Accessibility links

Журналистер мен оппозиция Тимур Құлыбаевтың шағымын саяси қысым деп бағалайды


Астанадағы «Байтерек» монумент кешеніндегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алақанының таңбасы.
Астанадағы «Байтерек» монумент кешеніндегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алақанының таңбасы.

Тимур Құлыбаевтың талап-арызы бойынша жазаға ілінген тәуелсіз газеттер наразылықтарын айтып, қарсы арыз тапсырды. «Азат» партиясы Тимур Құлыбаевтың атына айтылған айыптауларға байланысты зерттеу жүргізуді бас прокуратурадан талап етті.

Елдегі бірқатар басылым басшылары Медеу аудандық сотының «Тимур Құлыбаевтың ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін кез-келген ақпаратты жариялауға тыйым салған» анықтамасына өз наразылықтарын білдірді. Олар осыған байланысты қарсы шағым арыз түсірген.

Бұдан өзге, «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы сәрсенбі күні өз мәлімдемесін жариялап, Тимур Құлыбаевқа тағылған айыптың зерттелуін талап етті. Ал Тимур Құлыбаев өз құқығын қорғау жөнінде Мұхтар Әблязовтың үстінен сотқа шағым түсірді.

ҚАРА ТІЗІМДЕГІЛЕР

Сәрсенбі күні Алматыда «Взгляд», «Голос Республики» және «Курсив» басылымдарының басшылары баспасөз өкілдерін жинап, апта басында өздеріне қатысты Медеу аудандық сотының шығарған анықтамасын саяси қысым деп бағалайтындықтарын мәлімдеді.

– Жеке өз басым мұны жағымсыз БАҚ-тарға жасалып жатқан саяси қысым деп бағалаймын. Өйткені, осы туралы ақпарат таратқан БАҚ-ың арасынан тек үшеуіміз жауап берудеміз, – дейді «Взгляд» басылымының бас редакторы Игорь Винявский.

Басылым басшылары өздерінің ақпарат таратуда ешқандай заң бұзушылықтың болмағандығын, оның үстіне басылымда жарияланған мақала мәтіні өзге де басылымдарда жарық көргендігін алға тартып отыр.

– Қаңтардың 15-күні zona.kz сайтында Мұхтар Әблязовтың мәлімдемесі жарияланды. Көп ұзамай ол өзге де БАҚ-ға таралып кетті. Одан кейін Азаттық радиосында Әблязовтың өзінің кеңейтілген сұқбаты жарияланды. Алайда, осы ақпаратты таратуға қатысты шағым тек 3 басылымға ғана келіп отыр. Ең қызығы, Тимур Құлыбаевтың шағым-арызында оның абыройына нұқсан келтіреді деп 8 бап көрсетілген. Аталған 8 бап Мұхтар Әблязовтың Азаттық радиосы жариялаған сұқбатынан алынған. Біз газетімізге сұқбатты қысқартып бергендіктен, олардың жартысы бізде шыққан жоқ, – дейді «Взгляд» басылымының бас редакторы Игорь Винявский.

«Голос Республики» газетінің бас редакторы Татьяна Трубачева бұл даулы істің астарында елдегі тәуелсіз баспасөзді тұншықтыру мақсаты жатыр деген пікір білдірді.

– Бұл қаралы тізімге «Взгляд» пен «Голос Республики» басылымдарының не үшін енгендігі туралы тек болжамдар ғана бар. Меніңше, үкіметтің іс-әрекетін бізден белсенді сынайтын басылым жоқ болуы мүмкін. Одан өзге, Құлыбаев-Мәсімов тобының да әр қадамын үнемі бақылап отырамыз. Сондықтан, бұл арыз – біздің аузымызды жабатын жақсы сылтау болды деп түсінемін, – дейді Татьяна Трубачева.

Басылым өкілдері Алматының Медеу аудандық сотының судьясы Дана Махметованың шығарған анықтамасын кері қайтару туралы арыз тапсырғандарын айтты.

ОППОЗИЦИЯНЫҢ БАС ПРОКУРАТУРАҒА МӘЛІМДЕМЕСІ

«Азат» партиясының басшылары осы жайтқа байланысты сәрсенбі күні өз мәлімдемесін жариялап, Қазақстанның бас прокуратурасынан Тимур Құлыбаевтың атына айтылған айыптауларға байланысты зерттеу жүргізуді талап етті.

– Құлыбаев өзі таза болса, ең алдымен сол ақпаратты жариялаған БАҚ-ға емес, соны таратқан азаматқа шағым түсіруі керек еді. Құқық органдарына барып, өзінің бұл іске қатысы жоқ екендігін дәлелдеуі керек еді. Себебі, Әблязов оны аса ауыр қылмысқа қатысы бар деп отыр ғой, – дейді партияның теңтөрағасы Жармахан Тұяқбай.

«Азат» партиясының жетекшілері бұл істі бас прокуратура өз қарауына алып, мұқият зерттеу жүргізіп, оның нәтижесін көпшілікке жеткізу керек деп санайды.

МҰХТАР ӘБЛЯЗОВТЫҢ ҮСТІНЕН ШАҒЫМ

Ақпанның 3-күні, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай, Қазақстанның KazEnergy қауымдастығы басқармаларының төрағасы Тимур Құлыбаев «БТА Банктің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың үстінен өз құқығын қорғау жөнінде сотқа шағым түсіргендігін мәлімдеді.

«Қылмыстық-процессуалдық заңнамаға сәйкес, БАҚ-тағы хабарламалар қылмыстық қудалау органдары үшін тексерулер жүргізуге негіз болып табылады. Алайда, Құлыбаев мырза сотқа өз құқығын қорғау жөнінде және Әблязовтың жекелеген БАҚ-тар арқылы таратып жүрген, өзінің ар-ұжданы мен беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді жоққа шығару жөнінде шағым түсірді», – деді Мұрат Жұманбай.

Сондай-ақ ол, Қаржы полициясы органдары түпкілікті шешімді Алматыдағы сот процесінің қорытындысы бойынша ғана қабылдайтынын айтты.

Алматы қаласы Медеу аудандық соты 1-ақпанда БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовқа және кейбір БАҚ-тарға қатысты Тимур Құлыбаевтың талап-арызы бойынша азаматтық істі қарап, «Республика», «Голос Республики», «Взгляд» және «Курсив» газеттеріндегі «Әблязов таратқан, қытайлық CNPC яғни, қытайдың ұлттық мұнай компаниясынан пара алу түрінде қылмыстарды жасады делінген» жарияланымдарды «шындыққа сәйкес келмейді» деп таныды.

Сот жоғарыда айтылған газеттерді, Тимур Құлыбаев туралы материалдарды «оның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін деректер» деп жария түрде жоққа шығаруға міндеттеді.
XS
SM
MD
LG