Accessibility links

Назарбаев Қытай жер сұрады деген әңгімені өзі бастап, өзі тоқтата алмай отыр


Қазақстан президенті Н.Назарбаев. Астана, 6 қазан, 2009 жыл.
Қазақстан президенті Н.Назарбаев. Астана, 6 қазан, 2009 жыл.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан өз жерін Қытайға бермейді деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол қытайларға жер сатылатыны туралы сыбыс таратушыларды жауапқа тартуға тапсырма берді.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛМЕЙТІН ҚАЗАҚТАРҒА КЕҢЕСІ

23 желтоқсан, сәрсенбі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 90 жылдығын атап өтіп жатқан «Егемен Қазақстан» газетінің жаңа кеңсесіне қонаққа барды.

Сол жерде президент ресми масс-медиа басшыларына ауқымды сұхбат бере отырып, сөз сойылымен саяси оппоненттерін дүрсін-дүрсін соққылады. Сұхбат көрермен назары теледидарға көбірек аударылатын уақытта ұлттық арналар арқылы таратылды.

Президент өз атына айтылатын «Қазақстандағы ұлтаралық келісім тақырыбы оның сүйікті идеологиялық ұраны» деген сыни пікірлерді де айналып өтпеді. Оның пікірінше, келісім мәселесі – мемлекеттің және қазақстандықтардың жүйке жүйесі, сондай-ақ «Қазақстанның қазіргі экономикалық жетістіктерінің» түп қазығы.

«Тұрғындардың 90 пайызы мен үшін дауыс берді. Мен барлығына да түсінікті тілмен сөйлемесем, президент боламын ба», – деген Нұрсұлтан Назарбаев ұлтшыл-патриоттардың орыс тілін жиі қолдануына байланысты айтқан сынына осылайша тойтарыс берді.

Қазақстан президенті қазіргі күні тұрғындардың жартысына жуығы ғана қазақ тілін еркін меңгерген деп айтты.
Тұрғындардың 90 пайызы мен үшін дауыс берді. Мен барлығына да түсінікті тілмен сөйлемесем, президент боламын ба...


Назарбаев, бірінші кезекте, ұлттық арналар арқылы орыс тілді қазақтарды сынап, қазақ тілінің тағдырын мемлекеттік саясатқа артып қоя салғанша, «әуелі өздеріңнен бастаңдар, балаларыңмен қазақ тілінде сөйлесіңдер» деген кеңесін берді.

Президент тағы да өзінің сүйікті идеологиялық тезисі – «тұрақтылық және ұлтаралық келісімге» арқа сүйей отырып, қазақ тілінің енгізуді жеделдету қауіпті әрі бұл жағдай басым бөлігін этникалық қазақтар құрайтын орыс тілді азаматтардың құқығы аяққа тапталады деп мәлімдеді.

«ЖЕРДІ ШЕТЕЛГЕ САТУ ТУРАЛЫ МӘЛІМДЕМЕЛЕРДІҢ БӘРІ ӨТІРІК»

Назарбаев миллион гектар жерді Қытайға жалға беру төңірегінде қоғамда қызу талқыға ұласқан мәселеге де тоқталып өтті. Естеріңізде болса, президент осы айдың басында Астанада шетелдік инвесторлармен кездескенде қытайлар соя, рапс және жүгері егу үшін жалға жер сұрап отырандығын айтқан болатын. Осы мәлімдемеден кейін оған қарсылас ішкі саяси күштер Қазақстанға жаппай қытайланып кетудің қаупі туып тұр дегендей әңгімелер тарата бастаған-ды.

«Қытайларға жер сатылады деп өтірік өсек таратып жүргендерді жауапқа тартуды құқық қорғау органдарына тапсырамын», – деген Нұрсұлтан Назарбаев, нақты кімдер екендігін айтып жатпаса да, көпшілікке есімдері таныс саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерін осылай түйреп алды.

«Жауабым қысқа. Жер кодексінің 23-бабында жер шетел азаматына сатылмайды деп анық жазылған. Оны түсіндіру үшін тағы не айту керек?» – деп сауал тастады президент.

Тақырыптың маңыздылығын ұғынса керек, ол: «осыған қатысты барлық мәлімдемелерді өтірік деп бағалаған жөн» деп қайтара айтып өтті.

Келесі бір пікірталасқа өзек болған тақырып – белгілі қоғам қайраткерлерінің «Ұлт бірлігі доктринасына» берген теріс бағасы. Сын айтушылар Қазақстан халқы ассамблеясы дайындаған бұл жобаны жергілікті ұлттың құқығын аяққа таптайды деп бағалаған болатын.

«ҰЛТТЫҚ БІРЛІК ДОКТРИНАСЫ – КЕҢЕС БЕРУШІ ОРГАННЫҢ ЖОБАСЫ»

«Бұл бар болғаны жоба ғана, ол заң шығарушы орган емес қой: міндетті шешім қабылдамайды, бар болғаны кеңес беруші орган», – деген Нұрсұлтан Назарбаев өзі құрған қауымдастықтың шынайы бағасын осылай анықтап берді.

«Ұлттық бірлік доктринасын» талқылаудан туындаған жағдайды Назарбаев былай деп сипаттап өтті: «бұл талқылауға ұсынылған жоба, оған ешкім қол қоймай жатып-ақ айқайға басып, аштық жарияламақшы болды».
Мен дүрліктіріп отырғандардың кім екендігін білемін, – олардың өздері емес. Құлақтарына сыбырлап тұрғандарды да, оларға ақша төлеп отырғандарды да білемін...


Кеше осылайша президент қоғам қайраткерлерінің наразылық әрекеттерін «қоғамды адастыру» және «шыли өтірік» деп бағалады.

Бұл ретте ол өзінің қарсыластарына үш мәрте қайыра ескерту айтты, олардың көпшілік наразылық әрекеттері елдің Конституциясы белгілеген шектен асып кетті дей келе, «заңға сәйкес жауапқа тарту» ісі бастала қоймағанымен де, сондай шараға дайын отырған прокуратурамен қорқытты.

Бұған қоса, ұлттық телеарнаның эфирінде Назарбаев өзінің айбатты мәлімдемелері нақты кімдерге жолданғандығын жақсы білетіндігін де ескертіп өтті. «Мен дүрліктіріп отырғандардың кім екендігін білемін, – олардың өздері емес. Құлақтарына сыбырлап тұрғандарды да, оларға ақша төлеп отырғандарды да білемін», – деді президент.

Осындай ескертулерден кейін Назарбаев өзінің қарсыластарына пікірталасты қай арнаға қарай бұру керектігін де меңзеп өтіп, Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті мәжілісінде салиқалы әңгіме көтеруді ұсынды. «Ешкімді алаламай, нақты қай ережесімен келіспейтіндігін ашық айтсын. Сонда бізде тұратын басқа да ұлт өкілдері де өз ойларын ортаға салады, сөйтіп бір мәмілеге келеміз», – деді ол.

Қазақстанның ресми идеологиялық құралдарының басшыларымен кездесуінің соңында Назарбаев өзіне қатысты сыни пікірсіз де болмайтындығын байыппен түсіндірді: «Сынағандары, түртпектегендері де болды, бірақ, жалпы алғанда, өздері соны сезбей-ақ біздің Қазақстанды менімен бірге жасады».

Көлемін екі қолымен тұспалдай көрсетуіне қарағанда, Қазақстан президентінің жұмыс үстелінде күнделікті шығатын 20-40 газет жатады екен. Қазақстан президентінің ақпаратты терең меңгеруі оның баспасөздегі ең маңызды оқиғаларды өз бетімен бақылап отыратындығын аңғартқандай.
XS
SM
MD
LG