Accessibility links

Каримов қызын тақ төңірегінен аластады


Гүлнара Каримова Ташкентте әнші Стингпен бірге сәндік киімдерді тамашалап отыр
Гүлнара Каримова Ташкентте әнші Стингпен бірге сәндік киімдерді тамашалап отыр

Өзбекстандағы «Зеромакс» алпауыт швейцар-өзбек мұнай-газ компаниясының басына қара бұлт үйірілді. Өзбек ресми өкілдері бұдан былай елдегі мұнай-газ саласына премьер-министр Шавкат Мирзяев бақылау жасайды дегенді де жария етті.



Бір қарағанда қатардағы бизнес жаңалығы болып көрінгенімен, бұл ақпарат Каримовтың билік тізгінін өз әулетінің өкіліне қалдыру райынан қайтқанын аңғартса керек. Себебі, өзбек президентінің тұңғыш қызы – Гүлнара Каримова басына бұлт үйірілген «Зеромакс» компаниясы қожайындарының бірі саналады.

"ЗЕРОМАКСТЫҢ" АҚЫРЫ

Жиырма жылдан бері ел тізгінін ұстап келе жатқан Ислам Каримов биыл 72 жасқа толды. Президенттің жасы ұлғайған сайын оның орнын иеленеді-ау деген тұлғалар арасында премьер-министр Шавкат Мирзяев пен Гүлнара Каримова жиі аталады. Кезінде Жызақ
облысын басқарып, 2003 жылдан бері үкіметке жетекшілік етіп келе жатқан Мирзяев жақында Мәскеудегі үлкен жиында Өзбекстанның атынан өкілдік етті. Дәл осы кезеңде «Зеромакстың» елден аласталуымен қабат Каримова ханымның өз адамдары да ықпалын жоғалтып, елден кете бастады.

Жыл басында президент Каримов «Өзбекстанда олигархтар болған емес» дей келе, осы сөзінің растығына көз жеткізу мақсатында Шавкат Мирзяевқа билікке жақын компанияларға тексеріс жүргізуді тапсырған. Бұл тексерудің бір ұшы «Зеромаксқа» келіп тірелді.
2001 жылы құрылған сәттен бастап швейцариялық «Зеромакс» компаниясы Өзбекстанда көл-көсір табысқа кенелді. Ол елдегі мұнай мен газды барлау және өңдеу ісіне қатысты құрылыс жобаларының 80 пайызына қожалық етті, әрі осы салаға инвестиция салған жалғыз шетелдік компанияға айналды.

ПОСТ-СОВЕТТІК ХАН ҚЫЗЫ

Сонымен қатар компанияның құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында да үлесі бар. «Зеромакстың» құрылтайшылары туралы ақпарат мардымсыз, дегенмен оның аты әрдайым Гүлнара Каримовамен қатар аталады. Гүлнара ханымның бұрынғы күйеуі Махмұд Мақсуди ажырасу кезінде балаларға қатысты туған дау-дамай үстінде Каримованың «Зеромакс»
Өзбек президентінің қызы Гүлнара Каримова
қожайындарының бірі екенін, содан түскен бір миллион доллар қаржыны Латвиядағы бір банкте сақтап отырғанын жайып салған. Осы айдың басында испандық «Эль-Паис» басылымы Гүлнара ханым туралы мақала жариялап, оны «Өзбекстандағы «Зеромакс» конгломератының қожасы» деп атаған.

Өзбек ханшайымы өзінің бұл компанияға еш қатысы жоқ екенін айтып, ант-су ішкенімен, оның сөзіне күмән келтіретін жайттар көп болып тұр. Айталық, испаниялық «Билан» журналы өткен жылы желтоқсанда Гүлнараны Швейцариядағы ең ауқатты 300 адамның тізіміне қосты. Басылымның болжауына сенсек, Швейцарияда оның 570-655 миллион АҚШ долларына бағаланған мал-мүлкі бар. Мақалада Гүлнара ханымның бұл байлықты қалай жиғаны жайлы ештеңе айтылмаған. Кездейсоқтық па, әйтеуір, осы ақпарат шыға салысымен көп ұзамай Каримова Женевадағы жылы орнын ауыстырып, Мадридке қоныс аударды. Өзбекстанның БҰҰ жанындағы өкілдігін басқарып келген ол Испаниядағы елші қызметіне ауысты.

ХАНШАНЫҢ ЕҢ ЖАҚЫН ЖАНДАЙШАБЫ

Үкімет «Зеромаксқа» қатысты қатаң мәлімдеме жасардың алдында қаржы полициясының өкілдері оның басшысы Мирадил Жалаловты компанияға қатысты қылымыстық іс бойынша «куәгер» ретінде тергеуге алған. «Зеромаксқа» қарайтын құрылыс компаниясының аты-жөнін атамауды өтінген бір қызметкері Жалаловтың сәуірде шұғыл түрде Испанияға ұшып кеткенін айтты. «Оның Испанияға неге кеткенін білмеймін. Испанияда елші қызметін атқаратын президенттің қызымен кездесуге кетті деп естідім», – деді «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында «Зеромакс» қызметкері. Оның айтуынша, Жалалов Испанияға футбол ойынын тамашалау үшін аттанған болуы да мүмкін. Ол – футбол десе ішкен асын жерге қоятын қызуқанды жанкүйер, әрі Өзбекстандағы ірі футбол командасының қожайыны. Дегенмен, Жалаловтың ең басты ерекшелігі – ол Каримова ханымның «сұр кардиналдарының» бірі саналады. Ақпарат құралдары кейде
оған «Каримованың қуыршағы» деп те айдар тағып жатады.
"Зеромакстың" бұрынғы басшысы Мирадил Жалалов

Мамыр айының басында Ташкент қаласының экономикалық соты «Зеромакстың» әрекетін тоқтатып, оның Өзбекстандағы мүліктерін тұтқынға алу жөнінде үкім шығарды. Содан бері «Азаттық» радиосының тілшілері «Зеромакстың» бірде-бір өкілімен байланысқа шыға алмай келеді. Компанияның атын атамауды өтінген бір қызметкері «Азаттықтың» өзбек қызметі тілшісімен сұхбатында «Зеромакстың» жабылғанын мойындады. «Мамырдың 7-сіндегі мәлімет бойынша («Зеромакстың» банктегі) барлық есеп-шоттары тұтқындалған. Есеп-шоттар тұтқыннан босатылады деп үміттенеміз, олай болмаған жағдайда, біз жұмысты мүлде тоқтатуға мәжбүр боламыз», – деді ол.

«Зеромакстың» еншілес кәсіпорны қызметкерінің айтуынша, тіпті президенттің үлкен қызының қалауы бойынша басталған жобаларға да тықыр таянған: «Осы күні құрылыс алаңдарының бәрі жабық тұр. Ташкенттегі «Алайский базардың» түбінде бірер құрылыс салынып жатыр еді, солардың барлығы жабылды. Құрылыс материалдарының түгел дерлік кәмпескеленіп, (құрылыс алаңына кіретін) дарбазалардың барлығы мөрленіп бекітілді. Гүлнара Каримованың өзіне арнап жеке ғимарат салынып жатыр еді, онда да жұмыс тоқтады».

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ "КӘРІ ҚАСҚЫРЛАРЫ"

ТМД кеңістігіндегі тек екі ел – Қазақстан мен Өзбекстанда билік бірде-бір рет ауысқан жоқ. Ішкі-сыртқы саяси ұстанымдарының әркелкілігіне қарамастан, Назарбаев пен Каримов билік бөлінісі, мемлекеттік басқару және саяси құрылым мәселелерінде қатарлас әрекет етті. Екі елде де президенттің өкілеттілік мерзімі референдум арқылы ұзартылып отырды, екі ел де басшысына шексіз өкілеттілік беретін конституция қабылдады.
Өзбек президенті Ислам Каримов

Әзірбайжанда билік әкеден балаға ауысқанда, бауырлас өзбек пен қазақ та осы соқпақты таңдауы мүмкін деген нық болжамдар айтыла бастады. Сол тұста екі елде де президенттердің қыздарынан басқа таққа жақын тұрған ешкім жоқтай көрінген.

Алайда, күйеубаласы Рахат Әлиевтің ашық текетіреске шығып, шетелге қашуы «бірінші ханшайымды» тақтың маңайынан аулаққа ысырып тастады, онымен қоймай Дариға Назарбаева тіпті саяси сахнадан да көрінбей кетті. Сөйтіп, Қазақстанда тақтың әкеден балаға ауысу ықтималдығы жоққа тән болып қалды.

Ал Өзбекстандағы швейцариялық «Зеромакс» компаниясының басына үйірілген бұлт бірінші ханшайым Гүлнара Каримованың да асқақ арманына тұсау салатын сияқты. Президент Ислам Каримов тақтан үміткер премьер Мирзяевқа кең тізгін беріп қана қойса бір сәрі. ТМД мен әлемнің марқасқалары жиналған Жеңістің 65 жылдық мерейтойына байланысты Мәскеу салтанатына ол өзі бармай, осы Мирзяевті жіберді. Тәжірибелі Каримовтың саяси тәсілдері бұл жолы да Назарбаевтың комбинацияларымен үндесіп жатқан сияқты.
XS
SM
MD
LG