Accessibility links

Гуревичтің ұсталғанын ресми Астана растамады


Бейсенбі күні Қырғызстанның уақытша үкіметі төрағасының орынбасары Өмірбек Текебаев биліктен қуылған президент Құрманбек Бакиев отбасының кеңесшісі болған белгілі қаржыгер, АҚШ азаматы Евгений Гуревичтің Қазақстанда тұтқындалғанын растады. Уақытша үкіметтің мүшесі Әзімбек Бекназаровтың мәлімдеуінше, оны тұтқындауға санкция беріліп те қойды.

Алайда бейсенбі күні Қазақстан прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков Гуревичтің ұсталғанын растай алмайтынын мәлімдеді. Бірақ қырғыз үкіметінен оны ұстап беру туралы өтініш келіп түскенін хабарлады.

Қырғызстан Бас прокуратурасы баспасөз-қызметінің мәліметі бойынша, Гуревич Қырғызстандағы заңсыз қаржы операцияларына қатысты және Ресейдің Қырғызстанға берген несиесінің 226 миллион доллар бөлігін алды деп айыпталды. Бір дерек бойынша, ол ақшаны Гуревич «Қырғызстанның даму қорының» бұрынғы басшысы әрі биліктен қуылған президенттің ұлы Максим Бакиевтен алғанға ұқсайды.

XS
SM
MD
LG