Accessibility links

Президент Назарбаев қазақ билігіндегі «понтты» сынады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Жұма күні Қазақстан президенті 2009 жылдың қорытындысы жайында есеп беруге келген үкіметтің іс-әрекетіне шүйлігіп, «шаңын сілікті». Бұған дейін мақтау айтылып келген банк жүйесінен бастап басқару ісі, кадр мәселесі, ақыр соңында «понтты» жастарға дейін Назарбаевтың сынына ілікті.


Қаңтардың 22-күні Ақордаға мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында 2009 жылдың қорытындысы жайында есеп беруге келген үкімет мүшелерінің өздері президенттен есеп тыңдады.

Жаңа жылдық мерекеден кейін Қазақстан президенті Астанадағы Ақордада бірінші рет бұқаралық ақпарат құралдарының көзіне көрінді. Ол Астанада болмаған күндері Елордада «президент Шымбұлақта шаңғы теуіп жүріп аяғын мертіктіріп алыпты-мыс» деген әңгіме тарап кеткен еді.

Мемлекет басшысы үкімет мүшелері күтіп отырған мәжіліс залына кірген сәттен журналистер монитордан президенттің жүрісіне зер сала қарады. Нұрсұлтан Назарбаев аяғын шапшаң басып барып, үстел басына жайғасты.

Президент жиналғандарға салқын қабағының астымен қарап отырып, әңгімен демалыс кезінде мұнай саласындағы білікті мамандармен кездескеннен бастады. Осы саладағы біраз жайттарға қанық болғанын айтып, үкімет ісіндегі бірқатар келеңсіздіктерді тізбектеп шықты.

БАНКТЕРГЕ ҮСТЕМЕ ПАЙДА ТАБУҒА ЖОЛ ЖОҚ


Президент Назарбаев елдің банк жүйесіндегі өзінің көңілінен шықпайтын істерге тоқталды.

Банктер тек қана таза банк ісімен шұғылдануы тиіс. Оларды өзге көлеңкелі сақтандыру бизнесі, құрылыс компаниялары секілді құрылымдарынан ажырату керек.
– Біріншіден, банктер тек қана таза банк ісімен шұғылдануы тиіс. Оларды өзге көлеңкелі сақтандыру бизнесі, құрылыс компаниялары секілді құрылымдарынан ажырату керек. Мұның бәрі банк ресурсын жасырын шетелге шығармау үшін қажет. Сонымен бірге үстінен пайда көрмес үшін, банк маржасын қатаң бақылауға алуды тапсырма беремін.

Бұрын базалық ставка жарияланып, сосын оған ілеспе төлемдер таңылатын. Оның бәріне бақылау қойылмады, жеке меншік банктер болған соң оларға жоламаймыз дедік. Ал оның ақыры Қазақстанның халқы мен елдің экономикасына опық жегізгені тіпті де олардың ісі емес секілді. Олардың бар шаруасы – ақша табу, – деді ол.

МҰНАЙ САЛАСЫНДА БІЛІКТІ ҚАЗАҚ ТОП-МЕНЕДЖЕРІ ЖОҚ

Назарбаев Қазақстанда отандық басқарушыларға зәру жағдай қалыптасқандығын қадап айтты. Президент елдегі табиғи ресурс саласындағы шетелдік компаниялардың ішінде отандық топ-менеджерлерінің жоққа тән екендігін атап өтті.

– Шетелдік ірі мұнай компанияларында жетекші топ-менеджерлер арасында бірде-бір Қазақстан азаматы жоқ. Басқа саланы былай
Шетелдік ірі мұнай компанияларында жетекші топ-менеджерлер арасында бірде-бір Қазақстан азаматы жоқ.
қойғанда, ENRC мен «Қазақмысқа» да «біздің өзіміз тәрбиелеп шығарған адамдарымыз қайда?» деп талап айттым.

Зауыттарда өзіміздің кадрлардың иісі де жоқ. Егерде сол компанияларда Қазақстанның топ-менеджерлері болғанда, импортты алмастыру мәселесі басқаша шешімін табар еді. Ал әзірге министрліктер мен мекемелер бұған немқұрайды қарап отыр.

Онда біз несіне акционер болып отырмыз? Мұндай қарым-қатынасқа неге жол беріледі? – деп зілді сауал тастады мемлекет басшысы.

«ПОНТ» ЖАЙЫНДА

Президент бұл жолы әсіресе жас кадрларға қатты шүйлікті. Үлкен буын мен жас буынды жалғастыратын «алтын ортаның» тәрбиеге көнбей шығып қалғанын айтқан Нұрсұлтан Назарбаев, қазіргі билікте басқару органдарындағы жағдайды «балабақша» деп атап мін тақты.

– Жастарды қолдау, бұл менің саясатым. Бірақ осылай екен деп шектен шығуға болмайды. Бүгінде орталық аппараттың барлығы балабақшаға айналып кетті. Келген адамдардың барлығы күліп отыр.
Бүгін бізде түрлі мекемелердегі дардай лауазымдарда жас балалар отыр, олар тіпті сол жерде не үшін отырғанын да білмейді.


Мен «ҚазМұнайГазға» қатысты бұрыннан бері тапсырма беріп келемін. Бірақ нәтиже жоқ. Онда өңкей жас балалар отырады. Жалақылары үлкен, екі қолын қалталарына салып өсек соғудан басқа түк білмейді.

Бүгін бізде түрлі мекемелердегі дардай лауазымдарда жас балалар отыр, олар тіпті сол жерде не үшін отырғанын да білмейді. Әрине, жас мамандардың 15-20% арасында өздеріне лайықты қызметте отырғандар да бар, ал қалғандары кімнің қандай топта, қандай кланға қатысы бар екендігін айтып кеуде қағудан өзгені білмейтіндер.

Олардың бар тілегі – одан да жылы-жайлы орынтаққа барып жайғасу, шеттерінен жүрген «понттар» – деді президент.


«БОЛАШАҚ» ЖӘНЕ ЖАҢА БАҒДАР ТУРАЛЫ

Президенттің сынына шетелде оқып келген «Болашақ» бағдарламасының түлектері де ілікті. Еске сала кетейік, осыған дейін мемлекет басшысы «Болашақтың» түлектерін жоғары лауазымды қызметке көптеп тарту мәселесін өзі көтеріп келген-ді. Тіпті, «вице-министрдің бірі міндетті түрде «Болашақ» түлегі болсын» деген де талап қойған еді.

Енді бұл жолы Назарбаев шетелде оқып келген жас мамандарды тәжірибе жинақтап, ысылу үшін ауыл-аймаққа жіберу жөнінде тапсырма берді.

– Министрлердің жас орынбасарлары деңгейіндегі мамандарды 2-3 жыл мерзімге өңірлерге облыс әкімдерінің орынбасары деңгейінде, аудандарға одан да төмен деңгейлерге жұмыс істеуге жіберу қажет.

Ал осында сол облыс, қала және аудандардың әкімдерінің орынбасарлары секілді өмірді, оңы мен солын білетін, халық үшін от пен суға
Біз Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен алатынымызды алдық. Енді Финлияндияға ұмтылуымыз керек.
түсіп, өз қолдарымен іс тындырған, қайда ненің жатқанын білетін адамдарды әкелу керек, – деді президент.

Президент дамыған мемлекеттер тәжірибесіне келгенде, енді Қазақстанның бағыт-бағдар жасап, үлгі алатын ел ретінде Финлияндияны атады.

– Біз Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен алатынымызды алдық. Енді Финлияндияға ұмтылуымыз керек. Бұл елде төрт нәрсеге басымдық береді. Бірінші, жоғары сапалы білім. Екінші – ашық бәсеке. Үшінші – ұлттық инфрақұрылымдар. Төртінші – ғылым мен бизнесте күш біріктіру. Бізге қажетісі осылар, – деді президент.
XS
SM
MD
LG