мұсылман қауымының өкілі еді. Әйелінің айтуынша, Азамат Кәрімбаев Қазақстан үкіметінің саясатына сыни көзқараста болған және өз пікірін көпшілік алдында білдіруден жасқанбаған.

Жергілікті баспасөзде Азамат Кәрібаев пен оның серіктеріне «уахабшылдар» деген айдар тағылды.

Сотталған алты адам сот үкіміне өз наразылықтарын білдіріп биылғы қараша айында Ақтөбенің тергеу абақтысында аштық жариялады, олай-бұлай болып кетсек деп, ақтық сөздерін айтып хат жазып қалдырды.

Олар жазаларын Ақтөбе мен Арқалық түрмелерінде өтеп жатқан еді. Енді міне солардың бірінен қаралы хабар жетіп отыр.

Азамат Кәрімбаевтың Арқалық түрмесінде жан тапсырғаны туралы Азаттық радиосына желтоқсанның 24-күні оның әйелі Айман Кәрімбаева хабарлады:

– Кеше кешке маған бейтаныс адам телефон соғып, желтоқсанның 23-күні түн ортасында менің күйеуім кісі қолынан қаза болғанын жеткізді. Мен бұл хабардың рас-өтірігін анықтап беруге жәрдем іздеп дереу сіздерге хабарласып отырмын. Маған телефон шалған адам күйеуімді өмір бойы түрмеге кесілгендер отыратын жалғыз адамдық камераға қамағанын айтты. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оны азаптап қинап, діннен бас тартуға көндірмек болған. Күйеуімді ҰҚК қызметкерлері азаптайтыны туралы маған бұған дейін де айтқан кісілер, ол туралы шұғыл түрде адам құқын қорғайтын ұйымдарға хабарлап, күйеуімді ажалдан алып қалуды ескерткен болатын, – дейді Айман Кәрімбаева.

Ресми орындар Азамат Кәрімбаевтың қаза тапқандығын растады.

Азаттық радиосының тілшісі бейсенбі күні Арқалық қаласының прокуратурасымен хабарласқан еді. Қала прокурорының орынбасары Заман Зұлпыхаров түрмедегі кісі өлімі туралы ақпараттың рас екендігін айтып берді:

– Сіз сауалыңызды жазбаша жолдаңыз. Иә, Азамат Кәрімбаев кеше түрмеде қайтыс болған. Ол ақтық хат жазып қалдырған. Ол бойынша қазір біз деректер жинастырып жатырмыз. Түрме әкімшілігі оның қазасы туралы туған-туыстарына хабарлау керек болатын.

Билік орындарынан Азамат Кәрімбаевтың қазасы жайлы естіген соң Азаттық радиосының тілшісі марқұмның әйеліне хабарласқан еді.

– Ол өз-өзін өлтірген жоқ, оны түрмеде азаптап қинап өлтірді, – деді Айман Кәрімбаева Азаттық тілшісіне.

Қазір Азамат Кәрімбаевтың туыстары марқұмды жерлеу қамына кірісті.
XS
SM
MD
LG