Accessibility links

Үш ғасырдың куәсі Ұлбала Ақбайқызы: 112 жас деген қас-қағым сәттей көрінеді екен


Шарапхана ауылының 112 жастағы ең қарт тұрғыны Ұлбала Ақбайқызы. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы. 20 наурыз 2010 жыл.
Шарапхана ауылының 112 жастағы ең қарт тұрғыны Ұлбала Ақбайқызы. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы. 20 наурыз 2010 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысының ең қарт тұрғыны Ұлбала Ақбайқызы биылғы желтоқсанда 113 жасқа толады. Ұлбала әжейдің балаларының алды 80-ге келген. Жалпы Қазығұрт ауданында бір ғасырдан астам ғұмыр кешіп отырған аналардың саны 17-ге жеткен.


ӨЗІ ЖҮЗДЕН БІР МҮШЕЛ АССА, СІҢЛІСІ ЖҮЗДІ АЛҚЫМДАП ОТЫР

Үш ғасырдың куәгері болған сүйегі асыл кейуананың төлқұжатындағы деректерге қарағанда 1897 жылы дүниеге келіпті.

Үлкен шаңырақтың берекесі мен ұйытқысы болып отырған Ұлбала әжей ашаршылық пен cоғыс кезін жиі еске алады. Ол кезде аттың тұяғы жеткен жерден тұнық суды ішіп, өлместің күнін көрдік дейді әжей. Ал соғыстан оралмаған жарының орнын жоқтатпай, комбайн мен трактор айдап бір ұл, бір қызын өсірген.

– Ашаршылықты көрдік. Соғысты көрдік. Ол күндерді Құдай ешкімге көрсетпесін, – деді Ұлбала әжей өткен өмірін еске алып.

Анасы Ажар да ұзақ жасап, 100-ден асып дүние салған екен. Ал өзімен бірге туған сіңлісі қазір 96-ға келіп, күйлі-қуатты күн кешіп жатыр.
Ұлбала Ақбайқызының жеке куәлігі. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы. 20 наурыз 2010 жыл.


Ұлбала әжейдің тұңғыш ұлы бүгнде 80 жаста. Қызы 55-те. Әжей 30 немере, 18 шөбересі мен 2 шөпшектің ортасында шалқып отырғанын айтады. Тек әлі күнге шейін соғыстан қайтпай, хабарсыз кеткен жан жарын еске алғанда көзіне жас алмай тұра алмайды.

– Қожайын соғыстан оралмады ғой, келмей қалды. Кейін қара хат келді. Комбайн айдадық, трактор айдадық. Орақ ордық, бидай тердік қолменен. Ол кезде елде кілең жас қыз-келіншек қана қалды. Ерлердің бәрі кетіп қалды ғой соғысқа. Бәрі еңбектің арқасында ғой. Қол қусырып отырмағанбыз ешқашан, – деп еске алады Ұлбала әжей.

ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ СЫРЫ

Ұлбала әже жылда Наурыз мейрамын асыға күтеді. Өйткені Наурыздың басты дәмі- наурыз көженің әзірленуін әжейдің өзі қадағалайтын ежелгі дағдысы. Бұл күні бүкіл ауыл болып келіп қарияның батасын алатын да бұлжымас дәстүр бар. Биыл да дәл солай болды, Ұлбала
112 жастағы Ұлбала әжей әлі де өз қолымен іс тігеді. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы. 20 наурыз 2010 жыл.
әже бата сұрап келген жастарға ұлағатты әңгіме айтып, өзінің ұзақ өмір сүруінің кейбір қыр-сырымен де бөлісті.

– 114 жылдың өзі адам баласы үшін қас-қағым сәт секілді. Ұзақ жасаудың басты сыры – еңбекте, үлкенге ізет көрсетіп, салауатты өмір сүруде жатыр. Әруақ бар деп төрге шықпаушы едік. Үлкендерді сыйлағаннан осылай ұзақ өмір сүріп кеттік пе, кім біледі? – деп кейуана өткен өмірін көз алдына елестетіп өтті.

Әжей шайдың орнына қара суды ішкенді жөн көреді екен. Ал қазақтың қымызы мен шұбаты 112 жасқа келген кейуананың күнделікті тағамы.

– Айран ішем, қымыз ішем, сүт ішем. Жас кезде көп бейнет көрдік. Жастарға айтарым – арақты ауыздарыңа алмаңдар. Арағы құрысын. Тек еңбекпен көгеріңдер. Қазіргі заман жақсы ғой. Бәрі бар. Бірақ қартайып қалдық қой енді, – дейді Ұлбала Ақбайқызы.

ӘЛІ КҮНГЕ АЙНАҒА ҚАРАП АЖАРЫН ТҮЗЕЙДІ

Осынау жасқа келгеніне қарамастан Ұлбала әже тың көрінеді. Қимылы да ширақ. Бойында үлгі тұтарлық көп қасиеттері сақталып қалған.

Ара-тұра айнаға қарап, ажарын түзеу де әжейдің жаңылмаған әдеті. Әдемі киініп, бойын таза ұстағанды жөн санайды. Кейде өз қолымен тіккен кестелі орамалдарын сандықтың түбінен алып шығып түзеп қояды.

– Анам аман болсын деп тілеп отырам Алладан. Анасы бар адам әрқашан да бала ғой. Анам өзі жүріп-тұрады. Бойын таза ұстағанды
112 жастағы Ұлбала Ақбайқызы ұрпағының ортасында. Шарапхана ауылы, Қазығұрт ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 20 наурыз 2010 жыл.
ұнатады. Әлі күнге жастығының астына айнасын алып жатады. Айнаға көп қарайды. Жас келген сайын адам бала сияқты болады екен ғой, – дейді қызы Қымбат Құдайбергенова.

Ұлбала әжей мектепке бармағандықтан әріп танымайды. Әкесі бақуатты бай болған екен.

– Әкем бай болды. Не ішем, не жеймін дегенді білмей өстік қой. Жайылымда жүрген жылқының санын да білмейтін еді ешкім. Жеті баланың ішінде әкем мені ерекше еркелететін еді, – дейді 112 жастан жастан асқан Ұлбала әжей.

ҚАЗЫҒҰРТТА ҚАЗЫНА ҚАРИЯ КӨП

Ресми мекемелердің мәліметі бойынша, Қазығұрт ауданында қазірде жүз жастан асқан 17 қария бар. Олардың барлығы әйел-аналар. Жергілікті билік басшыларының айтуынша, бұл облыс бойынша ең үлкен көрсеткіш. Оның сыры – таудың таза ауасы мен қарт Қазығұрт тауының қасиетінде дейді тұрғындар.

– Аудан бойынша 17 апамыз бар. Олар біздің байлығымыз, теберігіміз. Бүкіл облыс бойынша мұндай көрсеткіш еш жерде жоқ. «Қазығұрттың төбесінде Нұһ пайдамбардың кемесі қалған» деген аңыз бар ғой. Мүмкін ол да бір себеп шығар. Таулы аудан болған соң, біз жақтың ауасы да таза ғой, – дейді Қазығұрт ауданы, Шарапхана ауылы әкімінің іс басқарушысы Әлия Орынбаева.
XS
SM
MD
LG