Accessibility links

Мұнайшыларды қолдаған Жаңаөзен тұрғындары орталық алаңға жиналды


Бүгін таңертеңгі сағат 10-да Жаңаөзен қаласындағы Тәуелсіздік алаңына осы қалада бірнеше күннен бері ереуілдеп жатқан мұнайшыларға қолдау білдірген ондаған қала тұрғыны жиналды. Олардың арасында студент жастар, жұмыссыздар, зейнеткерлер мен балалар үйінің түлектері бар деп хабарлады Азаттық радиосына сол жерден Мұса Әбілов есімді жұмыссыз адам.

Жиналған жұрт мұнайшылардың талаптарын жедел түрде орындауды, Жаңаөзеннің әлеуметтік жағдайын жақсартуды, жұмыспен қамтуды және «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының акциялары жайлы нақы мәлімет жариялауды сұрап отыр. Өз талаптарының ресми түрде орындалуына кепілдік ретінде олар жаңадан құрылған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың Жаңөзенге келіп, халықпен жүздесуін талап етуде.

Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласындағы автобекетте наурыздың 4-нен басталған мұнайшылардың ереуілі жалғасып жатыр.
XS
SM
MD
LG